Бүгiн, 12:12
Олимпиадада үздік шығып, кейін медицинада табысқа жеткен чемпиондарҒалымдар динозавр сүйектерінде эритроциттер мен гемоглобиннің құрамдас бөліктері сияқты биомолекулалар миллиондаған жыл бойы сақталуы мүмкін екенін дәлелдеді.
Бұл жаңалық жер бетінен жойылған соң олардың ағзасындағы органикалық заттар уақыт өте толық ыдырап кетеді деген түсінікке күмән келтіреді.
Бұған дейін де ғалымдар динозавр сүйектерінен ақуыздар мен жасушалардың қалдықтарын тапқанын хабарлаған. Алайда олардың динозаврға тиесілі екенін нақты дәлелдеу қиын болған. Өйткені бұл заттар жануар өлгеннен кейін сүйекке сырттан енген болуы да мүмкін.
Бұл жолы Кертин университетінің (Аустралия) ғалымдары бастаған халықаралық зерттеу тобы химиялық талдау арқылы табылған жасушалардың табиғатын анықтаған. Proceedings of the National Academy of Sciences ғылыми журналында жарияланған зерттеуде жасы шамамен 115 миллион жыл болатын Aratasaurus museunacionali атты шағын теропод динозаврының оң жақ аяғындағы сүйектен минералданған эритроциттер мен гемнің сақталған молекулалары табылғаны баяндалады.
Қазба 2008 жылы Бразилияның солтүстік-батысындағы шахталардың бірінен табылған. Сүйекті мұқият зерттеген ғалымдар оның ішіндегі қан тамырларының қазбаға айналған арналарын байқайды. Сол арналардың бойынан эритроциттерге ұқсайтын көптеген сопақша микроскопиялық құрылым анықталған. Зерттеушілер болжамның дұрыстығын тексеру үшін осы құрылымдардың өзін де, оларды қоршаған сүйек тінін де бірнеше әдіспен талдаған.
Алғашқыда бұл құрылымдар динозавр өлгеннен кейін, сүйек тасқа айналғанға дейін оның ішіне енген саңырауқұлақтар немесе басқа микроағзалардың қалдығы болуы мүмкін деген болжам қарастырылған. Бірақ мұндай жағдайда саңырауқұлақ жіпшелерінің, споралардың, биоқабықшалардың немесе өзге де микроағзаларға тән белгілердің табылуы керек еді. Зерттеу барысында олардың ешқайсысы анықталмаған. Геохимиялық талдау да жасушалармен шатастыруға болатын пирит минералдануының немесе шөгінді бөлшектердің ізін көрсетпеген.
Керісінше, микроскопиялық құрылымдардың ішінен қан жасушаларына тән қосылыс – гем табылған. Ол гемоглобиннің құрамына кіреді. Ал гемоглобин қан жасушалары арқылы оттегін тасымалдауға жауап береді.
Ғалымдар қазба үлгісінің әр бөлігінде қандай химиялық элементтер бар екенін анықтау үшін элементтік карталау әдісін қолданған. Нәтижесінде эритроциттерге ұқсайтын құрылымдардан темір, көміртек және азот табылған. Бұл элементтер гемнің құрамына кіреді. Ал сүйектің басқа бөліктерінде фосфор, кальций, фтор және көміртек басым болған.
Зерттеушілер жоғары тиімді сұйықтық хроматографиясын масс-спектрометрия әдісімен ұштастыра отырып, сүйектен алынған үлгіде гемнің B түрі басым екенін анықтаған. Бұл – қан құрамында кең таралған гем түрі. Оның мөлшері мен құрамы айналадағы тау жыныстарынан алынған үлгілерден айтарлықтай ерекшеленген. Ал тау жыныстарында фотосинтез жасайтын микроағзалардың тіршілік әрекетінен қалған іздер болуы мүмкін екені байқалған.
Осы талдаулардың нәтижесі қан тамырларының арналарынан табылған сопақша құрылымдардың динозаврдың өз қан жасушалары екенін растаған. Ғалымдардың айтуынша, бұл – жасы шамамен 115 миллион жыл болатын динозавр қан жасушаларының қалдықтары.
Қан жасушалары қалайша миллиондаған жыл сақталған?
Ғалымдар болжамынша, динозавр өлген соң көп ұзамай суы тайыз, оттегі тапшы әрі микроағзалар көп ортаға көміліп қалған. Оның сүйегіндегі жасушалардың осынша ұзақ уақыт сақталуына осы жағдай әсер еткен болуы мүмкін.
Сол ортада эритроциттер гаусманит деп аталатын марганец оксидімен біртіндеп минералданған. Зерттеушілер пікірінше, минерал жасушаларды сыртынан қаптап, оларды табиғи жолмен сақтап қалған. Соның арқасында жасушалардың пішіні де, ішіндегі биомолекулалар да миллиондаған жыл бойы бұзылмай жеткен.
Соған қарамастан, ғалымдар бұл жаңалыққа бірден түпкілікті тұжырым ретінде қарауға асықпайды. Зерттеу нәтижесін растау үшін өзге динозавр сүйектеріне де осындай талдау жасап, одан дәл осындай іздер табыла ма, соны тексеру қажет.
Бүгiн, 12:12
Олимпиадада үздік шығып, кейін медицинада табысқа жеткен чемпиондар2 Қараша, 17:51
Математика, физика және химия есептерін шығаруға көмектесетін алты нейрожелі2 Қараша, 10:44
Формула-1 тарихын жаңартқан Кими Антонелли: 20 жасында чемпион атанған жас жүйрік29 Қазан, 09:00
«Пышақ сабын арқар мүйізінен жасаймын»: қазақ ұстасының қайталанбас қолөнер туындылары