16 Шілде, 17:14
Финалда Испания жеңіске жетеді – сарапшы болжамы18 шілдеден бастап Қазақстанда азаматтарға тауарлар мен қызметтерді сатып алуға берілетін кепілсіз тұтынушылық банктік қарыздарды рәсімдеу тәртібі өзгереді, деп жазады Еl.kz интернет порталы.
Жаңа талаптар несие алуға өтінімдерді тексеру процесін күшейтіп, бір мезетте бірнеше банкке немесе микроқаржы ұйымына өтініш беруге шектеу қоймақ.
Тұтынушылық несие - азаматтардың жеке қажеттіліктері үшін тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға немесе кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ өзге де мақсаттарға берілетін банктік қарыз. Ипотекалық қарыз бұл санатқа жатпайды.
Бұған дейін тұтынушылық несие рәсімдеу процесінің басты ерекшеліктерінің бірі - оның салыстырмалы түрде жылдам берілуі еді. Алайда 18 шілдеден бастап қарыз алушыны тексеру талаптары күшейтіледі.
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңның 58-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес, банк кепілмен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарызға қатысты шешімді өтініш түскен сәттен бастап бір сағат ішінде қабылдауы керек.
Яғни банк бір сағат ішінде азаматқа несие берілетінін немесе өтініштің қабылданбағанын хабарлауға тиіс. Бұл жерде маңызды бір жайт бар. Бір сағаттық мерзім – ақшаның клиентке аударылу уақыты емес, банк шешім қабылдауға тиіс ең ұзақ мерзім.
Сонымен қатар, белгілі бір сомадан асатын қарыздарға қатысты ақша аударуға тәуліктік «тоқтату» талабы бұрыннан бар.
Жаңа талаптардың бірі – азаматтың бір уақытта бірнеше банкке немесе микроқаржы ұйымына несие алуға өтініш беруіне байланысты.
Егер кредиттік есепте азаматтың басқа банкке немесе МҚҰ-ға тұтынушылық қарыз алу туралы өтініші бар екені көрсетілсе және ол бойынша әлі шешім қабылданбаса, банк жаңа өтінішке оң шешім қабылдай алмайды.
Яғни азамат бір қаржы ұйымынан жауап күтпей тұрып, қатарынан бірнеше банкке өтініш берсе, бұл оның несие алу мүмкіндігіне әсер етуі мүмкін.
18 шілдеден бастап кредиттік бюроларға да жаңа міндеттер жүктеледі. Енді банктер жеке тұлғалардың тұтынушылық қарыз алуға берген өтініштері туралы ақпаратты кредиттік бюроға жіберуге тиіс. Ал кредиттік бюро бұл мәліметті басқа банктерге хабарлайды.
Бұдан бөлек, кредиттік бюро ақпаратты нақты уақыт режимінде, яғни өтініш түскеннен кейін бір сағат ішінде Ұлттық банктің Антифрод-орталығына жолдайды.
Ұлттық банктің Антифрод-орталығы төлем операцияларындағы алаяқтық белгілерін және алаяқтық жасау әрекеттерін жинап, талдайтын құрылым. Қажет болған жағдайда аталған ақпарат қаржы ұйымдарына және құқық қорғау органдарына беріледі.
Осылайша, 18 шілдеден бастап тұтынушылық несие алу туралы өтініштерді тексеру процесіне тек банк қана емес, кредиттік бюро мен Антифрод-орталығы да қатысады.
Жаңа тәртіптің негізгі мақсаты – азаматтарды шамадан тыс кредит алудан және алаяқтық әрекеттерден қорғау. Алайда жаңа талаптар несие рәсімдеу процесінің бұрынғыдай бір-екі минутта аяқталуына әсер етуі мүмкін. Енді қарыз алушы туралы ақпарат бірнеше деңгейде тексеріледі.
Сондықтан 18 шілдеден бастап жаңа смартфон, теледидар немесе өзге де тауарды бөліп төлеуге алуды жоспарлаған азаматтардың өтініштері бұрынғыдан мұқият тексеріледі. Ал несие беру туралы түпкілікті шешім бір сағат ішінде қабылдануға тиіс.
16 Шілде, 17:14
Финалда Испания жеңіске жетеді – сарапшы болжамы15 Шілде, 12:09
Зендеяны стиль иконасына айналдырған адам: Лоу Роуч туралы не білеміз?14 Шілде, 17:41
ӘЧ-2026: қай құрама финалға жолдама алады?7 Шілде, 12:44
Шикі сүт ішеді, етті жақсы көреді: Норвегия қаһарманына айналған Эрлинг Холанн кім?