130 мың теңге: жатыр мойны обырының алдын алатын вакцина неге қымбат?

130 мың теңге: жатыр мойны обырының алдын алатын вакцина неге қымбат?

Көктем Қарқын
Фото: AI көмегімен жасалды

Соңғы жылдары жатыр мойны обырының алдын алуға арналған АПВ вакцинасы туралы жиі айтылып жүр. Бір қызығы, екпені Қазақстанда салдыруды қымбат санап, шетелге барып вакцина алатындар да бар. Ал ел ішінде бұл вакцинаны қайдан салдыруға болады, бағасы қанша және екпе алдында нені ескеру керек?

Адам папилломавирусы (АПВ) – жыныстық және жанасу арқылы тарайтын инфекция. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жатыр мойны обыры жағдайларының басым бөлігі осы вируспен байланысты. АПВ-ның кейбір түрлері сүйел мен кондиломалардың пайда болуына себеп болса, жоғары онкогенді түрлері жатыр мойны обыры сияқты ауыр ауруларға әкелуі мүмкін.

Вирустың өзін жоюға бағытталған арнайы ем жоқ. Алайда инфекцияның алдын алудың тиімді жолдарының бірі – вакцинация.

АПВ-ға қарсы қандай вакцина бар?

Акушер-гинеколог Нұрайна Зейнелдің айтуынша, АПВ-ға қарсы вакцинацияда Gardasil-9 препараты қолданылады. Вакцина АПВ-ның 9 түрінен, соның ішінде 6 және 11 типтерінен, сондай-ақ жоғары онкогенді 16, 18, 31, 33, 45, 52 және 58 типтерінен қорғайды.

Фото: daricare.kz

АПВ-ға қарсы вакцинация Gardasil-9 деп аталады. Үш дозадан тұрады. 0-2-6 схемасы бойынша алты ай ішінде үш рет салынады. Өмірінде бір рет толық курс алғаннан кейін қайта вакцина салдырудың қажеті жоқ, – дейді акушер-гинеколог Нұрайна Зейнел.

Вакцина ауруды емдемейді. Сондықтан оны вирус жұқтырмай тұрып салдыру тиімді. Мамандар вакцинацияны жыныстық өмір басталғанға дейін жүргізуді ұсынады. Дегенмен вакцина ересек жаста да қолданылуы мүмкін.

Вакцинаны қайдан салдыруға болады?

Gardasil-9 кейбір дәріханаларда сатылады. Алайда дәрігердің айтуынша, вакцинаны дәріханадан сатып алып, өз бетінше салдыруға болмайды.

Жалпы, дәріханаларда сатылады. Бірақ оны әйел адам өздігінен сатып алып, салдыруға болмайды. Себебі тасымалдау кезінде арнайы суық тізбек сақталуы керек. Вакцина тиісті температуралық режимнен шығып кетсе, оның тиімділігі төмендеуі мүмкін, – дейді Нұрайна Зейнел.

Сондықтан вакцинаны арнайы жағдайларда сақтайтын және оны медициналық талаптарға сай енгізетін клиниканы таңдаған маңызды.

Дәрігердің сөзінше, қалада жеке қабылдау жүргізетін гинекологтар да АПВ-ға қарсы вакцина салады.

Қалада жеке кеңес беретін гинекологтар көп. Оларға арнайы жеткізушілер вакцинаны мұз контейнерлерімен жеткізеді. Мен де өз емделушілеріме салып жүрмін, – дейді ол.

Вакцинация алдында арнайы талдаулардан немесе тексерулерден өту міндетті емес. Дегенмен екпе салатын күні адамның дене қызуы қалыпты болуы және жедел ауру белгілері болмауы керек. Созылмалы аурулары бар адамдар вакцинация алдында дәрігермен кеңескені жөн.

Бір дозасын салдыру – 130 мың теңге

Жеке клиникадағы баға әр мекемеде әртүрлі.

Бізде бір дозасы 130 мың теңге тұрады, – дейді акушер-гинеколог.

Ал i-teka.kz сайтындағы мәлімет бойынша, Gardasil вакцинасының бір дозасы шамамен 91 мыңнан 138 мың теңгеге дейін сатылады.

Фото: AI көмегімен жасалды

Егер вакцина үш дозалық схема бойынша салынатын болса, толық курс құны клиника мен вакцина бағасына қарай шамамен 273-414 мың теңге болуы мүмкін.

Вакцина барлық медициналық мекемеде бірдей қолжетімді емес. Сондықтан екпе салдырмас бұрын жеке клиникалардан оның бар-жоғын, бағасын және вакцинация қызметінің құнын нақтылап алған дұрыс.

Шетелде салдырған дұрыс па?

Әлеуметтік желілерде Gardasil вакцинасын Вьетнамда Қазақстанға қарағанда арзан салдыруға болады деген ақпарат кездеседі. Осыған байланысты кей азаматтар екпені шетелде алуды таңдап жүр.

Алайда Нұрайна Зейнел мұндай жағдайда вакцинацияны тек бағасына қарап таңдауға болмайтынын айтады. Ең бастысы – препараттың түпнұсқалығы, сақтау және тасымалдау талаптарының сақталуы.

Дәрігердің айтуынша, Ресейде Gardasil вакцинасының бағасы Қазақстандағы құнынан да жоғары болуы мүмкін.

Сондықтан АПВ-ға қарсы вакцина салдыру кезінде ең алдымен препараттың қалай сақталғанына, медициналық мекеменің лицензиясына және вакцинаны енгізетін маманның біліктілігіне назар аударған жөн.

Балаларға вакцина тегін салынады

Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцинация бағдарламасы да іске қосылған. 11-13 жастағы қыздарға ата-анасының жазбаша келісімімен вакцина тегін салынады. Ол үшін ата-ана баланы тіркелген емханадағы егу кабинетіне апарып, учаскелік дәрігерге жүгінуі керек.

АПВ-ға қарсы вакцинация – жатыр мойны обырының алдын алудың маңызды тәсілдерінің бірі. Дегенмен вакцина алған әйелдер де гинекологқа тұрақты түрде қаралып, жатыр мойны обырына скринингтен өтіп тұруы қажет.

Оқи отырыңыз

{