25 мамыр күні Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның техникалық ашылу салтанаты өтеді. Қазір стадионда соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион – елордадағы ең көне спорт нысандарының бірі. Стадионда 2025 жылы қайда жаңғырту жұмысы басталды. Жаңартылған кешенде футбол матчтарынан бөлек, балалар мен жасөспірімдер жаттыға алады. Бұл туралы қалалық мәслихат депутаттары нысанға жасаған көшпелі жиын барысында мәлім болды.
Депутаттар стадионның дайындығын тексерді
Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мүшелері стадионға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Көшпелі отырыс барысында депутаттар нысанның техникалық дайындығына, құрылыс сапасына және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына назар аударды.
Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инфрақұрылым да тексерілді. Жоба аясында ыңғайлы кіреберістер, арнайы орындар мен қажетті жағдайлар қарастырылғаны айтылды.
Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Давид Лория әлеуметтік желідегі парақшасында стадионның ашылуына санаулы күн қалғанын хабарлады.
Аңызға айналған Мұңайтпасов атындағы стадион қайта оралуда! Техникалық ашылуына бір апта қалды, – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
90 жылдық тарихы бар нысан
Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион 1936 жылы салынған. Шамамен 90 жыл бойы бұл арена елорданың спорт өміріндегі маңызды нысандардың бірі болып келді. Мұнда түрлі футбол матчтары, спорт жарыстары мен бұқаралық іс-шаралар өткен.
2025 жылдың басында ескі ғимарат толық сүріліп, оның орнына жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды. Жобаның тапсырыс берушісі – Астана қаласының құрылыс басқармасы. Ал бас жобалаушы ретінде «НЦ ҚұрылысКонсалтинг» филиалы жұмыс істеген.
Айта кетейік, стадион құрылысының аяқталу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген болатын. Бұған дейін нысан 2026 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Кейін мерзім екінші тоқсанға ауыстырылды.
Жаңа стадион қандай болады
Жаңартылған стадион 3600 көрерменге арналған. Бұрынғы нұсқасы шамамен 12 мың адамды қабылдай алғанымен, жаңа жобада қауіпсіздік пен функционал жұмысқа басымдық берілген.
Жаңа спорт нысанының жалпы аумағы 15 мың шаршы метрден асады. Құрылыс мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып жатыр. Арнайы мемлекеттік қордан жобаға 17 млрд теңге бөлінген.
Стадионда:
Нысан ашылғаннан кейін мұнда 8 бен 18 жас аралығындағы балаларға арналған олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Жоспар бойынша 750 бала осы кешенде жаттыға алады.
Қала әкімдігі жаңа стадион елордадағы бұқаралық және жасөспірімдер спортын дамытуға серпін береді деп отыр.
Қажымұқан есімі берілген тағы қандай нысандар бар
Қажымұқан Мұңайтпасов – қазақ тарихындағы тұңғыш халықаралық деңгейде танылған кәсіпқой балуан. Ол Франция, Германия, Ресей, Түркия және басқа да елдерде өткен жарыстарда топ жарып, қазақ атын әлемге танытқан тарихи тұлға ретінде белгілі.
Балуан тек спорттағы жетістігімен емес, елге жанашырлығымен де есте қалған. Соғыс жылдары халыққа көмек көрсету үшін қаржы жинап, қайырымдылық шараларына қатысқан.
Бүгінде Қажымұқан есімі Қазақстанның көптеген өңірінде ұлықталып келеді. Атап айтқанда, Шымкенттегі орталық стадионға, Астанадағы спорт мектеп-интернат-колледжіне балуанның есімі берілген. Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында Қажымұқанға арналған музей жұмыс істейді. Онда оның жеке заттары мен тарихи деректері сақталған.
Сондай-ақ елордада Қажымұқанға арналған мемориал орнатылған. Алматы, Семей және өзге де қалаларда оның есімі берілген көшелер бар. Бұл – қазақ спорты тарихында өшпес із қалдырған тұлғаға көрсетілген құрметтің бір көрінісі.
Автор: MNU 2-курс студенті Аружан Қали