12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлікҚазақстанның қаржы жүйесі мен экономикалық тәуелсіздігінің қалыптасуында ұлттық валютаның орны ерекше. 1993 жылғы 15 қарашада Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілді. Бұл күн ел тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде есте қалды. Содан бері 15 қараша Ұлттық валюта күні ретінде аталып өтеді.
Теңгенің айналымға енгізілуі Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде өз қаржы-несие саясатын жүргізуіне жол ашты. Бұған дейін ел аумағында кеңестік рубль қолданылып келген еді. Алайда Кеңес Одағы ыдырап, бұрынғы одақтас республикалар дербес экономикалық жүйе қалыптастыра бастаған тұста Қазақстан үшін де ұлттық валютаны енгізу қажеттілігі туындады.
1993 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық валютаны енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Ал 15 қарашадан бастап теңге ресми түрде айналымға енді. Алғашқы банкноттар Ұлыбританиядағы Harrison & Sons баспаханасында басылып шықты.
лттық валютаның алғашқы үлгілерінде қазақ халқының тарихында айрықша орны бар тұлғалардың бейнелері көрініс тапты. Атап айтқанда, әл-Фараби, Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы және Әбілқайыр ханның портреттері бейнеленді.
Алғашқы банкноттар 1, 3, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік номиналмен шығарылды. Олардың сыртқы бетінде қазақ халқының мәдениеті мен тарихи мұрасын танытатын табиғи көріністер, сәулет ескерткіштері және басқа да ұлттық құндылықтар бейнеленді. Мәселен, 50 теңгелік банкноттың сыртқы бетінде Маңғыстау өңіріндегі жартас суреттері орын алды. Бұл – ұлттық валютамыздың алғашқы үлгілерінде Маңғыстаудың да өзіндік орны болғанын көрсетеді.
Теңгенің алғашқы банкноттары шетелде басылғанымен, кейін Қазақстанда өз өндірісін қалыптастыруға басымдық берілді. 1995 жылғы 19 мамырда Алматы қаласында Ұлттық Банктің Банкнот фабрикасы ашылды. Сол жылдың 1 тамызында Қазақстан теңге сарайы коллекциялық монеталардың алғашқы тиражын шығарды. Осылайша елімізде ұлттық валютаны өндірудің отандық инфрақұрылымы қалыптасты.
Уақыт өте келе теңгенің сыртқы дизайны мен қорғаныш жүйесі бірнеше рет жаңартылды. 2006 жылы жаңа үлгідегі банкноттар айналымға енгізіліп, олардың дизайнында «Бәйтерек» монументі бейнеленді. Кейін «Қазақ елі» монументі мен еліміздің тарихи-мәдени мұрасын танытатын өзге де бейнелер банкноттарда көрініс тапты.
2023 жылы Ұлттық Банк «Сақ стилі» атты жаңа банкноттар сериясын таныстырды. Бұл серияда ежелгі сақ мәдениетінің көркемдік элементтері мен ұлттық нақыштар заманауи дизайнмен үйлестірілген. Жаңа банкноттарды кезең-кезеңімен айналымға енгізу көзделген. Мұндағы басты мақсат – ақшаның қорғаныш деңгейін күшейтіп қана қоймай, ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны кеңінен дәріптеу.
Бүгінде теңге тек қолма-қол ақша ретінде ғана емес, цифрлық форматта да дамып келеді. Қазақстанда цифрлық теңгені енгізу бағытында жұмыстар жүргізіліп, түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл төлем жүйесін жетілдіруге, қаржылық операциялардың ашықтығын арттыруға және экономиканың цифрлық инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. 2026 жылы цифрлық теңгенің құқықтық мәртебесі де бекітілді.
Ұлттық валютаның тұрақтылығы ел экономикасының дамуына тікелей әсер етеді. Теңгенің бағамы, инфляция деңгейі, халықтың сатып алу қабілеті мен отандық өндірістің жағдайы өзара тығыз байланысты. Сондықтан ұлттық валютаның құнын сақтау – тек Ұлттық Банктің ғана емес, тұтас экономиканың маңызды міндеттерінің бірі.
Айта кетейік, 15 қараша елімізде Қаржыгерлер күні ретінде де аталып өтеді. Бұл мереке банк саласы, қаржы ұйымдары, есеп және экономикалық жоспарлау бағытында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби күні саналады.
Отыз жылдан астам уақыт ішінде теңге бірнеше экономикалық кезеңді бастан өткеріп, елдің қаржы жүйесінің негізгі тірегіне айналды. Бүгінде ұлттық валюта – Қазақстанның мемлекеттік дербестігін айқындайтын маңызды нышандардың бірі. Оның тарихы тәуелсіздік жылдарындағы экономикалық өзгерістермен тығыз байланысты.
12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер