23 қыркүйектен бастап жаңа ереже: 2-4 сынып оқушылары қалай бағаланады?

23 қыркүйектен бастап жаңа ереже: 2-4 сынып оқушылары қалай бағаланады?

Амангүл Тілейқызы
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстан мектептерінде 23 қыркүйектен бастап 2-4 сынып оқушылары үшін алғашқы аралық бағалау кезеңі басталады. Жаңа тәсіл 2026-2027 оқу жылынан бастап енгізіліп, бастауыш сынып оқушыларының білімін бағалау тәртібіне бірқатар өзгеріс әкелді. Енді қалыптастырушы бағалаумен қатар аралық бағалау да қолданылады. Ал оқушының жазуы көркем емес болғаны үшін, егер каллиграфия оқу мақсатына кірмесе, балл төмендетілмейді.

Аралық бағалау қашан өтеді?

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, алғашқы аралық бағалау 23-30 қыркүйек аралығында ұйымдастырылады. Ол оқу бағдарламасындағы белгілі бір бөлімдер аяқталғаннан кейін оқушының материалды қаншалықты меңгергенін анықтауға бағытталған.

Жалпы, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2-4-сыныптарда бағалаудың жаңартылған тәртібі қолданыла бастады. Критериалды бағалау жүйесі сақталғанымен, қалыптастырушы бағалаудың рөлі күшейтіліп, бөлімдерді меңгеру нәтижесін анықтау үшін аралық бағалау енгізілді.

Бағалау жұмысының түрі пәнге қарай ерекшеленеді:

Жазбаша жұмыстар аралық бағалаудың негізгі формаларының бірі ретінде енгізілген. Министрлік бұған дейін жаңа тәртіп бойынша тоқсан соңында бұрынғыдай жеке тоқсандық жиынтық бағалау жұмысы өткізілмейтінін хабарлаған.

Оқушылар қанша балл жинай алады?

Аралық бағалау жұмысына 40 минут беріледі. Ең жоғары балл сыныпқа байланысты белгіленген: 2-сыныпта – 12 балл, 3-сыныпта – 14 балл, 4-сыныпта – 16 балл.

Қалыптастырушы бағалау тоқсан бойы жалғаса береді. Ол бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі.

Жаңа жүйеде тоқсандық бағаның қалай шығарылатыны да нақтыланған. Оның 50 пайызы қалыптастырушы бағалаудан, қалған 50 пайызы аралық бағалау нәтижесінен құралады. Қорытынды баға мектептің LMS жүйесінде бірыңғай формула бойынша автоматты түрде есептеледі.\

Фото: El.kz архиві

Көркем жазбағаны үшін балл төмендемейді

Ата-аналар мен оқушылар үшін маңызды өзгерістің бірі – жазу мәнеріне қатысты талап. Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, егер каллиграфия нақты оқу мақсаты ретінде қарастырылмаса, оқушының қолтаңбасы балды төмендетуге негіз болмайды.

Яғни мұғалім жұмыстың сыртқы көрінісіне емес, тапсырманың дұрыс орындалуына және баланың оқу мақсатын қаншалықты меңгергеніне сүйенеді.

Бірінші сынып оқушыларына баға қойылмайды

Жаңартылған тәртіп 2-4 сыныптарға қатысты. 1-сыныпта бұрынғыдай балдық бағалау жүргізілмейді. Министрліктің түсіндіруінше, жаңа тәсілдің мақсаты – тек баға қою емес, оқушының материалды қаншалықты меңгергенін анықтау, оның ілгерілеуін бақылау және қосымша жұмыс қажет бағыттарды дер кезінде белгілеу.

Сонымен қатар биыл бастауыш сыныптардағы бұрынғы бағалау тәртібі өзгерді. Ресми мәлімет бойынша, 2-4-сыныптарда бөлім бойынша және тоқсандық жиынтық бағалаудың орнына аралық бағалау жүйесі қолданылып отыр.

Осылайша, 23 қыркүйектен басталатын алғашқы аралық бағалау жаңа жүйенің іс жүзіндегі алғашқы кезеңдерінің бірі болмақ. Негізгі басымдық оқушының жаттап алған білімін ғана емес, мәтінді түсіну, ойын жеткізу, есептің шешу жолын таңдау және жауабын негіздеу секілді дағдыларын анықтауға беріледі.

Оқи отырыңыз

{