2027 жылы зейнетақы күрт өседі: қазақстандықтар қанша алады?

2027 жылы зейнетақы күрт өседі: қазақстандықтар қанша алады?

Асқар Таудай
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зейнетақы төлемдерінің мөлшері өседі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдағы өзгерістер туралы мәлімет берді.

2027 жылы зейнетақы қалай өзгереді?

Министрліктің мәліметінше, Қазақстандағы зейнетақы үш бөліктен тұрады: базалық, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы. Төлем мөлшері азаматтың еңбек өтіліне, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңіне және жинақ көлеміне байланысты.

Ведомствоның мәліметінше, ең төменгі күнкөріс деңгейі жыл сайын өскен сайын базалық зейнетақы мөлшері де ұлғаяды. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемдері жыл сайын 5 пайызға индекстеледі.

2026 жылы Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңге болса, 2027 жылы оны 55 173 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін тағайындалатын зейнетақы төлемдерін 8,5 пайызға арттыру жоспарланған. Бұл өсім барлық зейнеткерге ортақ тәртіппен қолданылады.

Ең төменгі зейнетақы – 113 541 теңге

2027 жылдан бастап ең төменгі базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең болады. Ал ең жоғары базалық зейнетақы мөлшерін күнкөріс деңгейінің 118 пайызынан 120 пайызына дейін көтеру көзделген.

Осылайша, ең төменгі жиынтық зейнетақы 113 541 теңгені құрайды. Оның ішінде:

Ал ең жоғары жиынтық зейнетақы 259 795 теңге болады деп жоспарланып отыр. Оның:

2027 жылға арналған зейнетақы төлемдеріне қажетті қаражат 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында қарастырылған.

Базалық зейнетақы қалай есептеледі?

Қазақстанда 2023 жылдан бастап базалық зейнетақы мөлшерін бес жыл ішінде кезең-кезеңімен арттыру жүргізіліп келеді.

Осы кезеңде ең төменгі базалық зейнетақыны күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан 70 пайызына, ал ең жоғары мөлшерін 100 пайыздан 120 пайызға дейін көтеру көзделген.

1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі жоқ және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспаған азаматтар үшін 2027 жылы мемлекеттік базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең болып, 38 622 теңгені құрайды.

2027 жылы жаңа зейнетақы жарналары енгізіле ме?

2027 жылы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары қолданыстағы заңнамаға сәйкес төлене береді.

Министрлік мәліметінше, 2027 жылы зейнетақы жарналарының жаңа түрлерін енгізу жоспарланбаған.

Зейнетақы жинағын баспана мен емделуге пайдалануға болады

Жұмыс істейтін қазақстандықтар БЖЗҚ-дағы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге бұрынғыдай пайдалана алады.

Ол үшін азаматтың зейнетақы шотындағы қаражат белгіленген ең төменгі жеткіліктілік шегінен жоғары болуы керек.

Ең төменгі жеткіліктілік шегі – азаматтың болашақта белгіленген ең төменгі деңгейден кем емес зейнетақы алуын қамтамасыз ету үшін оның шотында қалуға тиіс ең аз сома.

Бұл көрсеткіш әлеуметтік-экономикалық параметрлерді, соның ішінде ең төменгі зейнетақыны, ең төменгі жалақыны, күнкөріс деңгейін, инфляцияны және инвестициялық кірістілікті ескере отырып есептеледі.

Үкімет қаулысына сәйкес, жеткіліктілік шегі әлеуметтік көрсеткіштердің индексациясына байланысты жыл сайын қайта қаралады.

БЖЗҚ-дан ең төменгі төлем қанша болады?

Жинақтаушы зейнетақы алуға зейнетақы қорында жинағы бар азаматтар құқылы. Төлемнің нақты көлемі міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражатқа байланысты.

2027 жылы БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақының ең төменгі мөлшері 40 063 теңге болады деп көрсетілген.

Ал жинақтаушы зейнетақы төлемінің ең жоғары мөлшеріне шектеу қойылмайды. Ол әр азаматтың БЖЗҚ-дағы жинағының көлеміне қарай жеке есептеледі.

Айта кетейік, Қазақстанда зейнетақы жүйесін кезең-кезеңімен жаңарту жалғасып жатыр. Өзгерістер базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшеріне ғана емес, азаматтардың жинақтарын пайдалану тәртібіне де қатысты.

Оқи отырыңыз

{