27.04.2026
15:20
295

«10 миллиард кімге кетті? Базарбек «болашақтықтардың» тізімін жариялауды талап етті

Мәжілісте «Болашақ» бағдарламасына қатысты сын айтылды. Депутат Бақытжан Базарбек шетелде мемлекет есебінен білім алып жүргендердің арасында лауазымды тұлғалардың туыстары болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Менің бағалауымша, біреулердің балалары мен туыстарының шетелде оқуына шамамен 10 миллиард теңге жұмсалған, – деді депутат.

Депутат келтірген мәліметке сәйкес, тексеріс барысында бірқатар заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, 881 үміткер талапқа сай келмеген. Сонымен қатар 151 стипендия бойынша қаржы лимиті 2,5 миллиард теңгеден асып кеткен. Ал 71 адам «жасырын» түрде қабылданып, бір-біріне кепілгер болған.Базарбек бұл жағдайлардың жүйелі сипат алып отырғанын айтты. Оның сөзінше, мемлекет қаржысына білім алған кейбір азаматтардың кейін сыбайлас жемқорлық істеріне ілігіп жатуы қоғамда сұрақ туғызады.

Жаңалықтардан бір шенеуніктің тағайындалғанын көреміз, арада бірнеше жыл өткен соң оның жемқорлық үшін ұсталғаны белгілі болады. Кейін оның “Болашақ” түлегі екені анықталады. Осындайда біз кімді оқытып жатырмыз деген сұрақ туындайды, – деді ол.

Жоғарғы аудиторлық палата деректеріне сүйенген депутат бұл фактілердің кейбірі қылмыстық іс қозғауға негіз болуы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ ол жауапты органдарды ашықтыққа шақырды. Оның пікірінше, уәкілетті министрлік нақты тізімді жариялауы тиіс. Ал Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы құқық қорғау органдарымен бірлесіп, барлық заңбұзушылықты тексеруі қажет.

«Болашақ» бағдарламасы кімдерге арналған?

«Болашақ» – қазақстандықтарға шетелдің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік стипендия. Бағдарламаға жоғары білім алған, шет тілін меңгерген және кәсіби тәжірибесі бар азаматтар қатыса алады. Соңғы жылдары талаптар күшейтіліп, үміткерлерден нақты мамандық, жұмыс тәжірибесі және елге оралғаннан кейін еңбек ету міндеттемесі талап етіледі.

Жыл сайын қанша адамға мүмкіндік беріледі?

Бағдарлама аясында жыл сайын бірнеше жүз азаматқа стипендия беріледі. Нақты квота жылға және мемлекеттік басымдықтарға байланысты өзгеріп отырады. Әдетте үміткерлер магистратура, докторантура және тағылымдамалар бойынша іріктеледі. Бағдарламаны аяқтаған түлектер Қазақстанға оралып, белгілі бір мерзім ел ішінде жұмыс істеуге міндетті.