2015 жылы Қазақстанды қандай ауқымды шаралар күтіп тұр?!

25 Желтоқсан 2014, 10:47

2014 жыл – Қазақ елі үшін табысты жылдардың бірі болды. Өткенге салауат айтып, болашаққа үмітпен бір қарап көрейік. 2015 жылы бізді не күтіп тұр, қандай ауқымды шаралар бар?!

2014 жыл – Қазақ елі үшін табысты жылдардың бірі болды. Өткенге салауат айтып, болашаққа үмітпен бір қарап көрейік. 2015 жылы бізді не күтіп тұр, қандай ауқымды шаралар бар?!

Қазақ хандығының 550 жылдығы

2015 жылы Қазақстанды үлкен шаралардың тізбегі күтіп отыр. Мемлекет басшысы келесі жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтетіндігімізді жариялады. Осы турасында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудің тұжырымдасы дайын болғанын жеткізді.

«Келер жылы тойланатын барлық мерекелер Қазақ хандығының 550 жылдығына арналады. Ең негізгі атап өтілетін шара ол Қазақ хандығының құрылған жері Шу мен Талас арасындағы алқапта қыркүйек айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен үлкен шара өтеді. Аталған шараға халықаралық деңгейдегі қонақтар қатысады» – деді А.Мұхамедиұлы осы турасында.

Мерейтойлар

2015 жыл мерейтойларға бай. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы кең көлемде аталынып өтілмек.

2015 жылы қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, шығыстанушы, тарихшы, этнолог, географ, фольклортанушы, суретші Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығы.

2015 жылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 170 жылдығы

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығы

2015 жылы тағы бір аталып өтілетін шаралардың ең үлкені – Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығы. Осыған байланысты Елбасы 2015 жылды – Қазақстан халқы Ассамлеясының жылы деп жариялады.

Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы барысында 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының және Ата заңымыздың 20 жылдық мерейтойы атап өтілетіндігін айтып өтті. «Қазақстан халқы Ассамблеясы барша халықты Конституцияға дауыс беруге шақырған тұңғыш институт болатын. Мен мұны еш ұмытпаймын, осыған дән ризамын. Сондықтан да келесі 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялаймын», – деді Н. Назарбаев.

Бұл ретте Елбасы еліміздегі 2015 жылы өткізілетін барлық шараларды осынау маңызды мерейтой аясында жүзеге асыру керектігін айтты. «Үкіметке Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып, Ассамблеяның және Конституцияның 20 жылдығы мерейтойын өткізу бойынша ұлттық іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырамын», – деді ҚР Президенті. Сондай-ақ, Елбасы Астана қаласында Қазақстан халқының форумын өткізуді жүктеді.

Еуразиялық экономикалық одақ өз жұмысын бастайды

2015 жылы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақ өз жұмысын бастайды. Құрамына Қазақстан, Ресей, Белорусь, Қырғызстан мен Армения елдері кіреді. Аталған елдер арасында экономикалық және кедендік шектеулер алынып тасталады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V Съезі

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V Съезі 2015 жылғы 10-11 маусымда Астанада болады. Алдағы форумның басты тақырыбы ретінде «Бейбітшілік және даму жолындағы діни және саяси қайраткерлердің үнқатысуы» болып белгіленді. Бүгін Съезд Хатшылығының ХІІІ отырысының қорытындылары бойынша осындай шешім қабылданды.

Мемлекет басшысының бастамасымен шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі былтыр он жылдығын атап өтті. Осы жылдар бойы Астана форумына қатысушылар «үнқатысу, өзара түсіністік пен құрмет алуан мәдениеттер мен діндегі адамдардың жайлы және бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ете алатын қуатты жасампаз күш» екенін паш етіп келеді.

Қазақстан еліне тікелей қатысты Әлемде өтетін ауқымды шаралар

2015 жылы Испанияның Гранада қаласында ХХVII қысқы Универсиада (22 қаңтардан 1 ақпанға дейін) өтеді. Бұл жарыс қазақстандық спортшылардың қатысуымен өтетін халықаралық спорт додасы.

2015 жылы Еуропа Олимпиадалық комитетінің мұрындық болуымен Бакуде (Әзірбайжан) тұңғыш Еуропа ойындары (12-28 маусым аралығында) өтеді. Бұл араға төрт жыл сап өтетін Еуразия құрлығының олимпиада ойындарына айналмақ. Еуразия кіндігінде жатқан Қазақстан үшін бұл үлкен жарыс.

2015 жылы Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында ХХVIIІ жазғы Универсиада (4-14 шілде аралығында) өтеді. Бұл Универсида ойындары қазақстандық жас спортшыларға үлкен міндет жүктеп отыр.

2015 жылы Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімімен Куала-Лумпур (31 шілдеде) 2022 жылы өтетін ХХІV Қысқы Олимпиада ойындарының астанасы анықталады. Естеріңізге сала кетейік, ХХІV Қысқы Олимпиаданың астанасы атануға Пекин мен Алматы қаласы таласып жатыр.

Елбасы туралы киноэпопеяның жалғасы шығады

2015 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күніне орай Елбасы туралы киноэпопеяның жалғасы шығады.

Бұл туралы продюсер Арман Асенов хабарлаған: "Біз 4 сериядан тұратын "Елбасы жолы" киноэпопеясын түсірдік. Барлығы да мемлекет басшысының жоғары бағасын алды. Үш жылдан бері Тұңғыш президент күніне орай жаңа серия шығарып отырамыз. Төртінші фильм мемлекет басшысының 40 жастағы шағымен аяқталады. Картинада ол саяси өмірін енді бастаған болатын", - деді ол.

А. Асеновтың айтуынша, жаңа бөлімде Нұрсұлтан Назарбаевтың Министрлер кеңесінің төрағасы болуы, Қазақстанның президенттігіне келуі туралы баяндалады. Сондай-ақ елорданың Астанаға ауысуы да айтылады.

"Елбасы жолы" киноэпопеясына кіретін фильмдердің соңғысы – «Тығырықтан жол тапқан» сериясы биыл 1 желтоқсанда жарық көрген болатын. Ал бұған дейін «Отты өзен» мен «Темір тау» бөлімдері біріктіріліп, «Елбасы жолы» деген атаумен 2013 жылы жарық көрді. Ал алғашқы «Балалық шағымның аспаны» бөлімі 2011 жылы шықты. 

"Бекзат" фильмі көпшілік күткен фильм

Олимпиада чемпионы атанып, арада төрт ай өткенде жол апатынан қайтыс болған қазақтың мақтанышы, үздік боксшысы Бекзат Саттархановтың құрметіне орай "Бекзат" фильмі түсіріліп жатыр. Бұл фильм марқұм Бекзат Саттархановтың 35 жылдығына байланысты 2015 жылы көрерменге жол тартады. Басты рөлде – Асылхан Төлепов. Фильм режиссері – Ермек Шаяхмет. 

2015 жылы көрерменге жол тартатын фильмдер!

Сергей Бодров түсіріп жатқан "Жетінші ұл" атты фильмді жұрт асыға күтуде. Қаңтардың 1-нен бастап көрерменге жол тартады. Басты рөлдерде Джулианна Мур, Кит Харингтон, Джефф Бриджес ойнайды. 

Анджелина Джоли кино түсіріп жатыр. Тіпті, түсіріп болды десе де болады, 15 қаңтарда премьерасы болады. Фильмнің атауы "Қайтпас қайсар" (Несломленный). Басты рөлдерде Джек О’Коннелл, Донал Глисон, Мияви, Гаррет Хедлунд. Екінші дүниежүзіллік соғыс кезінде Олимпиада ойындарына қатысатын кейіпкер туралы. 

Дэвид Кепп тағы бір фильмін ұсынбақ. Фильм "Мордекай" деп аталады. 19 ақпанда көрерменге жол тартпақ. Басты рөлде – Джонни Депп.

Гленн Фикарра мен Джон Рекуа бірігіп "Фокус" атты фильм түсірді. Басты рөлдерде Уилл Смит, Марго Робби және Родриго Санторо ойнайды. Фильм 25 ақпанда көрсетіліп бастайды.

Джей Джей Абрамс "Звездные войны" фильмінің 7 бөлімін түсіріп жатыр. Фильмнің премьерасы 2015 жылдың 18 желтоқсанына тура кеп отыр.  Басты рөлдерде: Оскар Айзек, Кэрри Фишер, Гвендолин Кристи, Харрисон Форд.


Әзірлеген: Досжан Мейірбек

Бөлісу: