21 мың теңге аз: депутат түнгі тыныштықты бұзғандарға жазаны күшейтуді ұсынды

21 мың теңге аз: депутат түнгі тыныштықты бұзғандарға жазаны күшейтуді ұсынды

Диана Орынбасар
Фото: AI көмегімен жасалды

Қала көшелеріндегі түнгі шу мен рұқсат етілмеген автожарыстар мәселесі Құрылтайдың жалпы отырысында көтерілді. «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Кендебай Адамбек ішкі істер министрі Ержан Сәденовке депутаттық сауал жолдап, мұндай құқық бұзушылықтарды анықтаудың жаңа тәсілдерін енгізуді ұсынды.

Депутаттың айтуынша, тұрғындар түнгі уақытта мотоциклдер мен тюнинг жасалған автокөліктерден шығатын қатты шуға жиі шағымданады. Кей жүргізушілер қала көшелерінде рұқсат етілмеген жарыс ұйымдастырып, жылдамдықты асырады және пиротехника қолданады.

Бұл мәселе жол қозғалысы ережесін бұзу шеңберінен шығып, қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мәселеге айналды. Сонымен қатар азаматтардың тынығуына, түнгі тыныштығына теріс әсер келтіреді, – деді депутат.

Фото: Видеодан скриншот

Оның сөзінше, мұндай құқық бұзушылықтар көп жағдайда тұрғындар шағымданғаннан кейін ғана анықталады. Сондықтан депутат шу деңгейінің шамадан тыс көтерілуін автоматты түрде тіркейтін технологияларды пайдалануды ұсынды.

Акустикалық камералар орнату ұсынылды

Депутат арнайы акустикалық құрылғылар мен шу өлшегіштерді фото және бейнетіркеу жүйелерімен біріктіретін пилоттық жобаны іске қосуды ұсынды. Мұндай жүйе белгіленген деңгейден жоғары шу шығарған көлікті автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.

Мәселені шешудің бір жолы – шу деңгейінің шамадан тыс көтерілуін автоматты түрде тіркейтін акустикалық жүйе орнату, – деді Кендебай Адамбек.

Депутаттың мәліметінше, АҚШ-та автоматты акустикалық камералар қолданылса, Германия мен Францияда түнгі рейдтер жүргізіліп, арнайы жылжымалы зертханалар пайдаланылады.

Фото: AI көмегімен жасалды

21 мың теңге айыппұл жеткіліксіз болуы мүмкін

Депутат қолданыстағы жауапкершіліктің тиімділігін де қайта қарауды ұсынды. Оның айтуынша, қазір түнгі тыныштықты бұзғаны үшін 5 АЕК, яғни 21 625 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.

Мұндай жаза құқық бұзушылықты тоқтатуға жеткілікті әсер етпеуі мүмкін, – деді ол.

Осыған байланысты депутаттар Ішкі істер министрлігіне бірнеше ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, түнгі заңсыз жарыстардың жолын кесу үшін патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардан тұрақты бірлескен экипаждар құру ұсынылды. Сонымен қатар көліктің шығару жүйесіне және басқа да техникалық бөліктеріне заңсыз өзгеріс енгізілген жағдайда, ақау толық жойылғанға дейін көлікті арнайы тұраққа қою мәселесін қарастыру ұсынылды.

Бұдан бөлек, түнгі тыныштықты бұзғаны үшін белгіленген жазаны қайта қарау және жолдағы мұндай әрекеттерді ұсақ бұзақылық ретінде саралаудың нақты тәртібін әзірлеу қажеттігі айтылды.

Оқи отырыңыз

{