25 тамыздан бастап кейбір жүргізушілер көлік жүргізу құқынан айырылуы мүмкін

25 тамыздан бастап кейбір жүргізушілер көлік жүргізу құқынан айырылуы мүмкін

Айзат Айдарқызы
Фото: El.kz

Елімізде 25 тамыздан бастап «Жол жүрісі туралы» Заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі (ІІМ) өзгерістерге түсініктеме беріп, жүргізушілерге маңызды үндеу жасады, деп хабарлайды  El.kz порталы Zakon.kz  сайтына сілтеме жасап.

Енді 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер әр екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтуге міндетті. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова мәлімдеді.

Міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері арасында автоматты түрде алмасады. Егер мемлекеттік ақпараттық жүйеде жүргізушінің медициналық тексеруден өткені және көлік құралын басқаруға қарсы көрсетілімдерінің жоқтығы туралы растау болмаса, оның көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады, – деді ол.

Спикер бұл талап тек 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтарға ғана қатысты екенін атап өтті.

ЖҚЕ бойынша қайта емтихан тапсыру

Заңдағы келесі өзгеріс жол қозғалысы ережелері бойынша білімді қайта тексеруге қатысты.

Заңда көзделген жағдайларда жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілер теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберілуі мүмкін. Олардың қатарында, мысалы, жол қиылысынан өту кезінде апатты жағдай туғызу, белгіленген жылдамдықты жүйелі түрде асыру, маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу қағидаларын қауіпті түрде бұзу, қозғалысқа кедергі келтіретін немесе қауіп төндіретін тоқтау және тұраққа қою ережелерін бұзу және басқа да өрескел құқық бұзушылықтар бар, – деді Ақтоты Боранова.

Оның айтуынша, бұл талап барлық жүргізушілерге емес, тек заңда нақты көрсетілген жағдайларда ғана қолданылады.

Егер жүргізуші дәлелді себепсіз тиісті қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде теориялық емтиханға келмесе, бұл да көлік құралын басқару құқығын тоқтатуға негіз болады, – деді ол.

Мас күйінде көлік жүргізгендерге жаза күшейеді

Сонымен қатар, мас күйінде немесе есірткілік, уытқұмарлық масаң күйде көлік басқарғандар үшін жауапкершілік күшейтілді.

Енді қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылған күннің өзінде де, жүргізуші 8 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Ал жүргізуші куәлігі жоқ азаматтар 8 жыл бойы жүргізуші куәлігін ала алмайды, – деді Ақтоты Боранова.

ІІМ мәліметінше, енгізілген барлық өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған.

Барлық азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға, ал бұл талаптарға қатысы бар жүргізушілерді міндетті медициналық тексеруден уақытылы өтуге шақырамыз, – деп қорытындылады Ақтоты Боранова.

Оқи отырыңыз

{