15.04.2026
10:57
346
Жаңалықтар

-18 градус аяз: Қазақстанға бесқонақ келді

Қазгидромет синоптиктері 16-18 сәуірге арналған ауа райы болжамын жариялады.

Мамандар мәліметінше, алдағы күндері Қазақстан аумағында ауа райын екі бірдей барикалық жүйе анықтайды. Батыстан шығысқа қарай жылжитын циклон әсерінен күн құбылмалы болады – жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауып, кей өңірлерде оның мөлшері мол болуы мүмкін.

Кезең соңында республиканың солтүстік, шығыс және орталық өңірлері солтүстік антициклонның ықпалына өтеді, соған байланысты күн суытады, – делінген мәліметте.

Еліміздің бірқатар аймағында тұман түсіп, жел күшейеді. Ал солтүстік, шығыс және орталық өңірде көктайғақ болуы ықтимал.

Температура қалай өзгереді?

Алдағы күндері ауа температурасы біртіндеп төмендейді:

кезең басында солтүстікте түнде -1…-8°С, күндіз +1…+8°С,

кезең соңында шығыста түнде -2…-18°С, күндіз 0…+13°С аралығында болады.

Ал еліміздің өзге өңірлерінде айтарлықтай температуралық өзгерістер күтілмейді.

Жалпы, синоптиктер 15-17 сәуір аралығында ел аумағында ауа райы құбылмалы болатынын айтады.

Ірі қалалардағы ауа райы

Астана (Астана):

15 сәуірде құбылмалы бұлтты, жаңбыр кешке қарай қарға ұласады. Жел бағыты өзгеріп, екпіні 15-20 м/с дейін жетеді.

16 сәуірде қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын түсіп, көктайғақ болуы мүмкін. Температура түнде -1…-3°С, күндіз +2…+4°С.

17 сәуірде жауын-шашын болмайды, бірақ түнде көктайғақ сақталады. Ауа температурасы түнде -4…-6°С, күндіз +6…+8°С.

Алматы (Алматы):

15 сәуірде күн +22…+24°С дейін жылынады, кешке жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

16 сәуірде жауын-шашын жалғасып, температура +17…+19°С дейін төмендейді.

17 сәуірде ауа райы нашарлап, жаңбыр мен найзағай күшейеді, түнде нөсер болуы мүмкін. Күндіз +11…+13°С.

Шымкент (Шымкент):

15 сәуірде жаңбыр, найзағай және екпінді жел (20 м/с дейін) күтіледі. Күндіз +19…+21°С.

16 сәуірде нөсер жаңбыр мен найзағай сақталып, температура +12…+14°С дейін төмендейді.

17 сәуірде де жауын-шашын тоқтамайды, жел күшейеді. Температура өзгеріссіз қалады.

«Бесқонақ»: халық болжамы не дейді?

Қазақ халқы сәуір айындағы құбылмалы кезеңді «бесқонақ» деп атаған. Бұл — шамамен көктемнің ортасында болатын бірнеше күндік суық әрі жауын-шашынды мезгіл.

«Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген тәмсіл де осы кезеңге қатысты айтылған. Әдетте бұл күндері ауа райы күрт бұзылып, қар аралас жаңбыр жауып, күн суытып кетеді. Халық мұны «өлара» кезең деп бағалап, алыс сапардан, ұзақ жолдан тартынған.

Ескі түсінік бойынша, егер «бесқонақ» күндері жауын-шашынды болса, жаз берекелі болады. Ал тыныш өтсе, жаз жайсыз болуы мүмкін деген ырым бар.

Аңыздардың бірінде дәл осы уақытта жеңіл киініп жолға шыққан бес адамның суыққа ұрынып қаза тапқаны айтылады. Содан бері бұл кезең «бесқонақ» деп аталып кеткен.