30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты1 қыркүйектен бастап Қазақстанда шетелден автокөлік әкелуге қатысты бақылау күшейеді. Жаңалық тарағаннан кейін жүргізушілер арасында «енді шетелден көлік әкелу мүмкін болмай ма?», «көлік бағасы қымбаттай ма?», «жаңа алым енгізіле ме?» деген сұрақтар көбейді. Алайда әңгіме жаңа салық немесе барлық импорттық көлікке қойылатын тыйым туралы емес. Негізгі өзгеріс – көліктің елге қандай мақсатпен әкелінетініне қарай кедендік рәсімдеу тәртібін нақты ажырату.
1 қыркүйектен нақты не өзгереді?
Бұдан былай шетелден әкелінетін автокөліктің жеке пайдалануға арналғаны немесе коммерциялық мақсатта жеткізілгені ескеріледі.
Жеке тұлға өзі пайдалану үшін әкелген көлікті жолаушылар кедендік декларациясы арқылы рәсімдейді. Ал жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар сату немесе өзге де коммерциялық мақсатта әкелетін көліктер тауарларға арналған декларация арқылы рәсімделуге тиіс.
Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, мұндай тәртіп көліктің кім және қандай мақсатпен әкелгенін ажыратуға мүмкіндік береді.
Бұл жерде маңызды бір жайт, жеке тұлғаның шетелден көлік әкелуіне тыйым салынып отырған жоқ. Мәселе жеке пайдалануға арналған импорт пен кәсіпкерлік мақсаттағы тасымалды бір-бірінен ажыратуда.
Неліктен бақылау күшейтілді?
Мемлекеттік органдардың мәліметінше, кейбір компаниялар көлікті жаппай тасымалдағанымен, оны коммерциялық импорт ретінде емес, қарапайым азаматтардың атына рәсімдеп келген.
Осылайша заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды айналып өтуге мүмкіндік туған. Соның салдарынан бюджетке тиісті кедендік төлемдер толық түспеуі және талапқа сай рәсімделмеген көліктердің нарыққа шығуы мүмкін.
Бұған қоса, елге заңсыз әкелінген көліктер арасында шетелде іздеуде жүрген, ұрланған немесе басқа көліктің құжаттарымен рәсімделген автомобильдер де анықталған.
Сондықтан Үкімет биыл жазда тиісті министрліктерге «сұр» импортпен күресті күшейтіп, кедендік рәсімдеу мен техникалық реттеуге қатысты қолданыстағы талаптардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырған.
Бір адам жылына қанша көлік әкеле алады?
Жеке пайдалануға арналған көліктерге қатысты бұрыннан бар шектеу сақталады. Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, жеке тұлға бір жыл ішінде бір автокөлікті жеке пайдалану мақсатында әкеле алады. Егер әкелінген көлік саны жылына бір данадан асса, ол кәсіпкерлік қызметке арналған деп қарастырылады.
Демек, 1 қыркүйектен бастап пайда болған жаңа шектеу деп түсінуге болмайды. Бұл талап бұған дейін де болған. Ендігі мақсат – оның орындалуын қатаң бақылау.
Көлік бағасы қымбаттай ма?
Көпшілікті алаңдатқан негізгі мәселе де осы. Қазір 1 қыркүйектен бастап кәдеге жарату алымы өседі, алғашқы тіркеу құны қымбаттайды немесе арнайы жаңа кедендік баж енгізіледі деген ресми ақпарат жоқ.
Мемлекеттік кірістер комитеті бұған дейін де автокөлік әкелуге қатысты кедендік төлем мөлшерлемелері өзгереді деген ақпаратты жоққа шығарған.
Сондықтан «1 қыркүйектен бастап Қазақстандағы барлық көлік бірден қымбаттайды» деуге негіз жоқ. Алайда өзгеріс параллель импорт арқылы жеткізілетін кейбір автомобильдердің бағасына жанама әсер етуі мүмкін.
Неліктен «сұр» көліктер арзанырақ?
Мұндай көліктердің ресми дилердегі бағадан едәуір арзан болуы сатып алушыларды қызықтырады. Автосарапшы Алексей Алексеев 24KZ телеарнасына келтірген мысалда Қытайда 5 миллион теңге тұратын автомобиль Қазақстандағы ресми автосалонда 10 миллион теңге тұруы мүмкін екенін айтты. Ал «сұр» импорт арқылы әкелінген жағдайда оның құны шамамен 7,5 миллион теңгеге түсуі ықтимал.
Қымбат автомобильдерде айырма бірнеше миллион теңгеге жетуі мүмкін. Бірақ төмен бағаның өз тәуекелі бар. Ресми арнадан тыс әкелінген көліктің өндіруші кепілдігі болмауы, Қазақстанда оған арналған ресми сервис жұмыс істемеуі мүмкін. Кейбір маркалардың елде ресми дилері мүлде жоқ.
Бұдан бөлек, сатып алушы көліктің құқықтық тарихын да мұқият тексеруге тиіс. Ішкі істер министрлігі шетелден әкелінген автомобильді сатып аларда оның заңдылығын, құжаттарын, кедендік рәсімделуін және көлік құралының электрондық паспорты туралы деректерді тексеруді ұсынады.
Баға 10-15 пайызға өсуі мүмкін бе?
Нарықтағы кейбір сарапшылар параллель импортпен әкелінетін көліктердің бір бөлігі 10-15 пайызға қымбаттауы мүмкін деген болжам айтады. Алайда бұл – ресми түрде бекітілген баға өсімі емес, сарапшылардың болжамы.
Бағаның қалай өзгеретіні жаңа тәртіптің іс жүзінде қалай қолданылатынына, импорттаушылардың шығынына және нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты болады.
Ресми дилерлер арқылы сатылатын және Қазақстанда құрастырылатын автомобильдерге 1 қыркүйектен бастап арнайы баға өсімі енгізілген жоқ.
«Сұр» импорт деген не?
«Сұр» импорт атауы көбіне тауарды өндірушінің немесе ресми дистрибьютордың Қазақстандағы ресми сату арнасынан тыс әкелуге қатысты қолданылады.
Автокөлік нарығында мәселе мұндай тасымалдың заң талаптарына сай рәсімделуінде. Егер көлік жеке пайдалану деген желеумен әкелініп, іс жүзінде жүйелі түрде қайта сатылса, ол коммерциялық қызмет ретінде қарастырылуы мүмкін.
Сондықтан 1 қыркүйектегі өзгерістің негізгі мақсаты – азаматтардың шетелден өзіне көлік сатып алуына тыйым салу емес, жеке және коммерциялық импорттың аражігін нақты ажыратып, заңсыз тасымалға тосқауыл қою.
Қарапайым сатып алушы нені білуі керек?
Қысқаша айтқанда, 1 қыркүйектен бастап:
Сондықтан шетелден автомобиль сатып алуды жоспарлаған адам тек оның бағасына емес, қалай әкелінгеніне, кедендік рәсімдердің дұрыс жүргізілгеніне, құжаттары мен құқықтық тарихына да назар аударғаны жөн.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды