17 жасында Астана көшесінде кездейсоқ танылған модель неге әскерге кетті?

17 жасында Астана көшесінде кездейсоқ танылған модель неге әскерге кетті?

Амангүл Тілейқызы
Фото: El.kz коллажы

Бір кездері әлемдік сән подиумдарында жүріп, Pierre Cardin секілді әйгілі брендтердің киімдерін таныстырған Шыңғыс Таңатпаев бүгінде Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышын өтеп жүр. El.kz тілшісі модельдік мансабын 17 жасында бастаған сарбаздан сән әлемінен әскери ортаға келуі, әскердегі өмірі және алдағы жоспары туралы сұрады. 

17 жасында модельдікке кездейсоқ келген

Шыңғыс Таңатпаев – 25 жаста. Мамандығы – гид-аудармашы. Қазір ол Қарағанды қаласындағы 5451 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеп жүр. Алайда әскери форма кигенге дейін оның өмірі мүлде басқа ортамен сән индустриясымен байланысты болды. 

Модельдік салаға Шыңғыс арнайы жоспар құрып, ұзақ дайындалып келген жоқ. Оның сән әлеміне алғашқы қадамы күтпеген жерден басталған. 17 жасында Астанада білім алып жүрген кезінде қалада серуендеп жүрген жас жігітке бейтаныс қыз модель болуды ұсынады. Бойы мен келбеті назар аудартқан Шыңғыс бұл ұсыныстан бас тартпай, өзін жаңа салада сынап көруге шешім қабылдайды.

Алғашында жай ғана қызығушылықтан басталған қадам кейін кәсіби модельдік мансапқа ұласты. Шыңғыс сән индустриясының қыр-сырын меңгеріп, түрлі кастингтерге қатыса бастайды. Соның бірі оның өміріндегі маңызды мүмкіндіктің есігін ашты.

Фото: Ұлттық ұлан баспасөз қызметі 

Pierre Cardin көрсетілімі – модельдік мансаптағы алғашқы үлкен қадам

Шыңғыстың модель ретіндегі алғашқы ірі жетістігінің бірі – Францияның әйгілі Pierre Cardin сән үйінің көрсетіліміне қатысуы. Ол арнайы кастингтен өтіп, халықаралық деңгейдегі сән көрсетілімінде алғаш рет подиумға шыққан.

Кастингке шақырды. Сол кастингтен бағым жанып, сән көрсетілімінде алғаш қадамымды бастым. Бұл – менің дебютім болған, – дейді ол.

Алғаш рет халықаралық подиумға шығу жас модель үшін ерекше сәт болған. Жүздеген адамның назары, сән индустриясының кәсіби өкілдері мен үлкен сахна – мұның барлығы сол кезде небәрі модельдік мансабының алғашқы кезеңінде жүрген Шыңғысқа үлкен жауапкершілік жүктеді.

Ол алғашқы халықаралық көрсетілім кезіндегі сезімін әлі күнге дейін ұмытпағанын айтады.

Өте бақытты болдым. Өйткені бұл мен үшін өте үлкен мүмкіндік еді. Кез келген адамға бұйыра бермейтін бақ деп ойлаймын, – дейді сарбаз.

Кейін оның сән әлеміндегі географиясы кеңейе түсті. Шыңғыс Италияның Federico Barrazzo және Sauvage Multi брендтерінің киімдерін де таныстырып, түрлі халықаралық сән жобаларына қатысты. Түркия, Филиппин, Таиланд және басқа да мемлекеттердің көрсетілімдерінде бой көрсетті.

Дегенмен ол осы сапардың ішінен бір елді немесе бір көрсетілімді ерекше бөліп-жармайды. Өйткені әр сапар оған жаңа орта мен жаңа тәжірибе сыйлаған.

Түркия, Филиппин, Таиланд және тағы басқа елдерде бой көрсеттім. Барлығы да ерекше болды. Себебі әрқайсысы – жаңа мүмкіндік, жаңа ел. Сол үшін барған мемлекеттердің бәрі мен үшін ерекше, – дейді Шыңғыс.

Фото: Ұлттық ұлан баспасөз қызметі 

«Модельдік саланы тастаған жоқпын»

Сырт көзге модельдік жұмыс әдемі киім, жарқыраған сахна, камера мен шетелге сапардан ғана тұратындай көрінуі мүмкін. Алайда сән индустриясында да тәртіп, тұрақты дайындық, сыртқы келбет пен дене бітіміне күтім, өзін сахнада дұрыс ұстай білу секілді талаптар бар.

Шыңғыс үшін бұл саланың қиындығынан гөрі қызығы басым болған. Сондықтан оның әскерге аттануын модельдік мансабынан бас тарту деп қабылдауға болмайды.

Модельдік сала мен үшін қиын емес, өзіме ұнайды. Қызық жұмыс. Ал әскерге бару себебім – Қазақстанға келгенімде маған шақырту қағазы келді. Мен Отан алдындағы борышым ретінде жігіттігімді көрсетіп, әскерге аттандым. Модельдік саланы әскерден кейін де жалғастырамын, – дейді ол.

Шыңғыс әскерге шақыртуды желтоқсан айында алған. Қызметті кейінге қалдырудың жолын іздемегенін, керісінше, бірден әскерге баруға шешім қабылдағанын айтады. Бұған отбасындағы жақындары да әсер еткен.

Желтоқсан айында шақырту алдым. Ойланбастан шешім қабылдап, әскерге барамын деп шештім. Өйткені әкем де, атам да әскерде болған, – дейді.

Осылайша халықаралық сән көрсетіліміне қатысып жүрген модельдің өмірінде жаңа кезең басталды. Кеше ғана сән үйінің киімін киіп, подиумда жүрген жігіт енді әскери форма киіп, сапқа тұрды.

Фото: Ұлттық ұлан баспасөз қызметі 

Подиумнан – әскери сапқа

Бір қарағанда модельдік өнер мен әскери қызметтің арасында байланыс жоқ секілді. Бірінде сән, шығармашылық пен камера алдындағы жұмыс басым болса, екіншісінде бұйрық, қатаң тәртіп пен үлкен жауапкершілік бар. Бірақ Шыңғыс осы екі ортаның өзіндік ұқсастығын байқаған. Ең алдымен, екеуі де адамның жинақы болуын талап етеді.

Подиумда модель жүрісіне, дене қалпына, көзқарасына дейін мән берсе, әскери сапта да әрбір қозғалыс белгіленген тәртіпке сай орындалуы керек. Сондықтан модельдік жұмыста қалыптасқан кейбір дағдылар оған әскери ортаға бейімделуге көмектескен.

Әскердегі жүріс, әрине, өзінің темірдей тәртібімен ерекше. Сапта еркінсуге болмайды, бойыңды тіктеп, еңсеңді көтеріп, тура қарап жүруің керек. Модельдік жұмыста да еңсеңді тіктеп тұратын кездер болады. Сол сияқты саптағы тура жүріс маған қиындық тудырмады, – дейді ол.

Оның сөзінше, модельдік саладағы тәртіп пен дене дайындығы да әскери қызмет кезінде өз пайдасын тигізген.

Екі жақты да қарайтын болсақ, екеуі де темірдей тәртіпті талап етеді. Әскер де, модельдік сала да өзіндік жаттығуларымен ерекше. Сондықтан модельдік тәжірибемнің әскерде көмегі тиді деп айтуға болады, – дейді Шыңғыс.

Дегенмен әскери бөлімнің табалдырығын алғаш аттағандағы әсері мүлде бөлек болғанын жасырмайды. Бұған дейін әскер туралы өзгелерден естіп, сырттай ғана көріп келген жас жігіт енді бір жылын осы ортада өткізетінін түсінген.

Әскерге алғаш келгендегі сезім мүлде бөлек. Бұған дейін көзбен көрмеген, тек естіп жүрген ортаны өз көзіңмен көріп, сол жерде бір жыл өмір сүретініңді білгенде біртүрлі сезім болды. Бірақ уақыт өте келе бәріне үйренетінімді білдім, – дейді сарбаз.

Фото: Ұлттық ұлан баспасөз қызметі 

Сарбаздар оның модель болғанын білгенде таңғалған

Әскери бөлімде әртүрлі мамандық пен әр ортадан келген жастар бір сапта тұрады. Бірі оқуын аяқтап келсе, енді бірі жұмыс істеп жүрген жерінен шақырылады. Ал Шыңғыстың әскери бөлімге дейінгі өмір жолы әскердегі сарбаздардың қызығушылығын тудырған.

Оның әлемдік деңгейдегі сән көрсетілімдеріне қатысқанын естіген сарбаздар ерекше қабылдапты.

Білген адамдар риза болып, қолымды алып жатты. Әлемдік деңгейдегі көрсетілімдер болғаннан кейін оның маңызын және деңгейін де түсінді, – дейді ол.

Шыңғыс үшін сәнді киім мен әскери форманың мәні екі бөлек. Модель ретінде ол түрлі дизайнердің киімін таныстырып, белгілі бір образды көрсетуі керек болса, әскери форма оған мүлде басқа жауапкершілік жүктейді.

Оның айтуынша, әскери киімді алғаш киген сәті өзіне сырттай басқаша қарауға мүмкіндік берген.

Сәнге лайық киімдерді кию бір бөлек, ал әскери қызметкер ретінде әскери форма кию – үлкен абырой деп білемін. Өзімді сырттай бақылағанымда, нағыз жігітке тән сұлбамды көрдім. Маған екі әлемнің киімі де жарасымды екенін байқадым, – дейді Шыңғыс.

Фото: Ұлттық ұлан баспасөз қызметі 

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүр

Бүгінде қатардағы жауынгер Шыңғыс Таңатпаев Қарағанды қаласының қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып жүр. Ұлттық ұлан сарбаздары бұқаралық іс-шаралар кезінде, адам көп жиналатын орындарда және қала көшелерінде қоғамдық тәртіптің сақталуына атсалысады.

Шыңғыс та әскери қызмет барысында тұрғындармен тікелей байланысып, қажет болған жағдайда көмек көрсетеді. Сарбаздар ата-анасынан адасып қалған балаларды жақындарымен қауыштыруға, тұрғындардың жоғалған бағалы заттарын тауып, иесіне қайтаруға көмектеседі.

Шыңғыс мұндай жағдайларды ерекше ерлік ретінде қабылдамайды. Оның түсінігінде бұл – әскери қызметшінің күнделікті міндетінің бір бөлігі.

Бұл әскери қызмет кезінде орындалатын жұмыстың бірі. Мұндай жағдай бізде көптеп кездеседі. Сол үшін оны таңғаларлық жұмыс деп есептемейміз, керісінше, біздің міндетіміз деп қараймыз, – дейді ол.

Бұрын қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген әскери қызметшілерді экраннан ғана көрген Шыңғыс бүгінде сол саптың ішінде өзі жүргенін мақтан тұтады.

Қоғамдық тәртіпке атсалысу – үлкен мақтаныш. Әскери өмірге дейін оларды тек экраннан көретін едім. Қазір сол тәртіп сақшыларының бірі өзім екенін білгенде қатты қуанамын, – дейді сарбаз.

Әскер Шыңғыс үшін тек бір жылдық міндет емес. Оның сөзінен әскери қызмет барысында Отан алдындағы жауапкершіліктің салмағын тереңірек сезіне бастағанын аңғаруға болады.

Фото: Ұлттық ұлан баспасөз қызметі 

Бұған дейін әскерді сырттай бақылап келген ол бүгінде қоғамдық тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің артында қаншама еңбек тұрғанын өз тәжірибесі арқылы көріп жүр.

Отанға қызмет – елдің салты. Еліңе, жеріңе пайда тигізу – өте ұлы іс. Сол пайда тигізудің бір жолын мен қазір атқарып жүрмін. Әскерде жүріп, елдің тыныштығына қараудың өзі оңайға соқпайтынын көрдік. Сол үшін де талмай еңбек етіп, Отанды қорғауға ант еттік және сол антымызға адал болуға ниеттіміз. Отанға адал қызмет ету дегенді арың үшін, бас пайдаң үшін емес, күллі адамзат алдында зиян тигізбеу деп түсінемін, – дейді Шыңғыс.

Оның өміріндегі модельдік пен әскери қызмет бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі әлем болғанымен, Шыңғыс екеуінің бірін таңдауға асықпайды. Подиумда көрермен назары модельге бағытталса, әскери қызметте ұжымдық тәртіп пен ортақ міндет бірінші орынға шығады. Соған қарамастан, ол екі ортада да өзін еркін сезінетінін айтады.

Подиумда да, әскерде де, яғни қызметте өзімді еркін сезінемін. Екі тарап та маған ұнайды, – дейді ол.

Фото: Ұлттық ұлан баспасөз қызметі 

Сән әлеміне қайта оралмақ

Бір жылдық әскери қызмет оның модельдік мансабына нүкте қоймайды. Шыңғыс әскерде жүрсе де, сән индустриясындағы әріптестерімен байланысын толық үзбеген.

Әрине, әскери бөлімдегі күн тәртібі бұрынғыдай сән көрсетілімдеріне қатысуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан ол подиумды, түсірілімдер мен сән әлеміндегі ортасын сағынатынын жасырмайды.

Сән әлемін, әрине, сағынамын. Ол жаққа қайтадан баратыным анық болған соң, әріптестеріммен ара-тұра байланысып тұрамыз. Олар да, мен де бір-бірімізді күтіп жүрміз, – дейді Шыңғыс.

Әскери қызметі аяқталғаннан кейінгі жоспары да айқын. Ол модельдік мансабын жалғастырып, сән индустриясына қайта оралмақ.

Осылайша 17 жасында көшеде кездейсоқ жасалған ұсыныстан басталған модельдік жол әлі аяқталған жоқ. Керісінше, Шыңғыс өмірбаянына тағы бір кезең – әскери қызмет тәжірибесін қосып жатыр. Оның өзі үшін де бұл үзіліс модельдік мансаптан бас тарту емес, Отан алдындағы міндетін орындап, кейін сүйікті ісіне қайта оралу мүмкіндігі.

Шыңғыс әскерге шақырту алған жастарға да қызметтен қашпауға кеңес береді. Оның пікірінше, бір жыл сырт көзге ұзақ уақыт болып көрінгенімен, әскери өмірдің өзіндік қызығы, қиындығы мен адамға беретін тәжірибесі бар.

Фото: Ұлттық ұлан баспасөз қызметі 

Жігіттер, әскер – тек бір-ақ жыл, бірақ ол барлық қызыққа әрі шытырманға толы сәттерден тұрады. Алдымен бұл – міндет. Отанымыздың тыныштығына сәл де болсын үлес қосуға бәріміздің де қолымыздан келеді. Сол үшін әскерге келіп, ғұмырыңның бір жылын Отанға арнауға шақырамын! – дейді ол.

Бірнеше жыл бұрын сән сахнасындағы әр қадамын камералар бақылап, үстіндегі дизайнерлік киім көпшіліктің назарын аударса, бүгінде Шыңғыс Таңатпаевтың күнделікті өмірі әскери тәртіпке бағынады. Подиумдағы жүрісті саптағы нық қадам алмастырды, сән көрсетілімдерінің орнына әскери міндет келді.

Бірақ бұл екі кезеңді бір-біріне қарсы қою қиын. Өйткені модельдік орта оған өзін ұстауды, жинақылық пен тәртіпті үйретсе, әскери қызмет жауапкершіліктің басқа қырын көрсетіп отыр. Ал әскери борышын өтеп болғаннан кейін Шыңғысты қайтадан сән әлемі күтіп тұр. Оның өзі де бұған сенімді. Демек, бүгін әскери сапта тұрған сарбаздың подиумдағы жолы әлі жалғасады.

Оқи отырыңыз

{