2027 жылдан бастап әкелер декретке шыға алмай ма?

2027 жылдан бастап әкелер декретке шыға алмай ма?

Айзат Айдарқызы
Фото: коллаж AI / El.kz

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алуға қатысты ережелер өзгереді. Енді бұл төлемді, жалпы тәртіп бойынша, баланың анасы алады. Алайда бұл өзгеріс әкелердің бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шығу құқығы жойылады дегенді білдіре ме? Заңнамадағы өзгерістерге тоқталайық.

Әкелер бала күтімі демалысына қашаннан бері шыға алады?

Қазақстанда баланың күтіміне байланысты демалыс тек аналарға ғана берілмейді. ҚР Еңбек кодексінің 100-бабына сәйкес, ата-ананың таңдауы бойынша мұндай демалысты баланың анасы да, әкесі де пайдалана алады.

Заңға сәйкес, жұмыс беруші қызметкерге бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті. Ол үшін жұмыскер жазбаша өтініш тапсырып, баланың туу туралы куәлігін немесе туу фактісін растайтын басқа құжатты ұсынуы керек. Демалысты толықтай немесе бөліп пайдалануға болады. Осы кезеңде қызметкердің жұмыс орны мен лауазымы сақталады.

Бұл құқық  2020 жылғы 4 мамырдағы №321-VI заңмен Еңбек кодексіне өзгерістер енгізілген. Ал қазіргі қолданыстағы 100-бапта әкенің бала күтімі демалысына шығу құқығы нақты көрсетілген. Демек, әкелердің мұндай демалысқа шығуы Қазақстан үшін жаңа тәжірибе емес.

2027 жылдан бастап не өзгереді?

Мәселенің мәні еңбек демалысының өзінде емес, бала күтіміне байланысты төленетін әлеуметтік төлемде болып отыр. 2026 жылғы 11 маусымда қабылданған №306-VIII заңға сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Әлеуметтік кодекске өзгерістер енгізіледі. Олардың қатарында бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алу тәртібін өзгерту де бар.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының түсіндіруінше, жаңа тәртіп бойынша бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімге байланысты кірісінен айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемді алу құқығы анаға бекітіледі. Анасы қайтыс болған және оған бұл төлем тағайындалмаған жағдайда, төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылатын баланың заңды өкіліне тағайындалуы мүмкін.

Бұған дейін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын ата-аналардың екеуі де бала күтімімен айналысса, әлеуметтік төлем олардың біреуіне тағайындалатын. Яғни төлемді тек анасы ғана алуға тиіс деген талап болмаған. 2027 жылдан бастап енгізілетін өзгеріс әлеуметтік төлемді алушыны анықтау тәртібіне қатысты. Сондықтан оны әкелердің еңбек демалысына шығуына толық тыйым салумен теңестіруге болмайды.

Әке әлеуметтік төлем ала ма?

Бұл жерде екі ұғымды ажыратып алған жөн. Біріншісі – бала күтіміне байланысты еңбек демалысы. Еңбек кодексінің 100-бабында ата-ананың таңдауы бойынша бала күтімі демалысын анасы немесе әкесі пайдалана алатыны жазылған. 2027 жылғы өзгерістер осы баптағы құқықты жоймайды.

Екіншісі – әлеуметтік төлем. Бұл – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының бала күтіміне байланысты кірісінен айырылуына орай төленетін қаражат. 2027 жылдан бастап оны алу құқығы жалпы тәртіп бойынша анаға бекітіледі.

Осылайша, әке бала күтімі үшін жұмыстан уақытша босатуды рәсімдей алады, бірақ жаңа тәртіп бойынша әлеуметтік төлемді өзі алу құқығы бұрынғыдай сақталмайды. Анасы қайтыс болған жағдайға қатысты заңда арнайы ерекшелік көзделген.

Статистика бойынша, 2021 жылы – 3134, 2022 жылы – 1367, 2023 жылы – 583, 2024 жылы – 477, 2025 жылы – 341, 2026 жылдың алғашқы бес айында 134 әкеге бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тағайындалған. 

Оқи отырыңыз

{