30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыҚазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге өз бетінше тіркелуіне тыйым салу мәселесі талқыланып жатыр. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәмелетке толмағандарды зиянды контенттен қорғау туралы ұсынысынан кейін күн тәртібіне шықты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында да осы мәселені тағы еске салды. Президенттің айтуынша, жалпы қоғам өскелең ұрпақ үшін қолайлы, жайлы әрі ең бастысы қауіпсіз орта қалыптастыруға міндетті.
Осыған байланысты Үкімет заңнамалық деңгейде 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде аккаунт ашуына тыйым салу туралы бастама көтерді. Бұл тақырыпқа мен жуырда өткен тамыз конференциясы барысында егжей-тегжейлі тоқталған болатынмын. Мұндай шаралар қазір көптеген елде қолға алынып жатыр. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Бұл мәселе басым тәртіппен қаралуы керек деп есептеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент заң жобасын қабылдау кезінде оның қалай жүзеге асатынына қатысты барлық тетікті алдын ала мұқият пысықтау қажет екенін атап өтті. Себебі нормативтік-құқықтық актілер тек қағаз жүзінде қалып қоймауы керек.
Неліктен дәл 16 жас?
«Respublica» партиясының депутаты Олжас Құспеков бұл бастаманы қолдайтынын айтты. Оның пікірінше, балалардың ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау қабілеті әлі толық қалыптаспайтындықтан, әлеуметтік желілердегі контент олардың психологиясына әсер етуі мүмкін.
Төрт баланың әкесі ретінде олардың қандай контент көретініне үнемі назар аударамын. Арнайы қосымшалар бар. Мүмкін, олар мінсіз емес шығар, бірақ балаларымның ақпаратын барынша сүзгілеуге тырысамын, – деді депутат Ulysmedia журналисіне.
Әлеуметтік желілердің басты ерекшеліктерінің бірі – олардың контентті пайдаланушының қызығушылығына қарай автоматты түрде ұсынуы. Адам қандай да бір видеоны ұзақ көрсе немесе белгілі бір тақырыптағы жазбаларға жиі назар аударса, алгоритм соған ұқсас контентті көбірек ұсына бастайды.
Олжас Құспековтің айтуынша, балалар мұндай ақпарат ағынын әрдайым сыни бағалай алмайды. Оның үстіне алгоритмдер белгілі бір контентке психологиялық тәуелділікті қалыптастыруы мүмкін.
Сондықтан ұсынылып отырған шектеудің мақсаты – балалардың интернетке кіруіне толық тыйым салу емес, олардың әлеуметтік желілерді пайдалануын жас ерекшелігіне қарай реттеу.
Мессенджерлерге тыйым салынбайды
Маңызды мәселе – ұсынылып отырған шектеу барлық интернет-сервистерге қатысты болмайды.
Қазіргі ұсыныс бойынша 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде өз бетінше аккаунт ашуына тыйым салу көзделіп отыр. Ал мессенджерлер бұл шектеуге кірмеуі тиіс.
Яғни WhatsApp немесе басқа да хабар алмасу сервистерін қолдануға тыйым салу туралы сөз болып отырған жоқ. Негізгі назар әлеуметтік желілердегі ашық контент пен алгоритмдік ақпарат ағынына бағытталмақ.
Жас қалай тексеріледі?
Ең күрделі мәселенің бірі – пайдаланушының жасын анықтау. Қазір көптеген балалардың ұялы телефон нөмірі ата-анасының немесе басқа да ересек адамның атына тіркелген. Сондықтан платформаның нақты қолданушының жасын анықтауы қиын.
Депутат осы мәселені балаларға арналған арнайы SIM-карталар арқылы шешуге болатын нұсқаны ұсынды.
Оның айтуынша, баланың жасын ескере отырып, қазіргі SIM-карталарды қайта тіркеуге болады. Одан кейін арнайы бағдарламалық жүйелер баланың жас санатына сәйкес келмейтін контентке шектеу қоя алады.
Мысалы, балаға арналған нөмір арнайы санатқа тіркелсе, әлеуметтік желілер мен басқа платформалар сол аккаунттың кәмелетке толмаған адамға тиесілі екенін анықтап, белгілі бір функцияларды автоматты түрде шектеуі мүмкін.
Алайда бұл механизмнің нақты қалай жұмыс істейтіні әзірге белгісіз. Жас тексерудің техникалық тетіктері кейін жеке әзірленбек.
Арнайы балалар аккаунттары болуы мүмкін
Ұсыныстардың тағы бірі – ата-ананың бақылауындағы арнайы балалар аккаунттарын енгізу. Мұндай жүйеде ата-ана баласының қандай контент көретінін бақылап, белгілі бір функцияларды шектей алады. Бұл қазірдің өзінде кейбір платформаларда бар ата-ана бақылауы жүйелеріне ұқсас болуы мүмкін.
Дегенмен Қазақстандағы жаңа жүйенің нақты талаптары мен техникалық мүмкіндіктері заң жобасы қабылданып, тиісті механизмдер әзірленгеннен кейін ғана белгілі болады.
SuperVision жүйесі де әзірленіп жатыр
Балалардың қауіпсіздігіне қатысты ұсыныстардан бөлек, Қазақстанда ақпараттық кеңістікті бақылауға арналған SuperVision жүйесі әзірленіп жатыр.
Бұл туралы «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты. Оның пікірінше, жүйе ақпараттық тәуекелдерді ертерек анықтап, қоғамдағы күрт реакциялар мен ықтимал ақпараттық дағдарыстарды алдын ала байқауға көмектесуі тиіс.
Алайда министр технологияның өзі мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттыра алмайтынын атап өтті. Ол үшін ең алдымен нақты әрі шынайы ақпарат, мемлекеттік органдардың жылдам реакциясы және айтылған сөз бен нақты әрекеттің сәйкес келуі қажет. 16 жасқа дейінгі балаларға қатысты шектеу – әзірленіп жатқан өзгерістердің бір бөлігі ғана.
Қазақстан билігі онлайн-платформалардың тыйым салынған және деструктивті контентті жою талаптарын орындауына қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынып отыр.
Сонымен қатар жала жабу мен интернеттегі балағат сөздер үшін жауапкершілік мәселесін де онлайн ортаға тарату көзделген. Аида Балаева бұл шаралар интернетті шектеуге бағытталмағанын айтты.
Әңгіме интернеттің өзін шектеу туралы емес. Жауапкершіліктің негізгі нормалары офлайн және онлайн ортада бірдей жұмыс істеуі керек, – деді министр.
«Білім» сататындарға да бақылау күшейеді
Жаңа өзгерістер әлеуметтік желідегі контентпен ғана шектелмейді. Интернет арқылы оқыту, кеңес беру немесе кәсіби қызмет көрсететін адамдарға да талап қойылуы мүмкін. Яғни қолданушы ақылы курс немесе консультация ұсынатын адамның шынымен тиісті біліктілігі бар-жоғын білуі керек.
Бұл әсіресе әлеуметтік желілер арқылы өзін сарапшы ретінде таныстырып, білім мен кәсіби қызмет ұсынатын адамдарға қатысты болуы мүмкін.
Ұсынылып отырған шаралардың барлығы интернетті толық жабуға немесе балаларды цифрлық ортадан оқшаулауға бағытталмаған.
Негізгі мақсат – баланың жасына сәйкес келмейтін контентке қолжетімділігін шектеу, әлеуметтік желілердің ықпалына қатысты қауіптерді азайту және онлайн кеңістіктегі жауапкершілікті күшейту.
Алайда бұл бастаманың қалай жүзеге асатыны әлі нақты белгіленген жоқ. Әсіресе пайдаланушының жасын анықтау, ата-ана бақылауын ұйымдастыру және әлеуметтік желілердің жаңа талаптарды техникалық тұрғыдан орындауы маңызды мәселе болып отыр.
Сондықтан 16 жасқа дейінгі балаларға арналған әлеуметтік желі шектеуінің тиімділігі тыйымның өзінен гөрі, оның қалай іске асырылатынына байланысты болмақ.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды