1 желтоқсаннан бастап тыйым салынады: ІІМ жүргізушілерге ескерту жасады

1 желтоқсаннан бастап тыйым салынады: ІІМ жүргізушілерге ескерту жасады

Көктем Қарқын
Фото: El.kz архиві

Қыс мезгілінің жақындауына байланысты Қазақстанның бірқатар өңірінде қар, жаңбыр, көктайғақ және қатты жел күтіледі. Ауа райының күрт өзгеруі жолдағы қауіпсіздікке әсер етіп, жол-көлік оқиғаларының қаупін арттыруы мүмкін. Осыған орай Ішкі істер министрлігі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге маңызды ескерту жасады.

26 қарашадан бастап еліміздің кейбір аймақтарында жауын-шашын болып, жел күшейеді деп болжанып отыр. Әсіресе көктайғақ кезінде жол қозғалысы қиындайды. Мұндай жағдайда жүргізушінің көлікті басқаруы қиындап, тежеу қашықтығы әдеттегіден ұзаруы мүмкін.

Неліктен қауіпті?

Көктайғақ кезінде автомобиль дөңгелектерінің жолмен ілінісуі төмендейді. Соның салдарынан көлік тежегішті басқан кезде бірден тоқтамай, сырғанап кетуі мүмкін. Ал қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын жолдағы көріну қашықтығын азайтады.

Осыған байланысты ІІМ жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, көліктер арасындағы қашықтықты арттыруға кеңес берді. Сонымен қатар күрт бұрылудан, кенеттен тежеуден аулақ болып, жолға шығар алдында ауа райы болжамын ескеру қажет. Қолайсыз ауа райында қала сыртына шығуды кейінге қалдырған жөн.

Қысқы дөңгелек міндетті

Министрлік жүргізушілерге жыл сайынғы маусымдық талапты да еске салды. Қазақстанда 1 желтоқсаннан 28 ақпанға дейін қысқы шиналарсыз көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады.

Бұл талап автомобильдің барлық доңғалағына қатысты. Яғни қысқы шиналар тек алдыңғы немесе артқы дөңгелектерге ғана емес, төрт доңғалаққа да орнатылуы керек.

Қысқы шиналар суық ауа райында жолмен жақсы ілінісуге арналған. Олардың резеңке құрамы төмен температурада икемділігін сақтап, арнайы протекторлары қар мен тайғақ жолда көліктің тұрақтылығын жақсартуға көмектеседі.

Жаяу жүргіншілер нені ескеруі керек?

Қолайсыз ауа райында жолдағы қауіп тек жүргізушілерге ғана төнбейді. Көктайғақ кезінде жаяу жүргіншілер де жолдан өткенде барынша сақ болуы қажет. Себебі тайғақ жолда жүргізуші көлікті бірден тоқтата алмайды.

ІІМ өкілдері жолды кесіп өтпес бұрын жүргізушінің жаяу жүргіншіні байқағанына және жол беріп тұрғанына көз жеткізуді ескертеді. Сондай-ақ жолдан өтер кезде телефонға қарамау, құлаққапты шешу және көру аймағын шектейтін капюшонды пайдаланбау ұсынылады.

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы Архат Төлегеновтің айтуынша, полиция қызметкерлеріне жолда қиын жағдайға тап болған азаматтарға қажетті көмек көрсету тапсырылған.

Ведомство өкілдері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін сақтап, қыс мезгілінде қауіпсіздікке ерекше мән беруге шақырды.

Оқи отырыңыз

{