132 млрд доллар: Қазақстанның алтын қоры қайда сақталады?

132 млрд доллар: Қазақстанның алтын қоры қайда сақталады?

Назерке Чакирбаева
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанның алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қорындағы активтердің жалпы көлемі 132 миллиард доллардан асты. Елдің алтын қоры 386 тоннаға жеткен. Алайда осыншама байлықтың нақты қайда сақталатыны көпшілікке белгісіз. Ал мемлекет бұл қаражатты жол салуға, мектеп тұрғызуға немесе халықтың тұрмысын жақсартуға жұмсай ала ма? Біз Қазақстанның қаржылық қорына қатысты негізгі деректерді саралап көрдік.

132 миллиард доллардың қаншасы алтын?

Ұлттық банктің берген ресми мәліметіне сүйенсек, 2026 жылғы 30 қыркүйекте Қазақстанның алтын-валюта резервтері 65,9 миллиард долларды құраған. Бұған Ұлттық қордағы 66,5 миллиард долларлық валюталық активтерді қоссақ, мемлекеттің қаржылық жинағы 132,4 миллиард долларға жетеді. Бірақ бұл қаражатты бір шотта жатқан ақша деп түсінуге болмайды. Оның бір бөлігі алтын құймалары түрінде сақталса, енді бірі шетелдік бағалы қағаздарға, облигацияларға және депозиттерге орналастырылған.

Ең қызығы, Қазақстанның алтын-валюта резервтерінің шамамен 78 пайызын алтын құрайды. Қалған 22 пайызы шетел валютасы мен басқа да резервтік активтерге тиесілі.

2026 жылғы 12 қазанда Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Қазақстанның алтын қоры 386 тоннаға жеткенін хабарлады. Оның айтуынша, 2025 жылғы ақпанда алтын сатуды тоқтатқаннан кейін елдің алтын портфелі ұлғая түскен. Бұл алтынның басым бөлігі отандық өндіріс есебінен толықтырылады. Ұлттық банк қазақстандық кәсіпорындар өндірген, арнайы тазартылған алтынды сатып алады. Дегенмен алтынның көп болуы әрдайым артықшылық емес.

Алтынның әлемдік нарықтағы бағасы көтерілсе, Қазақстан резервтерінің доллармен есептелген құны да өседі. Ал бағасы арзандаса, алтын қорының физикалық көлемі өзгермеген күннің өзінде резервтің жалпы құны төмендеуі мүмкін.

Сондықтан Әлия Молдабекова резервтегі алтын үлесінің 78 пайызға жетуін шамадан тыс жоғары көрсеткіш деп бағалаған. Себебі мұндай жағдайда елдің қаржылық қоры бір активтің нарықтағы бағасына көбірек тәуелді болады.

Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанның жүздеген тонна алтыны қайда жатыр?

Елдің қанша алтыны бар екені белгілі болғанымен, оның нақты қай жерде сақталатыны ашық жарияланбайды. Ұлттық банк бұл ақпараттың қызметтік сипатта екенін және қауіпсіздік мақсатында жария етілмейтінін түсіндірген. Атап айтқанда, алтын құймаларының қанша тоннасы Қазақстанда, қанша бөлігі шетелдегі қоймаларда орналасқаны белгісіз. Сондай-ақ олардың нақты қай мемлекеттерде және қандай қаржы мекемелерінде сақталатыны айтылмайды.

Ұлттық банктің мәліметінше, алтын резерві физикалық құймалар, металдық шоттар және бір жылға дейінгі мерзімге орналастырылған алтын депозиттері түрінде сақталады.

Металдық шоттың кәдімгі банк шотынан айырмашылығы – онда ақша емес, бағалы металдың мөлшері есепке алынады. Ал алтын депозиті бағалы металды қаржы ұйымына белгілі бір шартпен орналастыруға мүмкіндік береді.

Алтынның сақталуы мен қозғалысы арнайы бақылауда болады. Ұлттық банк операциялардың есебін жүргізіп, қордағы қалдықтарды тексереді. Қаржылық есептілік сыртқы аудиторлық ұйымдардың тексеруінен де өтеді.

Миллиардтаған доллар шетелде жұмыс істеп жатыр

Қазақстанның алтын-валюта қорындағы активтердің барлығы алтын емес. Оның бір бөлігі шетел валютасында және халықаралық қаржы нарығындағы инвестициялар түрінде сақталады. Ұлттық банк АҚШ доллары, еуро, британ фунты, Аустралия және Канада долларлары сияқты валюталарды пайдаланады.

Қаражаттың бір бөлігі сенімді мемлекеттердің облигацияларына, халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына, сондай-ақ шетелдік орталық және коммерциялық банктердегі депозиттерге салынады. Мұндағы басты мақсат – резервтің құнын сақтау, қажет болған жағдайда қаражатты жылдам пайдалану және инвестициялық табыс алу.

Инвестиция салу кезінде қаржы ұйымдарының сенімділігі, активтердің өтімділігі, тәуекел деңгейі және қаражатты қайтару мерзімі ескеріледі.

Сондықтан Қазақстанның резервіндегі миллиардтаған доллар жай ғана сақталып жатқан қаражат емес. Оның бір бөлігі халықаралық қаржы нарығында инвестициялық актив ретінде жұмыс істейді.

Осынша ақша бола тұра, неге оны халыққа жұмсамайды?

Қазақстанның алтын-валюта резерві мен Ұлттық қорындағы қаражатты қосқанда 132,4 миллиард доллар шығады. Осындай соманы көргенде, бұл ақшаның бір бөлігін мектеп, аурухана, тұрғын үй салуға немесе әлеуметтік мәселелерді шешуге неге жұмсамасқа деген сұрақ туындайды.

Мәселе қаражаттың кімнің басқаруында екенінде ғана емес, оның қандай мақсатқа арналғанында. Алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор екі бөлек міндет атқарады.

Алтын-валюта резервтері елдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет. Ұлттық банк оларды валюта нарығындағы күрт өзгерістерді тежеуге, халықаралық қаржылық міндеттемелерді орындауға және резервтік активтерді басқаруға пайдаланады.

Ұлттық қор негізінен мұнай секторынан түсетін кірістер есебінен қалыптасады. Оның қаражаты ұзақ мерзімге инвестицияланып, болашаққа жинақталады. Сонымен қатар заңда белгіленген тәртіппен республикалық бюджетті қолдауға жұмсалуы мүмкін.

Ұлттық қордан бюджетке кепілдендірілген және нысаналы трансферттер аударылады. Ал алтын-валюта резервтерін тікелей мемлекеттік шығындарды өтеуге пайдалану қарастырылмаған.

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарёв басылымдарға берген пікірінде алтын-валюта резервтерін экономикалық дағдарысқа қарсы сақтандыру құралына теңейді. Оның түсіндіруінше, резервтегі валютаны жаппай теңгеге айырбастап, ішкі экономикаға бағыттау инфляциялық қысымды күшейтуі мүмкін. Өйткені айналымдағы ақша көбейгенімен, тауарлар мен қызметтер көлемі дәл сондай қарқынмен артпауы ықтимал.

Сарапшының пікірінше, мемлекеттің қаржылық қорын бағалағанда Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтерін бірге ескерген жөн. Алайда олардың әрқайсысының атқаратын қызметін шатастырмау маңызды.

Фото: AI көмегімен жасалды

Алтын қоры өсіп жатса, теңге неге әлсірейді?

Қазақстанның алтын-валюта резервтері көбейгенімен, бұл теңгенің долларға шаққандағы бағамы міндетті түрде нығаяды деген сөз емес. Елімізде теңгенің айырбас бағамы нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасады.

Долларға сұраныс артқан жағдайда оның бағасы қымбаттауы мүмкін. Бұған мұнай бағасы, инфляция, пайыздық мөлшерлемелер, халықаралық нарықтағы өзгерістер және басқа да экономикалық жағдайлар әсер етеді.

Алтын-валюта резервтері осы тұста маңызды құралға айналады. Мәселен, валюта нарығында доллар күрт қымбаттап, тұрақсыздық күшейсе, Ұлттық банк резервтегі шетел валютасын сатуы мүмкін. Нәтижесінде нарықтағы доллар ұсынысы артып, бағамның шамадан тыс құбылуын тежеуге мүмкіндік туады.

Алайда мұндай әрекет доллар бағамын белгілі бір деңгейде мәңгі ұстап тұруға арналмаған.

Андрей Чеботарёв те резерв арқылы нарықтағы дүрбелеңді бәсеңдетуге болатынын, бірақ экономикалық жағдайға сәйкес келмейтін бағамды ұзақ уақыт ұстап тұру мүмкін еместігін атап өткен. Оның пікірінше, Ұлттық банк валюта нарығындағы күрт ауытқуларға әрекет етіп қана қоймай, қабылдаған шешімдерінің себептерін қоғамға ашық түсіндіруі керек.

Қазақстанның қоры көрші елдермен салыстырғанда қаншалықты көп?

Әлемде ең ірі алтын-валюта резервтері бар мемлекеттердің бірі – Қытай. Оның резервтері үш триллион доллардан асады. Жапония мен Швейцарияның халықаралық резервтері де триллион доллармен есептеледі.

Қазақстан бұл мемлекеттерден әлдеқайда төмен тұрғанымен, Орталық Азиядағы ашық жарияланған көрсеткіштер бойынша алдыңғы орында. 2026 жылғы 30 қыркүйекте Қазақстанның алтын-валюта резервтері 65,9 миллиард доллар болған.

Ал Өзбекстанда 1 қарашадағы мәлімет бойынша бұл көрсеткіш 63,6 миллиард долларды құраған. Дегенмен Өзбекстан резервтерінің көлемі жыл ішінде айтарлықтай өзгерген. Мысалы, 1 қыркүйекте оның резервтері 72 миллиард доллардан асқан.

Қырғызстанның резерві 2026 жылғы қазанда шамамен 8 миллиард доллар болса, Тәжікстанда Дүниежүзілік банктің маусымдағы бағалауы бойынша 6,7 миллиард доллар болған.

Түрікменстанның резервтері жөніндегі толық әрі салыстыруға келетін ресми деректер ашық жарияланбаған.

Қазақстанның резерві қанша уақытқа жетеді?

Елдің қаржылық қауіпсіздігін бағалауда халықаралық ұйымдар резервтің импортты жабу мүмкіндігіне назар аударады. Яғни мемлекет шетелден сатып алатын тауарлар мен қызметтердің құнын резерв есебінен қанша уақыт төлей алатыны есептеледі.

Ұлттық банктің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанның алтын-валюта резервтері 9,9 айлық импортты жабуға жететін көлемде болған.

Халықаралық тәжірибеде кемінде үш айлық импортты қамтамасыз ете алатын резерв жеткіліктіліктің маңызды көрсеткіштерінің бірі саналады.

Алайда бұл барлық мемлекетке бірдей қолданылатын нақты шек емес.

Халықаралық валюта қоры резервтің жеткіліктілігін бағалағанда елдің қысқа мерзімді сыртқы қарызын, капиталдың сыртқа кету тәуекелін және экономиканың өзге де ерекшеліктерін ескеруді ұсынады. Сондықтан Қазақстанның резервін тек импортпен салыстыру жеткіліксіз. Оның сыртқы міндеттемелерге, қаржы нарығындағы өзгерістерге және ықтимал экономикалық дағдарыстарға төтеп беру мүмкіндігі де маңызды.

Елдің алтын қоры қарапайым қазақстандыққа не береді?

Алтын-валюта резервінің көбеюі халықтың табысы бірден өседі немесе азық-түлік арзандайды дегенді білдірмейді. Оның әсері күнделікті өмірде тікелей байқалмауы мүмкін.

Алайда мұнай бағасы күрт төмендеп, елдің экспорттық кірісі азайса, халықаралық нарықта дағдарыс басталса немесе теңге бағамы қатты құбылса, мемлекеттің қаржылық қоры маңызды рөл атқарады. Резервтер елдің халықаралық міндеттемелерін орындауға, қаржы нарығындағы қысымды азайтуға және экономикалық тұрақсыздықтың салдарын жұмсартуға мүмкіндік береді.

Андрей Чеботарёвтің пікірінше, Қазақстанның алтын қорының өсуі бір жағынан қаржылық қауіпсіздікті күшейтсе, екінші жағынан алтын бағасына тәуелділікті арттырады. Сондықтан резервті әртүрлі активтер арасында теңгерімді орналастыру маңызды.

Демек, Қазақстанның қаржылық байлығын тек миллиардтаған доллармен немесе жүздеген тонна алтынмен өлшеу жеткіліксіз. Ең бастысы – бұл қаражаттың қалай басқарылатыны, қаншалықты сенімді сақталатыны және ел экономикасы қиындыққа тап болған кезде қандай мүмкіндік беретіні маңызды.

Оқи отырыңыз

{