10 мың теңгелік ұлттық киім: отандық бренд қазақы нақышты қалай күнделікті сәнге айналдырды?

10 мың теңгелік ұлттық киім: отандық бренд қазақы нақышты қалай күнделікті сәнге айналдырды?

Диана Орынбасар
Фото: Фото: AI көмегімен жасалды

Ұлттық киімге деген қызығушылық артқан сайын қазақы нақыштағы бұйымдарды күнделікті сәнге айналдыруға ұмтылған отандық брендтер де көбейіп келеді. Солардың бірі – Шымкентте құрылған ALAN бренді. Ағайынды Нұрбақыт пен Ақниет Байтандар отбасынан жалғасқан тігіншілік өнерді кәсіпке айналдырып, бүгінде өнімдерін Қазақстаннан бөлек, АҚШ пен Еуропа елдеріне де жөнелтіп отыр. El.kz тілшісі бренд негізін қалаушы Нұрбақыт Байтанмен ұлттық киім өндірісінің ерекшеліктері, шетелдік тапсырыстар және әлеуметтік желі арқылы сауданы дамыту жолдары туралы әңгімелесті.

Брендтің тарихы 2022 жылдан бастау алған. Бірақ Нұрбақыт Байтанның отбасы үшін тігіншілік бұрыннан таныс кәсіп. Оның нағашы атасы Алтынбек Түркістан қаласында ұлттық бас киім тігумен айналысқан белгілі шебер болған. Кейін бұл өнерді қызы, яғни Нұрбақыттың анасы меңгерген. Ал 2022 жылы Нұрбақыт қарындасы Ақниетпен бірге отбасылық кәсіпті жаңа бағытта дамытып, жеке брендін құрған.

Бұл кәсіпті алғаш нағашы атам Алтынбек бастаған. Ол Түркістан қаласында қазақы нақыштағы ұлттық бас киімдер тіккен. Кейін анам осы өнерді үйренді. Біз де бала кезімізден тігіншіліктің қыр-сырын көріп өстік. Сөйтіп, 2022 жылы қарындасым екеуміз жеке брендімізді аштық, – дейді кәсіпкер.

Фото: Нұрбақыттың архивінен

Қазір Шымкенттегі шеберханада бес тігінші еңбек етеді. Кәсіптің күнделікті жұмысына Нұрбақыттың анасы, қарындасы мен ағасы да атсалысады. Осылайша, бірнеше ұрпақ бойы жалғасқан қолөнер бүгінде тұтас отбасының ортақ ісіне айналған.

Ұлттық киімнің бағасы 10 мың теңгеден басталады

Кәсіпкерлер брендті құрған кезде алдына нақты мақсат қойған. Ол – ұлттық нақыштағы киімдерді тек мерекелік шараларда емес, күнделікті өмірде де киюге ыңғайлы әрі көпшілікке қолжетімді ету. Нұрбақыттың айтуынша, ұлттық киімнің бағасы қымбат деген түсінік әлі де кездеседі. Сондықтан олар өнім құнын барынша қолжетімді деңгейде ұстауға тырысады. Қазір брендтің бір бұйымы 10 мыңнан 30 мың теңгеге дейін сатылады.

Бастапқы мақсатымыз қазақы нақыштағы киімдерді көпшілікке қолжетімді ету болды. Өйткені ұлттық киім қымбат деген түсінік бар. Қазір адамдар қазақы киімдерді күнделікті өмірде киіп, сәнге айналдыра бастады. Біз де осы үрдісті қолдап, бағамызды қолжетімді деңгейде сақтап отырмыз, – дейді Нұрбақыт Байтан.

Фото: Нұрбақыттың архивінен

Кәсіпкердің сөзінше, сатып алушыны қызықтыру үшін киімнің сыртқы көрінісі мен бағасы ғана жеткіліксіз. Оның тарихын, ерекшелігін және ұлттық мәнін де түсіндіре білу маңызды. Сондықтан бренд әлеуметтік желілердегі бейнероликтерінде өнімдерін таныстырумен қатар, ою-өрнектердің мағынасы мен шығу тарихына да тоқталады.

Біз киімдерімізді креативті түрде көрсетуге тырысамыз. Әр бұйымның тарихын айтып, ою-өрнектердің қандай мағына беретінін түсіндіреміз. Адамдардың біздің өнімдерге қызығушылық танытуына осы тәсіл де әсер етеді деп ойлаймын, – дейді ол.

Шымкентте тігілген киімдер шетелге жөнелтіледі

Бүгінде отандық брендтің өнімдеріне Қазақстаннан тыс жерлерден де тапсырыс түседі. Әсіресе Ресейдегі сатып алушылар белсенді. Бұдан бөлек, Польша, Германия, АҚШ, Эстония, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан да тапсырыс бергендер бар. Кәсіпкердің айтуынша, шетелге жөнелтілетін киім саны ай сайын өзгеріп отырады. Кей айларда он шақты бұйым шетелдік тұтынушыларға жеткізіледі.

Бізге көбіне Ресейден тапсырыс келеді. Сонымен қатар Польша, Германия, АҚШ, Эстониядан да тапсырыстар болды. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан да алушылар бар. Кей айларда шетелге он шақты киім жөнелтеміз, – дейді кәсіпкер.

Фото: Нұрбақыттың архивінен 

Нұрбақыт үшін шетелдік тапсырыстардың түсуі отандық өнімге Қазақстаннан тыс жерлерде де қызығушылық бар екенін көрсетеді. Дегенмен кәсіпкерлер әзірге өндірісті Шымкентте сақтап, тапсырыстарды сол жерден жөнелтеді.

TikTok тапсырыстың негізгі көзіне айналған

Нұрбақыт Байтанның айтуынша, бүгінде брендке түсетін тапсырыстардың шамамен 65 пайызы TikTok арқылы келеді. Қалған бөлігі Instagram, Threads және Шымкенттегі дүкен арқылы түседі. Кәсіпкер әлеуметтік желіні тек жарнама алаңы ретінде емес, сатып алушымен тікелей байланыс орнатудың тиімді құралы деп санайды. Әсіресе өнімнің дайындалу ерекшелігін, ұлттық нақышын және қолданылуын көрсететін бейнероликтерге мән береді. Бір қызығы, брендтің әлеуметтік желідегі контентін арнайы агенттік немесе сырттан жалданған мамандар емес, отбасы мүшелерінің өздері дайындайды.

Бейнелердің бәрін көбіне өзіміз түсіреміз. Өйткені өз тауарыңның құндылығын өзің жақсы білесің. Сырттан SMM маманын жалдасаң, ол өнімнің ерекшелігін сен сияқты жеткізе алмауы мүмкін. Сондықтан контентті өзіміз жасап, тікелей эфирлерге де шығып жүрміз, – дейді ол.

Фото: Нұрбақыттың архивінен

Кәсіпкердің айтуынша, тікелей эфирлер онлайн сауданың маңызды бөлігіне айналып келеді. Мұндай форматта сатып алушы өнімді көріп қана қоймай, оның ерекшеліктері туралы сұрақтарын бірден қоя алады. Нұрбақыт әлеуметтік желідегі табысты тек қаралым санымен өлшемейді. Ол үшін ең маңыздысы – көрерменнің өнімге қызығушылық танытып, нақты тапсырыс беруі.

«Беделің болмаса, бизнесіңнің болашағы жоқ»

Өнім бағасын қолжетімді деңгейде сақтау кәсіпкерлерді сапаға қойылатын талапты төмендетуге итермелемеуі керек. Нұрбақыт Байтан бизнестің тұрақты дамуы тұтынушы сеніміне тікелей байланысты екенін айтады. Оның сөзінше, қысқа мерзімде пайда табудан гөрі брендтің беделін қалыптастырып, сатып алушылардың сенімін сақтау маңызды.

Біздің мақсатымыз тек қазір табыс табу емес. Кәсібімізді болашақта да дамытқымыз келеді. Ал ол үшін беделің болуы керек. Егер беделің болмаса, бизнесіңнің де болашағы жоқ деп есептеймін. Сондықтан өнім сапасына ерекше көңіл бөлеміз, – дейді кәсіпкер.

Оқи отырыңыз

{