26 Маусым, 17:35
Әйелді ерте қартайтатын төрт гормон: олардың ағзаға әсері қандай?Әбдіжамал Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романы бұған дейін елімізде тек екі-ақ рет сахналанған. Себебі трилогияның сюжеті күрделі, образдары терең. Шығарманы сахналауға көп режиссердің жүрегі дауаламайтыны да сондықтан. «Қан мен терді» 2007 жылы Қазақстанның Еңбек Ері Әзербайжан Мәмбетов қойған болатын, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Араға 20 жылға жуық уақыт салып, спектакль қайта сол Қаллеки сахнасында Нұрлан Жұманиязовтың режиссерлігімен шымылдығын түрді. Бұл жолғы «Қан мен терді» сахнаға лайықтап жазған – Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов. Екі бірдей өнер майталманы жанын салған туынды шынымен де өзгеше.
Әсіресе, актерлік құрамның өнері көпшілікті елең еткізді. Спектакль басталған сәттен соңына дейін сахна ымырт жамылған күйде тұрды. Сахнадағы қою қара тұман сол заманның аласапыранын еске түсіргендей. Өмір бойы мал баққан қазақ ауылы патша үкіметінің келуімен Аралдағы балықты азық етеді. Бірақ теңіздің берер несібесі үнемі мол болсын ба? Бірде ауға көп балық түссе, енді бірде құр қалады. Бұл – соғыс жылдары, ақтар мен қызылдардың заманы еді. Сол кезеңдегі саяси реформалар бір ауылдың тарихы арқылы айтылады.
Еламан, Ақбала, Тәңірбергеннің тағдырын кінәлай алмайсың. Себебі ол заманда қос ғашықтың мұңынан гөрі тірі қалу маңызды еді. Шығарманың басты кейіпкері Еламан болса да, оның қайдан шыққаны айтылмайды. Тек жетім екені, балықшы екені белгілі. Ал Ақбала – жаны махаббатты аңсаған, жарыққа ұмтылған кейіпкер. Оны Еламанға ата-анасы қосса да, күйеуінен жылулық көрмейді. Ақыры алты айлық баласын тастап, ғашығы Тәңірбергеннің артынан кетеді. Ақбала рөлін Айкөркем Тұранова сәтті алып шықты. Осылайша актриса өз бабында тұрғанын аңғартты. Ал Еламанды сомдаған Самат Байыровтың ойынына әлі де харизма мен дайындық керек сияқты.
Пайғамбар жасынан асқан Ақбаланың қарт әке-шешесі сәбидің бесігін құшақтап қала береді. Айтқанына көнбейтінін білген әке: «Қай төбеттің артынан қуайын...» – деп амалсыз қалады.
Айта кету керек, қойылымның инсценировкасы сәтті шыққан. Қилы заманның қасіретін ғана емес, ауыл халқының аңғалдығы мен қырсықтығы да көрерменді еріксіз езу тартуға мәжбүрлейді. Әсіресе, Ақбаланың әкесінің сарказммен айтқан әр сөзі қырсық, қыңыр қариялардың мінезін еске салады. Ал Қара қатын мен Судыр Ахметтің образы қазақ қоғамында әлі де бар кейіпкерлер. Олар сөз тасиды, өсек тасиды, әркімнің өміріне килігеді. Сонда да өздерін еш кінәсіз, бейкүнә сезінеді. Ауыл адамдарының бұған еті үйреніп кеткен. Олардың әрекетіне ренжи де, сөге де алмайды.
Ал Тәңірберген – байдың баласы, Аралдағы ең беделді әулеттің ұлы. Ақбалаға деген сезімінен гөрі дүниеқоңыздығы басым. Қыруар малын аздық етіп, теңіздегі балыққа көз салады. Бірақ бұл ашкөздігі әулетінің түбіне жетеді. Тәңірбергенді сомдаған актер Жасұлан Ерболат көрерменін сендіре алды. Дегенмен, актердің бұған дейінгі рөлдері де бір-біріне ұқсас. Сондықтан келесі жолы Жасұланды мүлде басқа қырынан көргісі келетіндер көп.
Сахнадағы реквизиттердің орналасуы да сәтті шешім тапқан. Төбеден жерге дейін салбырап тұрған балық ауы мен сахна үстінде қозғалып тұрған ағаш пішіндер қойылымның атмосферасын әсерлі аша түсті. Дегенмен, дыбыс сапасының бірде анық, бірде бәсең естілуі көрермен көңілінде «әттеген-ай» дегізді.
– Арал мәселесі – барша қазақтың жанына батар дүние. Аралдың бүгінгі жағдайы әлемдік деңгейдегі үлкен трагедияға айналды. Сондықтан бұл – қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың қайғысы. Экологияға жаны ашитын кез келген мемлекет Арал тағдырына бейжай қарамауы қажет. Көрермен тарихты білу үшін осы спектакльді көруі керек, – дейді қойылымның қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрдың 35-маусымды қорытындылаған «Қан мен тер» жай ғана кезекті премьера емес. Бұл – қазақтың қилы тағдырын, Арал өңірінің ауыр тарихын және адам болмысының күрделі табиғатын сахна тілімен сөйлеткен қойылым. Классикалық шығарманы жаңа қырынан ұсынған театр көрерменге ой тастай алды. Ал спектакльдің көрермен залынан ұзақ қол шапалақпен шығарып салынуы соның дәлелі болса керек.
26 Маусым, 17:35
Әйелді ерте қартайтатын төрт гормон: олардың ағзаға әсері қандай?26 Маусым, 12:33
Grand Prix: Ғұсман Қырғызбаев пен Хифуми Абе финалда күреседі25 Маусым, 17:11
«Мәңгілік жасайтын өлең – шындықпен жазылған өлең»: ел сүйген «Бала Жамбыл» қайда жүр?23 Маусым, 16:14
Жазда шаш үлгісіне сән беретін ерекше әшекейлер