12 әскери қызметшінің қазасы: Каспийдегі оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды

12 әскери қызметшінің қазасы: Каспийдегі оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды

Аян Қайырбаев
Фото: Қорғаныс министрлігі

Каспий теңізінің акваториясында оқу-жауынгерлік тапсырма кезінде оқыс жағдайға ұшыраған әскери қызметшілерді іздеу бойынша тәулік бойы үздіксіз операция жүргізілуде.

Үкіметтік комиссияның тапсырмасына сәйкес, іздестіру-құтқару жұмыстарына 252 әскери қызметші мен қызметкер, 34 арнайы техника, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер және 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылған. Олардың қатарында төрт тікұшақ бар.

Операцияға Қорғаныс министрлігі, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдары қатысуда. Су айдыны, жағалау және оған іргелес аумақтар әуеден және теңізден тұрақты бақылауда.

Оқиға орнындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов тікелей басшылық етуде. Жедел штаб ведомстволардың күштері мен құралдарының жұмысын үйлестіруде.

Алдын ала мәлімет бойынша, ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан ашық теңізге 17 әскери қызметші кеткен. Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде үш әскери қызметші құтқарылған. 12 әскери қызметші қаза тапты, тағы екі адамды іздеу жұмыстары жалғасуда.

Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, арнайы комиссия оның себептері мен мән-жайларын анықтап жатыр. Қаза болғандардың отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге материалдық әрі психологиялық көмек көрсетілуде.

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды.

Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Кейінірек әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.

Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтін болды.

25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болатыны белгілі болды.

Оқи отырыңыз

{