18 жасында халықаралық байқауда жеңіп, корей компаниясына жұмысқа тұрған қазақ қызы

18 жасында халықаралық байқауда жеңіп, корей компаниясына жұмысқа тұрған қазақ қызы

Ажар Лаубаева
Фото: El.kz коллажы

Жақында Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық шешендік өнер байқауында 18 жасар қазақстандық Мархабат Смайыл бас жүлдені жеңіп алды. 26 елдің өкілі қатысқан додада ол корей тілінде сөз сөйлеп, шетелдік қатысушылар арасында үздік атанды. Бір қызығы, Мархабат тілді бала кезінен өз бетінше үйренген. Қазір бірнеше тілде еркін сөйлейтін бойжеткен корей компаниясында жұмыс істейді. Ендеше, халықаралық байқауда топ жарған қазақ қызы кім және ол мұндай жетістікке қалай жетті?

Тілге деген қызығушылық тоғыз жасында басталған

Мархабат Смайыл – Алматы облысы Талғар ауданының тумасы. Ол Талдықорғандағы Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 мектеп-лицейде тоғызыншы сыныпқа дейін оқыған. Кейін Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Лингвистикалық колледжіне түсіп, ағылшын және корей тілдері бойынша аудармашы мамандығын меңгерген. Биыл оқуын үздік дипломмен аяқтады.

Мархабат шет тілге тоғыз жасында қызыға бастаған. Бала кезінде көпшілікпен араласқаннан гөрі жалғыз жүргенді ұнатқан ол бос уақытында болашағы туралы ойланатын. Өскенде кім болатынын, немен айналысқысы келетінін жиі елестеткен.

Бір күні әпкесінің үйіне қыдырып барғанда корей тіліндегі әнді естіп қалады. Бұрын құлағына таныс емес тілдің дыбысталуы ұнап, әпкесінен оның қандай тіл екенін сұраған.

Әпкем корей әнін тыңдап отырған еді. Сол кезде бұл тілдің дыбысталуы мені ерекше қызықтырды. Әпкемнен қандай тіл екенін сұрап, Корея туралы біраз нәрсе білдім. Естіген сөздерімді өзіммен бірге алып жүретін кішкентай дәптеріме жазып алғаным әлі есімде. Үйге оралғаннан кейін сол елдің тілі мен мәдениеті туралы көбірек іздене бастадым, – дейді Мархабат.

Осыдан кейін сол тілдегі әндерді тыңдап, телехикаяларды көріп, жаңа сөздерді үйренуге кіріскен. Бірте-бірте корей халқының салт-дәстүріне, қарым-қатынас мәдениетіне қызығушылығы артқан. Әсіресе үлкенге құрмет көрсету ерекшеліктері назарын аударған.

Уақыт өте келе ол тілді меңгеріп қана қоймай, Оңтүстік Кореяға баруды армандай бастайды. Бірақ айналасындағы адамдардың бәрі бірдей оның қызығушылығын түсіне қоймаған. Кейбірі басқа іспен айналысуға кеңес берсе, енді бірі арманының орындалатынына күмән келтірген.

Ол кезде корей тілін үйрену мен үшін жай ғана қызығушылық емес еді. Осы тіл арқылы өзім қалаған болашаққа жақындай түсетіндей сезіндім. Айналамда сенбеген адамдар болғанымен, бастаған ісімді соңына дейін жеткізуге тырысамын деп шештім, – дейді ол.

«Қателесуден қорқып, сөйлеуге қиналатынмын»

Мархабат корей тілін алғашында өз бетінше үйренген. Арнайы мұғалімнен сабақ алуға немесе тұрақты түрде курсқа қатысуға мүмкіндігі болмағандықтан, интернеттегі материалдарды пайдаланған.

Ол бейнесабақтарды көріп, жаңа сөздерді жаттап, телехикаялар арқылы тыңдалымын дамытқан. Кейіпкерлердің сөздерді қалай дыбыстайтынына, сөйлеу мәнері мен дауыс ырғағына назар аударып, олардың айтқанын қайталауға тырысқан.

Дегенмен тіл үйрену барысында қиындықтар да аз болмаған. Әсіресе дыбысталуы ұқсас әріптерді ажырату оңайға соқпапты.

Фото: Мархабат Смайылдың жеке мұрағатынан

Кейбір дыбыстарды қанша тыңдасам да, айырмашылығын бірден түсіне алмайтынмын. Кейін тек тыңдау жеткіліксіз екенін байқадым. Дыбысты айтқан кезде ауыздың қалай қозғалатынына, оның қалай жасалатынына назар аудара бастадым. Осылайша, бірте-бірте ұқсас дыбыстарды ажыратуды үйрендім, – дейді Мархабат.

Оған корей тіліндегі құрмет білдіру формаларын меңгеру де қиын болған. Себебі олар адамның жасына, қызметіне және арадағы қарым-қатынасқа қарай әртүрлі сөздер мен грамматикалық құрылымдарды қолданады.

Мархабат бұл ерекшелікті тереңірек түсіну үшін қазақ және корей тілдеріндегі құрмет білдіру тәсілдерін салыстырып зерттеген. Биыл осы тақырыпта мақала да жариялаған.

Ал тіл үйрену жолындағы ең үлкен кедергілердің бірі – қателесуден қорқу.

Бұрын сөйлегенде қателесіп қаламын деп қатты уайымдайтынмын. «Мені түсінбей қалса ше?», «сөзді дұрыс айтпасам ше?» деген ойлар мазалайтын. Сол себепті ұзақ уақыт грамматика мен сөздік қорымды дамытуға көбірек көңіл бөлдім. Бірақ үйренген сөздерімді сөйлескенде қолдануға келгенде қиналатынмын. Кейін тілді білу мен оны өмірде қолдана алу екі бөлек дағды екенін түсіндім, – дейді ол.

Осы тәжірибеден кейін Мархабат тіл үйрену кезінде қателесуден қашпау керегін түсінген. Оның айтуынша, ережелерді жаттап, сөздік қорды көбейту маңызды болғанымен, еркін сөйлеу үшін тілді күнделікті өмірде қолдану қажет.

Өз бетінше іздену оған тағы бір маңызды дағдыны үйреткен. Түсінбеген тақырыбына дайын жауап іздеудің орнына, мәселенің мәнін анықтап, өзіне ыңғайлы оқу тәсілін табуға дағдыланған.

TOPIK емтиханына қалай дайындалды?

Мархабат тілді білу деңгейін анықтайтын халықаралық TOPIK емтиханын тапсырып, төртінші деңгейге қол жеткізген. Оның айтуынша, күнделікті өмірде корей тілінде сөйлесу бір бөлек, ал емтиханнан жоғары нәтиже көрсету үшін арнайы дайындық қажет. Мұнда тілді жақсы білумен қатар, тапсырмалардың ерекшелігін түсініп, уақытты тиімді пайдалану маңызды.  

Сондықтан ол дайындықты нақты мақсат қоюдан бастаған. Алдымен қай бөлімнен қиналатынын анықтап, соған қарай оқу жоспарын құрған. Әсіресе оқылым, тыңдалым және жазылым дағдыларын қатар дамытуға көңіл бөлген.

Мархабат тілді үйреніп жүрген жастарға оқулықпен ғана шектелмеуге кеңес береді. Мәселен, оқылымды жақсарту үшін жаңалықтар, танымдық мақалалар мен көркем шығармаларды оқу пайдалы. Бұл сөздік қорды байытып қана қоймай, күрделі сөйлемдерді түсінуге және мәтіннің негізгі ойын ажыратуға көмектеседі.

Ал тыңдалымды дамыту үшін сол тілдегі жаңалықтарды, дәрістер мен сұхбаттарды тыңдаған жөн. Әсіресе жоғары деңгейдегі тапсырмаларда сөйлеушінің сөзін түсіну жеткіліксіз. Оның қандай ой айтқысы келгенін, көзқарасын және келтірген дәлелдерін де ажырата білу керек.

Мархабат қолданатын тиімді тәсілдердің бірі – shadowing әдісі. Бұл әдіс бойынша адам аудионы тыңдай отырып, сөйлеушінің сөздерін, дауыс ырғағы мен сөйлеу мәнерін қайталайды. Осылайша, тыңдап түсіну және дұрыс сөйлеу дағдыларын қатар жетілдіруге болады.

Жазылымға дайындық кезінде әртүрлі тақырыпта эссе жазып, жіберген қателерді талдауға кеңес береді. Өйткені емтиханда ойды жүйелі жеткізу, мәтінді дұрыс құрастыру және грамматикалық ережелерді сақтау да бағаланады.

TOPIK-ке дайындалғанда уақытты дұрыс бөлуді де үйрену керек. Кейде тапсырманың жауабын білсең де, уақыт жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан сынақ тестілерін шынайы емтихандағыдай уақыт белгілеп орындаған дұрыс. Қазір жасанды интеллект құралдарын да оқу жоспарын құруға, қай тұстан қиналатыныңды анықтауға пайдалануға болады. Бірақ жоспар құрғаннан кейін оны тұрақты орындау маңызды, – дейді ол.

Дегенмен Мархабат тіл үйренудегі басты мақсат сертификат алу болмауы керек деп есептейді. Оның пікірінше, алған біліміңді күнделікті өмірде қолдана білу әлдеқайда маңызды.

Қателесу – білімсіздіктің белгісі емес. Бұл – үйренудің бір бөлігі. Ең бастысы, қателігіңді байқап, одан сабақ алу. Тіл үйренудің мақсаты тек сертификат алу емес. Сол тіл арқылы адамдармен сөйлесу, жаңа білім алу және әлемді кеңірек тану маңызды, – дейді Мархабат.

Қазір бойжеткен қазақ, орыс, ағылшын және корей тілдерінде сөйлейді. Алдағы уақытта неміс және жапон тілдерін де меңгергісі келеді. Бұған дейін бұл тілдерді үйреніп көрген. Әсіресе неміс тілінің дыбысталуы мен өзіндік ерекшеліктері ұнайды. Алайда әзірге ағылшын және корей тілдеріндегі білімін тереңдетуге басымдық беріп отыр.

Болашақта полиглот болғым келеді. Өйткені мен үшін тіл үйрену жаңа сөздер мен грамматиканы меңгерумен шектелмейді. Әр тіл арқылы басқа халықтың ойлау жүйесін, мәдениетін түсінесің. Жаңа тіл үйренген сайын өзің де өзгеріп, дүниеге басқаша қарай бастайсың. Сондықтан тіл үйренуді өмір бойы жалғастырғым келеді, – дейді ол.

16 жасында Оңтүстік Кореяға жалғыз барған

Мархабат бала кезінен Оңтүстік Кореяға баруды армандаған. Тіпті 16 жасында сол елге баратынын жиі айтып жүрген. Бірақ айналасындағы адамдардың бәрі бірдей оның бұл сөзіне сенбеген.

Ақыры 16 жасында жазғы тілдік бағдарламаға қатысу үшін Оңтүстік Кореяға жалғыз аттанған. Бұл сапар оның бұрын тек интернеттен көріп жүрген елмен жақынырақ танысуына мүмкіндік берген.

Бала кезімнен Оңтүстік Кореяға 16 жасымда барамын деп айтатынмын. Кейбір адамдар сенбеді, жай ғана балалық арман деп қабылдады. Бірақ мен мақсатымнан бас тартпадым. Ақырында, шынымен де 16 жасымда Кореяға жалғыз барып қайттым. Сол сапарда көптен көргім келетін Йонсей университетін көрдім. Кореямен жақынырақ танысып, көптеген жақсы естелік жинадым, – дейді ол.

Мархабаттың айтуынша, осы сапардан кейін оның болашаққа деген көзқарасы өзгерген. Бұрын алыстағы арман болып көрінген мақсаттарына жетуге болатынына көзі жетіп, елге үлкен ынтамен оралған.

Ал биыл қазан айында Оңтүстік Кореяға екінші рет барды. Бұл жолы ол Қазақстан атынан халықаралық шешендік өнер байқауына қатысты.

26 елдің қатысушылары арасында бас жүлде алды

2026 жылғы 8 қазанда Оңтүстік Кореяның Кёнгидо провинциясына қарасты Ёджу қаласында 30-шы Дүниежүзілік корей тіліндегі шешендік өнер байқауы өтті. Іс-шара Хангыль әліпбиінің 580 жылдығына және 9 қазанда атап өтілетін Хангыль мерекесіне орай ұйымдастырылған.

Байқау корей әліпбиінің жасалуына бастамашы болған король Ұлы Седжон мен оның жұбайы, патшайым Сохон жерленген Ённын патшалық кесенесінің аумағында өткен.

Фото: Мархабат Смайылдың жеке мұрағатынан

Мархабат үшін дәл осы тарихи орында корей тілінде сөз сөйлеудің маңызы зор болған.

Өзім бірнеше жылдан бері үйреніп жүрген тілдің тарихымен байланысты жерде сахнаға шығу ерекше әсер қалдырды. Корей әліпбиінің жасалуына бастамашы болған король Ұлы Седжон жерленген жерде сол тілде сөз сөйлеу мен үшін үлкен мәртебе болды, – дейді ол.  

Мархабат халықаралық байқауға Қазақстандағы Корея Республикасы Елшілігі арқылы іріктелген.

Ол бұған дейін елшілік ұйымдастырған түрлі мәдени іс-шараларға аудармашы және волонтёр ретінде қатысып жүрген. Сонымен қатар бірнеше байқауда жүлделі орын алған.

Мәселен, 2025 жылы KT&G Scholarship Foundation ұйымдастырған корей тіліндегі шешендік өнер байқауында бірінші орын иеленген. Ал 2026 жылы Алматыдағы Корей білім беру орталығы өткізген шешендік өнер сайысында екінші орын алған.

Бұдан бөлек, Орталық Азия бойынша ұйымдастырылған 15-ші халықаралық корейтану олимпиадасында І дәрежелі дипломмен марапатталып, бас жүлдеге ие болған.

Мархабаттың ойынша, халықаралық байқауға қатысуына бұған дейінгі жетістіктері мен қоғамдық белсенділігі де әсер еткен болуы мүмкін.

Биылғы дүниежүзілік додаға 26 елден қатысушылар жиналған. Олардың арасында корей тілін ұзақ жылдар бойы меңгерген, шешендік өнерде тәжірибесі бар жастар көп болған.

Мархабат байқаудағы ең жас қатысушылардың бірі еді. Оның айтуынша, қатысушылардың басым бөлігі 20-25 жастан асқан.

Фото: Мархабат Смайылдың жеке мұрағатынан

Басқа елдерден келген қатысушылардың көбі менен үлкен болды. Олардың тәжірибесі де мол еді. Бірақ жас айырмашылығына қарамастан, бәріміз жақсы араластық. Бір-бірімізбен танысып, пікір алмастық. Әртүрлі елден келгенімізбен, барлығымызды біріктірген ортақ тіл – корей тілі болды. Мен үшін бұл байқау тек жарыс емес, басқа мәдениет өкілдерімен танысуға мүмкіндік берген ерекше тәжірибе болды, – дейді Мархабат.

Ол халықаралық байқауға қатысуына қолдау көрсеткен Қазақстандағы Корея Республикасы Елшілігіне де алғысын білдірді.

«Тіл жүрек арқылы таралады»

Мархабат халықаралық байқауда «Тіл жүрек арқылы таралады» тақырыбында сөз сөйледі. Ол баяндамасында корей тілін Қазақстанда, ал қазақ тілін Оңтүстік Кореяда кеңінен таныту туралы ойын жеткізді.

Тақырыпты таңдағанда өзінің тіл үйрену тәжірибесіне сүйенген. Мархабат үшін осы тілді меңгеру басқа елдің мәдениетімен танысуға, білім алып, кәсіби тәжірибе жинауға мүмкіндік берген.

Менің ойымша, тіл тек ақпарат алмасу құралы емес. Әр халықтың тілі оның тарихын, мәдениетін, дүниетанымын сақтайды. Өзге адамның тілін түсінуге тырысқанда, оның ойын ғана емес, өмірге деген көзқарасын да жақсырақ түсіне бастаймыз. Сондықтан басқа тілді үйрену сол халықтың мәдениеті мен жан дүниесін тануға мүмкіндік береді, – дейді ол.

Мархабат өз сөзінде ана тіліне деген құрмет пен өзге тілдерді үйренуге қызығушылық бір-біріне қайшы келмейтінін де атап өткен.

Қазақ болғанымды мақтан тұтамын, ана тілімді ерекше құрметтеймін. Сонымен қатар корей тілі де менің өмірімде маңызды орын алады. Ол маған өзімді жақсырақ тануға, болашағыма сеніммен қарауға көмектесті. Сондықтан әр адам өз ана тілін, тарихын, мәдениетін қадірлей отырып, өзге тілдерді де құрметтей білуі керек деп ойлаймын, – дейді Мархабат.

Оның айтуынша, баяндамасының негізгі ойы – тілге деген қызығушылық адамдарды жақындастырып, түрлі халықтың бір-бірін жақсырақ түсінуіне ықпал ете алатынын көрсету.

Тіл жүрек арқылы таралады деп ойлаймын. Өйткені тілге деген шынайы сүйіспеншілік бір адамнан екінші адамға беріледі. Сол арқылы халықтар бір-бірін жақынырақ танып, түсіне алады. Менің байқауда жеткізгім келген негізгі ойым осы болды, – дейді ол.

«Сахнаға шыққанда қазылардың көзіне тіке қарадым»

Мархабат бұған дейін түрлі жарыстарға қатысқанымен, мұндай ауқымды халықаралық байқауда алғаш рет сөз сөйлеген. Оның үстіне залдағы көрермендердің басым бөлігі корейлер болған.

Әрине, қобалжыдым. Себебі бұл мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Көрермендердің көбі жергілікті тұрғындар болғандықтан, оларға сөзімнің мағынасын толық жеткізгім келді. Сахнаға шыққан соң қазылар алқасының көзіне тіке қарап сөйлеуге тырыстым. Меніңше, шешендік өнерде мәтінді жатқа айтып шығу жеткіліксіз. Тыңдап отырған адам сенің не айтқың келгенін, қандай сезімде тұрғаныңды түсінуі керек, – дейді ол.

Байқау барысында Мархабат сөзінің мазмұнымен қатар, дауыс ырғағы мен сөйлеу мәнеріне де көңіл бөлген. Қатысушылар мен көрермендердің қолдауы оған сенімділік берген. Сөзін аяқтаған кезде залдағылар қошемет көрсеткен.

Ал марапаттау рәсімінде Мархабаттың есімі шетелдік қатысушылар санатындағы ең жоғары жүлде иегері ретінде аталды.

Жеңімпаз атанғанымды естігенде қатты қуандым. Бұл байқауға қатысудың өзі мен үшін үлкен тәжірибе еді. Ал бас жүлдені жеңіп алу корей тілін үйренуге жұмсаған көп жылғы еңбегімнің нәтижесін сезіндірді. Ұйымдастырушылар да келіп құттықтап, жылы сөздерін айтты. Бұл сәт менің есімде ұзақ сақталады, – дейді Мархабат.

Байқауда қатысушылар бірнеше санат бойынша сынға түскен. Олардың қатарында жергілікті қатысушылар, Кореядағы оқушылар, бастауыш сынып оқушылары, шетелдегі этникалық корейлер және шетелдік қатысушылар бар.

Фото: Мархабат Смайылдың жеке мұрағатынан

Мархабат шетелдік қатысушылар арасында «Ең үздік жүлде» марапатына ие болды. Оған грамота, кубок, кітаптар мен естелік сыйлықтар табысталған.

Бойжеткеннің айтуынша, кейбір санаттардың жеңімпаздарына ақшалай сыйлық берілген. Ал шетелдік қатысушыларға мұндай марапат қарастырылмаған. Дегенмен ұйымдастырушылар олардың ұшақ билеті мен тұру шығынын толық өтеген.

Мархабат Кореяға бұл жолы да жалғыз барған. Ата-анасы мен жақындары бірге бара алмағанымен, байқау күні оны қолдауға Корея университетінде оқитын Мадина есімді құрбысы арнайы келген.

Осындай маңызды күні жаныңда таныс адамның болғаны ерекше әсер етеді. Мадина құрбым арнайы келіп, маған қолдау білдірді. Сол күні уақытын бөліп, жанымнан табылғаны үшін оған өте ризамын, – дейді Мархабат.

18 жасында жұмысқа орналасты

Мархабат колледжді бітіргеннен кейін Алматыдағы корей компанияларының біріне менеджер болып жұмысқа орналасқан.

Компания корей тағамдарын дайындап, дүкендерге жеткізумен айналысады. Ал Мархабат дүкендерден тапсырыс қабылдап, қажетті құжаттарды дайындайды. Сондай-ақ аударма жасап, дүкен менеджерлерімен байланысады және тапсырыстарға қатысты мәселелерді шешуге көмектеседі.

Жұмысқа орналасуына тіл меңгеруімен қатар, бұрын халықаралық іс-шараларда аудармашы болып жинаған тәжірибесі де көмектескен.

Жұмыс іздеп жүргенде достарымның көмегі көп тиді. Бірге бірнеше нұсқаны қарастырдық. Кейін осы компаниядағы бос орынға өтініш беріп, сұхбаттан өттім. Сұхбат толығымен корей тілінде жүргізілді. Бұған дейін аудармашы болып жұмыс істеген тәжірибем мен тілді меңгеру деңгейімнің арқасында жұмысқа қабылдандым, – дейді ол.

Мархабаттың айтуынша, шетелдік компанияда жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Әсіресе тапсырманы жылдам әрі сапалы орындауға, уақытты тиімді пайдалануға мән беріледі. Қызметкерлердің міндеті мен жауапкершілігі де нақты бөлінген.

Ал жас маманға ұнаған тұстардың бірі – әріптестердің бір-бірімен қарым-қатынасы.

Мен жұмыс істейтін компанияда қызметкер қателік жіберсе, оған дөрекі сөйлемей, мәселені сабырмен түсіндіруге тырысады. Бұл маған ұнайды. Әрине, барлық корей компаниясында дәл осындай тәртіп бар деп айта алмаймын. Бірақ өзім жұмыс істейтін ортада бір-біріне құрметпен қарауға ерекше мән берілетінін байқадым, – дейді Мархабат.

Ол қызметтік тәртіптің де маңызды екенін аңғарған. Мәселен, белгілі бір мәселе туындағанда кімге жүгіну керегін, қандай шешімді кім қабылдайтынын білу қажет. Мархабаттың пікірінше, мұндай жұмысқа бейімделу үшін тілді меңгерумен қатар, сол ортадағы қарым-қатынас ерекшеліктерін түсіну де маңызды.

Тіл білетін мамандарға сұраныс қандай?

Мархабаттың айтуынша, Қазақстанда корей тілін меңгерген мамандар кореялық компанияларда, аударма саласында және халықаралық жобаларда жұмыс істей алады.

Ол Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы байланыс нығайған сайын екі елдің тілін ғана емес, мәдениеті мен жұмыс істеу ерекшеліктерін түсінетін қызметкерлерге де сұраныс артады деп есептейді.

Фото: Мархабат Смайылдың жеке мұрағатынан

Менің ойымша, тіл үйренген адам ешқашан ұтылмайды. Корей тілін білсеңіз, тек аудармашы болып жұмыс істеумен шектелмейсіз. Оқытушы, зерттеуші, халықаралық компания қызметкері болуға да мүмкіндік бар. Тілді жақсы меңгерген маман әртүрлі салада өзін көрсете алады, – дейді ол.

Дегенмен бойжеткен шет тілін білудің өзі жоғары табысқа кепіл бола алмайтынын айтады. Жалақы мөлшеріне маманның тәжірибесі, кәсіби білімі мен басқа да дағдылары әсер етеді.

Әрине, корей тілін білу жақсы табыс табуға көмектеседі. Бірақ адамның қанша табыс табатыны оның тілді қаншалықты меңгергеніне, тәжірибесіне және басқа да дағдыларына байланысты. Сондықтан тілді үйренумен қатар, өз мамандығыңды да жақсы меңгеру керек, – дейді Мархабат.

Халықаралық іс-шараларда аудармашы болған

Мархабат колледжде оқып жүрген кезінен бастап түрлі халықаралық және мәдени іс-шараларға қатысқан.

Олардың қатарында Chung-Ang University Healthcare System ұйымдастырған медициналық волонтёрлік бағдарлама, Korean Lunar New Year Grand Festival, Korea Festival, Busan Study Abroad Fair және корей брендтерінің сән іс-шаралары бар.

Бұл жиындарда ол волонтёр болып қана қоймай, аудармашылық жұмыс та атқарған. Корей және қазақ тілдері арасында аударма жасап, қажет болған жағдайда ақпаратты орыс тілінде жеткізген.

Осындай іс-шараларда әртүрлі сала мамандарымен жұмыс істеу Мархабаттың тілдік білімін тәжірибеде қолдануына мүмкіндік берген. Кейін бұл тәжірибесі осы компанияға жұмысқа орналасқанда да пайдасын тигізген.

«Домбыра тартып, өлең жазуға да уақыт табамын»

Мархабат шет тілдерін үйренумен қатар, шығармашылықпен де айналысады. Ол домбыра тартады, өлең жазады, сурет салады. Сондай-ақ ән айтып, би билегенді, кітап оқығанды ұнатады.

Әсіресе өлең жазуға қызығады. Шығармаларына күнделікті өмірде көрген-білгенін, өзін ойландырған жайттарды арқау етеді. Ал өлең жазуға көбіне түнде отырады.

Фото: Мархабат Смайылдың жеке мұрағатынан

Өмірде кішкентай дүниелерді байқағанды, солар туралы ойланғанды жақсы көремін. Өлеңді көбіне түнде жазамын. Себебі түнде айнала тынышталып, өз ойларыммен оңаша қалуға мүмкіндік туады. Өлең арқылы түсінген дүниелерімді өзгелермен бөліскім келеді. Егер менің бір өлеңім біреуге қиын сәттен шығуға көмектессе немесе үміт сыйласа, бұл мен үшін үлкен бақыт болар еді, – дейді ол.

Мархабат түрлі күйлерді меңгеріп, домбырашылар байқауларында да жүлделі орындарға ие болған. Корей мәдениетіне қызыққанымен, қазақтың ұлттық өнеріне де уақыт бөледі.

Ал жұмыс пен тіл үйренудің арасында сүйікті істеріне қалай үлгереді? Бойжеткен күнделікті шаруаларын алдын ала жоспарлауға тырысады. Мәселен, тіл үйренуге бір-екі сағат, домбыра тартуға жарты сағат, өлең жазуға бір сағат бөлуге болады дейді.

Мен үшін ең маңыздысы – тұрақтылық. Бір күні бес-алты сағат бойы бір іспен айналысып, кейін бірнеше күн мүлде уақыт бөлмегеннен гөрі, күн сайын отыз минуттан тұрақты айналысқан әлдеқайда пайдалы. Бәрін бірден жасауға тырысудың қажеті жоқ. Кішкентай қадамдардан бастасаң, уақыт өте келе ол дағдыға айналады, – дейді Мархабат.

Оның айтуынша, бір істі бастау үшін шабыт келгенін күтудің қажеті жоқ. Ең бастысы – аз уақыт болса да күн сайын айналысып, бастаған істі үзбеу.

«Қазақ әдебиетін корей оқырмандарына танытқым келеді»

Мархабат алдағы уақытта Оңтүстік Кореяда жоғары білім алуды жоспарлап отыр. Ол корей тілі мен әдебиетін тереңірек зерттеп, болашақта ғылыми жұмыспен айналысқысы келеді.

Бойжеткенді әсіресе қазақ және корей тілдерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтары қызықтырады. Осы бағытта зерттеу жүргізіп, оны қазақша оқыту әдістемесін жетілдіруге үлес қосуды көздейді.

Корей тілі мен әдебиетін тереңірек зерттегім келеді. Болашақта Кореяның үздік университеттерінің бірінде білім алып, кейін зерттеуші, профессор болуды мақсат етіп отырмын. Сонымен қатар оны қазақ тілінде оқыту әдістерін дамытып, екі елдің әдебиетін байланыстыратын жобалар жасағым келеді, – дейді ол.

Мархабаттың тағы бір мақсаты – көркем аудармамен айналысу. Ол корей жазушыларының шығармаларын қазақшаға аударып, қазақ әдебиетін Оңтүстік Корея оқырмандарына таныстырғысы келеді. Сондай-ақ екі елдің әдебиеті мен мәдениетіне арналған кездесулер мен бірлескен жобалар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Мен үшін аударма – сөздерді бір тілден екінші тілге ауыстыру ғана емес. Жазушының не айтқысы келгенін, шығарманың рухын түсініп, оны басқа тілде де табиғи жеткізе білу маңызды. Сондықтан корей әдебиетін қазақ тіліне аударып, ал қазақтың белгілі ақын-жазушыларының шығармаларын Кореяда танытқым келеді, – дейді Мархабат.

«Шетелде оқып, Қазақстанға пайдамды тигізсем деймін»

Мархабат Оңтүстік Кореяда білім алғаннан кейін сол елде жұмыс істеп, тәжірибе жинау мүмкіндігін де қарастырып жүр. Ол корей қоғамының өмірімен, білім беру жүйесімен және еңбек мәдениетімен жақынырақ танысуды қалайды.

Фото: Мархабат Смайылдың жеке мұрағатынан

Бойжеткеннің пікірінше, басқа елде тұру адамның жаңа ортаға бейімделуіне, өз бетінше шешім қабылдауына және түрлі көзқарастағы адамдармен тіл табысуына көмектеседі.

Қазақстанмен байланысымды үзгім келмейді. Қай жерде білім алып, жұмыс істесем де, туған жерімнің дамуына үлес қосу – басты мақсаттарымның бірі. Өйткені туған еліңнің, жақындарыңның, өскен ортаңның орны ерекше. Менің ойымша, адамның дамуы тек жеке жетістікке жетумен шектелмеуі керек. Жинаған білімің мен тәжірибеңді басқалардың игілігіне жарата білу де маңызды, – дейді ол.

Мархабат болашақта Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның университеттері, білім беру және мәдени ұйымдары арасындағы бірлескен жобаларға қатысуды көздейді.

Болашағымды тек Қазақстанмен немесе тек Кореямен шектегім келмейді. Екі елдің арасында байланыс орнататын маман болғым келеді. Шетелде білім алу туған еліңнен алыстау деген сөз емес. Керісінше, сол жақтан жаңа білім мен тәжірибе жинап, оны өз еліңнің игілігіне жаратуға болады, – дейді Мархабат.

«Біреу сенбеді екен деп арманыңыздан бас тартпаңыз»

Мархабаттың айтуынша, үлкен мақсат қойған адамға өзгелердің күмәнмен қарауы мүмкін. Оның өзі де мұндай жағдайды бастан өткерген. Сондықтан жастарға біреудің пікіріне бола өз мүмкіндіктеріне күмәнданбауға кеңес береді.

Өзгенің сөзіне бола армандарыңыздан бас тартпаңыздар. Арманыңыздың орындалатынын не орындалмайтынын басқа адамдар шешпеуі керек. Сондықтан қандай қиындық кездессе де, өзіңізге сеніп, мақсатыңызға қарай қадам жасай беріңіздер. Бүгін болашағыңыз үшін не істей алатыныңызды ойлаңыздар, – дейді ол.

Бойжеткен кейде адамның өзіне деген сенімсіздігі жаңа істі бастауына кедергі болатынын айтады. Оның пікірінше, бірден жақсы нәтиже күтпей, қателіктерден сабақ алып, бастаған істі жалғастыру маңызды.

Бұл өмірде мүмкін емес ештеңе жоқ деп сенемін. Кейде адам өзіне өзі шектеу қояды. Сондықтан қорықпай, жаңа нәрселерді байқап көру керек. Қателессеңіз, одан сабақ алыңыз. Ең бастысы, арманыңызға жету үшін әрекет етіңіз, – дейді Мархабат.

Ол жетістікті тек дипломмен, қызметпен немесе алған марапатпен өлшеуге болмайды деп есептейді. Адамның білімі мен еңбегі өзгелерге де пайдасын тигізуі керек деген пікірде.

Әлемнен не ала аламын деп емес, әлемге не бере аламын деп ойлау адамды көптеген жетістікке жеткізетініне сенемін. Қандай биікке көтерілсек те, ең бастысы, адам болып қалу, адамдық қасиетімізді сақтап қалу маңызды, – деп түйіндеді Мархабат Смайыл.

Оқи отырыңыз

{