2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда не өзгереді

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда не өзгереді

30.06.2026 12:36
Ажар Лаубаева
Фото: AI көмегімен жасалды

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді. Олар мемлекеттік басқару жүйесінен бастап, қаржы, құрылыс, сауда, көлік және цифрландыру салаларына дейінгі түрлі бағыттарды қамтиды. Сонымен қатар шетелдік маркетплейстерден тауар сатып алу тәртібі өзгеріп, банк қызметтеріне қойылатын талаптар күшейеді. El.kz шілде айынан бастап күшіне енетін негізгі жаңашылдықтарға шолу жасады.

Жаңа Конституция күшіне енеді

1 шілдеден бастап жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция толық көлемде күшіне енеді. Соған сәйкес елдің мемлекеттік басқару жүйесінде ауқымды өзгерістер жүзеге асады.

Ең басты жаңалықтың бірі – екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтайдың құрылуы. Жоғары заң шығарушы органның құрамына бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді.

Сонымен қатар елімізде вице-президент институты енгізіліп, жаңа консультативтік-кеңесші орган – Қазақстан Халық Кеңесі жұмысын бастайды. Оның құрамына этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың және мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері енеді.

Конституциялық өзгерістер аясында азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты бірқатар кепілдік күшейтіледі. Құқық қорғау органдары азаматты ұстаған сәтте оның құқықтарын толық түсіндіруге міндетті болады. Атап айтқанда, үнсіз қалу, адвокат шақыру және телефон арқылы хабарласу құқықтары бірден хабарлануы тиіс. Сонымен қатар адвокаттардың мәртебесі конституциялық деңгейде бекітіледі.

Бірыңғай QR-төлем жүйесі енгізіледі

19 шілдеден бастап қазақстандықтар қай банктің мобильді қосымшасын пайдаланатынына қарамастан, бір ғана QR-код арқылы төлем жасай алады.

Жаңа жүйе сатушы мен сатып алушының әртүрлі банк қызметін пайдалануына қарамастан төлемді еш кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осы күннен бастап кәсіпкерлер үшін де төлем қабылдау талаптары өзгереді. Олар бірыңғай QR жүйесі мен банк карталарын қолдайтын POS-терминалдарды пайдалануға міндеттеледі.

Ұлттық валюта атауының жазылуы өзгереді

1 шілдеден бастап ресми құжаттарда ұлттық валютаның атауы мемлекеттік тілдің емле нормасына сәйкес «теңге» деп жазылады. Бұған дейін қолданылып келген «тенге» нұсқасы қолданыстан шығарылады.

Өзгеріс Салық кодексіне енгізілген терминологиялық түзетулерге байланысты жүзеге асады. Бұл ақша реформасын немесе ұлттық валютаны ауыстыруды білдірмейді. Сондай-ақ бұрын берілген құжаттарды қайта рәсімдеу талап етілмейді. Өзгеріс тек ресми құжаттардағы атаудың жазылуына қатысты.

Банк қосымшаларында тіркелу тәртібі 

12 шілдеден бастап банктер клиенттерді қашықтан тіркеу кезінде қосымша қауіпсіздік талаптарын енгізеді.

Енді тек телефон нөмірі мен аты-жөнін көрсету жеткіліксіз болады. Банктер азаматтың бет-әлпетін мемлекеттік деректер базасымен салыстырып, биометриялық тексеру жүргізеді. Сондай-ақ телефон нөмірінің нақты ЖСН-ге тіркелгені тексеріледі немесе электрондық цифрлық қолтаңба талап етіледі.

Шетелдік маркетплейстерден тауар сатып алу ережесі

1 шілдеден бастап ЕАЭО аумағынан тыс орналасқан интернет-дүкендерден тауар сатып алу тәртібі өзгереді.

Енді Temu, AliExpress, Amazon, Taobao, Pinduoduo, iHerb және басқа да шетелдік платформалардан 200 еуродан қымбат тауар сатып алған жағдайда 21,8 пайыз көлемінде төлем алынады. Оның ішінде 5 пайызы – кедендік баж, ал 16 пайызы – қосылған құн салығы.

Сонымен бірге мұндай сәлемдемелер міндетті түрде декларациялануы тиіс. Ал Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында жұмыс істейтін Wildberries пен Ozon арқылы жеткізілетін тауарларға бұл талап қолданылмайды.

Бұдан бөлек, сауда және өндіріс кәсіпкерлері өз өнімдерін Ұлттық тауарлар каталогына енгізуге міндеттеледі. Тұтынушылар өнім туралы толық ақпаратты QR-код арқылы көре алады.

Тұрғын үй саласындағы өзгерістер

1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Құжат құрылыс саласындағы талаптарды күшейтіп, тұрғын үй құрылысының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Жаңа кодекске сәйкес, лицензиясы бар құрылыс компанияларының электрондық тізілімі жасалады. Сонымен қатар жосықсыз құрылыс компанияларының реестрі eGov порталында ашық жарияланып, азаматтар құрылыс салушы туралы ақпаратты алдын ала тексере алады.

Сейсмикалық қауіпті аймақтардағы нысандарға қойылатын талаптар да күшейеді. Құрылыс кезінде міндетті сынақтар жүргізіліп, маңызды нысандарға қосымша қауіпсіздік талаптары енгізіледі. Бұдан бөлек, құрылыс сапасына тек компания ғана емес, инженерлер мен басқа да жауапты мамандар жеке жауап береді.

Сондай-ақ тұрғын үйлерге берілетін кепілдік мерзімі ұзартылады. Пәтерлердің жалпы кепілдік мерзімі 5 жылға дейін, ал іргетасы мен жүк көтергіш конструкцияларына 10 жылға дейін кепілдік беріледі.

Көлік жүргізушілеріне арналған жаңалықтар

12 шілдеден бастап бірнеше цифрлық жаңалық күшіне енеді.

Автоматты беріліс қорабы бар көлікпен емтихан тапсырған жүргізушілер енді қайта емтихансыз механикалық беріліс қорабы бар көлікті басқаруға мүмкіндік алады.

Сонымен қатар автокөлікті сатып алу-сату мәмілесін электрондық үкімет порталы немесе банк қосымшалары арқылы қашықтан рәсімдеуге болады.

Ал көлік құралдарын тексеру кезінде инспекторлар VIN-кодты цифрлық форматта тіркеп, электрондық тексеру актісін рәсімдейді.

Қалаларды абаттандыру талаптары күшейеді

Шілдеден бастап абаттандыру қағидалары да жаңарады.

Ғимарат иелері мен жалға алушылар өз нысанының айналасындағы бес метр радиустағы аумақтың тазалығына жауап береді. Талап орындалмаған жағдайда алдымен ескерту жасалып, кейін айыппұл салынады.

Сондай-ақ үй жануарларын серуендету кезінде олардың нәжісін тазалау міндеттеледі. Балалар алаңына, тротуарларға, жасыл желекке және арнайы тұраққа арналмаған орындарға көлік қоюға тыйым салынады.

Газ бағасы өседі

Шілде айынан бастап көтерме тауарлық газ бағасы кезең-кезеңімен өседі. Бұл газ инфрақұрылымын жаңғырту және саланы инвестициямен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған.

Ал сұйытылған мұнай газының бағасы бұрынғы деңгейде сақталады.

Әскерге шақыру цифрлық форматқа көшеді

4 шілдеден бастап әскерге шақыру процесі толықтай цифрландырылады.

Енді әскерге шақырылушылар туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады. Шақыру комиссияларының шешімдері электрондық хаттама түрінде рәсімделіп, медициналық тексеру нәтижелері де цифрлық базаға енгізіледі.

Жаңа әуе бағыттары ашылады

Шілде айында қазақстандықтар үшін бірнеше жаңа халықаралық әуе бағыты іске қосылады.

3 шілде мен 31 тамыз аралығында FlyArystan әуе компаниясы Астана – Тамшы (Ыстықкөл) бағыты бойынша тікелей рейстер орындайды. Ұшақтар аптасына екі рет – дүйсенбі және жұма күндері қатынайды. Билет бағасы 37 мың теңгеден басталады.

10 шілдеден бастап Air Astana Астана – Дубай бағыты бойынша рейстерді қайта жандандырады. Ұшақтар Иранның әуе кеңістігін айналып өтіп, Пәкістан арқылы қатынайды.

Ал 31 шілдеден бастап SunExpress әуе компаниясы Измир – Алматы – Измир бағыты бойынша тұрақты рейстер ашады. Рейстер 2026 жылдың қазан айының соңына дейін аптасына екі рет орындалады.

Қазақстандықтар үш күн қатарынан демалады

6 шілде – Астана күні мемлекеттік мерекесіне байланысты бес күндік жұмыс аптасымен еңбек ететін қазақстандықтар қатарынан үш күн демалады. Яғни 4, 5 және 6 шілде демалыс күндері болады.

Ал алты күндік жұмыс аптасында еңбек ететін азаматтар үшін 5 және 6 шілде ғана демалыс екенін еске саламыз.

Оқи отырыңыз