1 қыркүйектен бастап не өзгереді: қазақстандықтар нені білуі керек?

1 қыркүйектен бастап не өзгереді: қазақстандықтар нені білуі керек?

Ажар Лаубаева
Фото: El.kz архиві

Күздің алғашқы айы қазақстандықтар үшін бірқатар өзгеріспен басталады. Қыркүйекте мектептегі бағалау тәртібінен бастап зейнетақы жинағын басқару, декларация тапсыру, тұрғын үй бөлу, тауарларды таңбалау мен паспорт рәсімдеуге дейін бірнеше жаңашылдық күшіне енеді. Сондай-ақ Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялап, елде тұмауға қарсы вакцинация басталады. El.kz қыркүйекте қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұрғанын жинақтады.

Бастауыш сынып оқушыларын бағалау тәртібі өзгереді

2026-2027 оқу жылынан бастап 2-4-сынып оқушыларының білімін бағалаудың жаңартылған тәсілі енгізіледі. Критериалды бағалау жүйесі сақталғанымен, күнделікті қалыптастырушы бағалаудың тоқсандық бағаға әсері күшейеді.

Бұған дейін қалыптастырушы бағалау қорытынды нәтиженің 25 пайызын құраса, енді оның үлесі 50 пайызға дейін артады. Яғни оқушының тоқсан бойындағы күнделікті жұмысы қорытынды бағаның жартысына әсер етеді.

Сонымен қатар бөлім бойынша және тоқсан бойынша жиынтық бағалаудың орнына оқу нәтижесін тексерудің аралық түрлері қолданылады. Мұғалімдер диктант, мазмұндама, бақылау, практикалық немесе шығармашылық жұмыстар өткізе алады.

Жаңа тәртіп бойынша педагог тоқсан ішінде әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалауы қажет. Мәселен белгілі бір пәннен тоқсанда 30 сабақ өтсе, оқушы кемінде тоғыз сабақта қалыптастырушы балл алуға тиіс. Ал 1-сынып оқушыларына баға қою тәртібі өзгеріссіз қалады.

Фото: El.kz архиві

Мектеп бағдарламасына жаңа курстар қосылады

Жаңа оқу жылында білім мазмұны да жаңарады. 5-7-сынып оқушылары «Конституция негіздері», ал 8-11-сыныптар «Заң және тәртіп» курсын оқиды. 5-11-сыныптарға арналған «Жеке қауіпсіздік» курсы да міндетті оқу бағдарламасына енгізіледі.

Бұған дейін таңдау пәні болған «Құқық негіздері» барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналып, оның мазмұны жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендіріледі.

Сондай-ақ жасанды интеллект білім беру бағдарламасына кезең-кезеңімен кіріктіріліп жатыр. Осыған байланысты «Цифрлық сауаттылық» пен «Информатика» пәндерінің мазмұны да жаңартылады.

Алғашқы әскери дайындық жаңаша оқытылады

1 қыркүйектен бастап алғашқы әскери дайындық пәнінің бағдарламасы өзгереді. Пән қайтадан «Алғашқы әскери дайындық» атауын иеленіп, практикалық даярлыққа басымдық беріледі.

Оқытушылардың біліктілігін арттыру курстары әскери оқу орындарында ұйымдастырылады. Бұл педагогтердің әскери-практикалық даярлығын күшейтуге бағытталған. Бұдан бөлек, заңнамада аталған пән мұғалімдерінің әскери өтіліне қатысты талаптар да қарастырылған.

Фото: El.kz архиві

Мұғалімдерді аттестаттау тәсілі жаңарады

Қыркүйектен педагогтерді аттестаттаудың жаңа пилоттық жобасы іске қосылады. Енді мұғалімнің кәсіби деңгейін бағалауда тек тест нәтижесіне емес, оның күнделікті жұмысына, сабақ беру сапасына және білім беру үдерісіне қосқан нақты үлесіне басымдық беріледі.

Педагогтер үшін міндетті пәндік тестілеу алынып тасталады. Алайда педагогикалық қызметке жаңадан келгендерге, жұмысын қайта бастаған мамандарға, білім беру ұйымдарының басшылары мен әдіскерлерге тестілеу талабы сақталады.

Аттестаттау рәсімдері «Ұстаз» платформасы арқылы жүргізіледі. Бұл құжат айналымын азайтып, процесті цифрландыруға мүмкіндік береді.

Фото: El.kz архиві

Зейнетақы жинағын жеке басқарушыға беруге болады

7 қыркүйектен бастап қазақстандықтардың зейнетақы жинағын басқару мүмкіндігі кеңейеді. Салымшылар міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарының 100 пайызына дейін инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға бере алады.

Бұған дейін мұндай мүмкіндік жинақтың 50 пайызына дейін ғана қарастырылған.

Салымшы қаражатының қанша бөлігін аудару керегін және оны қай инвестициялық портфельді басқарушыға беретінін өзі таңдайды. Бұл міндетті талап емес. Егер азамат жеке басқарушыны таңдамаса, оның зейнетақы жинағы бұрынғыдай Ұлттық банктің басқаруында қала береді.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемесі

4 қыркүйекте Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялайды.

Қазіргі базалық мөлшерлеме жылдық 16,75 пайыз деңгейінде. Қыркүйектегі шешім болжамдық раундтың қорытындысы бойынша қабылданады, яғни реттеуші инфляция мен экономикалық өсімге қатысты болжамдарын да жаңартады.

Базалық мөлшерлеме елдегі несие мен депозиттердің құнына тікелей ықпал ететіндіктен, Ұлттық банктің бұл шешімі қаржы нарығы үшін маңызды болмақ.

Фото: El.kz архиві

Декларация тапсыру мерзімі аяқталады

15 қыркүйек – 2025 жылға қатысты кірістер мен мүлік туралы декларация тапсыратын азаматтар үшін маңызды күн.

270.00 нысанындағы декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, компаниялардың бірқатар басшылары мен құрылтайшылары, нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар, цифрлық активтері бар азаматтар, сондай-ақ салық салынатын табысты өз бетінше алған кейбір тұлғалар тапсырады.

Сонымен қатар 2025 жылы Қазақстанда немесе шетелде жалпы құны 20 мың АЕК-тен асатын, яғни 78 млн теңгеден жоғары мүлік пен өзге де активтер сатып алған азаматтар тиісті мәліметтерді декларацияда көрсетуге тиіс.

Бұған жылжымайтын мүлік, автокөлік, арнайы техника, компаниядағы үлес, бағалы қағаздар, тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі және инвестициялық алтын секілді активтер кіреді.

Декларацияда алынған кірістер, салықтық шегерімдер, шетелдегі активтер, бағалы қағаздар мен шетелдік компаниялардағы үлестер, сондай-ақ мүлікті сатып алу және сату туралы мәліметтер де жағдайға қарай көрсетіледі.

Егер декларация нәтижесінде жеке табыс салығын төлеу міндеті туындаса, оны 25 қыркүйекке дейін төлеу қажет.

Тұрғын үй кезегіндегілерге жаңа мүмкіндік беріледі

1-7 қыркүйек аралығында тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтар өз ауданы аумағындағы қолжетімді жалдамалы баспананы өздері таңдап, оны алу үшін baspana.otbasybank.kz порталы арқылы өтініш бере алады.

Өтініштер қабылданғаннан кейін Отбасы банк үміткерлер тізімін қалыптастырады. Бұл кезде кезекке тұрған күні, отбасының соңғы алты айдағы табысы, отбасы құрамы және әлеуметтік мәртебесі ескеріледі.

Мемлекеттік тұрғын үйдің кемінде 20 пайызы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, ал кемінде 50 пайызы әлеуметтік осал топтарға қарастырылады.

14 қыркүйектен бастап тағы бір жаңа талап енгізіледі. Баспананың бөлме санын анықтау кезінде отбасы құрамы есепке алынады. Атап айтқанда, ерлі-зайыптылар мен ата-аналарға, сондай-ақ әртүрлі жыныстағы балаларға жеке бөлме беру талаптары қарастырылған.

Шетелдегі қазақстандықтардың паспорт рәсімдеуі жеңілдейді

1 қыркүйектен бастап шетелде жүрген Қазақстан азаматтарының паспорт рәсімдеу тәртібі жаңартылады.

Құжатты Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі арқылы шетелде тұрақты тұратын азаматтар, студенттер, еңбек шартымен жұмыс істейтіндер, Қазақстаннан тыс жерде туған кәмелетке толмағандар және заңда көрсетілген өзге де санаттар рәсімдей алады.

Олардың қатарында қарт адамдар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жақындарына күтім жасайтындар, сондай-ақ шетелде ұсталған, қамауда отырған немесе жазасын өтеп жүрген Қазақстан азаматтары да бар.

Егер Қазақстанның шетелдегі мекемесі тиісті цифрлық құжаттандыру жүйесіне қосылған болса, паспорт 40 жұмыс күні ішінде рәсімделеді. Ал жүйеге қосылмаған жағдайда бұл мерзім 90 күнтізбелік күнге дейін созылуы мүмкін.

ББҚ-ға Data Matrix коды міндетті болады

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі.

Осы күннен кейін өндірілген немесе Қазақстан аумағына әкелінген өнімнің қаптамасында бірегей Data Matrix коды болуы керек. Жаңа жүйе өнімнің өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап сауда нүктесіне дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта тұтынушылар Naqty Onim қосымшасы арқылы кодты сканерлеп, сатып алатын өнімінің заңды айналымда бар-жоғын өздері тексере алады.

Ал 1 қыркүйекке дейін өндіріліп, таңбалаусыз қалған ББҚ-ларды жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін сатуға рұқсат беріледі.

Сыра өнімдеріне де цифрлық таңбалау енгізіледі

Цифрлық таңбалау талабы сыра өнімдеріне де қатысты. Жаңа талаптар өнімнің өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап бөлшек саудаға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Кейін тауарды нарық қатысушылары арасында беру кезінде құжаттарды электронды түрде рәсімдеу арқылы өнімнің толық қадағалануы қамтамасыз етілмек.

Металл банкадағы сыра мен сыра сусындары үшін цифрлық таңбалау талабы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі.

Қаңғыбас жануарларды аулау ережесі өзгереді

4 қыркүйектен қараусыз жануарларды аулау, уақытша ұстау және эвтаназия жасауға қатысты жаңартылған талаптар қолданыла бастайды.

Жаңа ережеде «шұғыл ден қою шаралары» ұғымы енгізіледі. Егер жануар адамға, басқа жануарларға, қоғамдық тәртіпке немесе мүлікке қауіп төндірсе, жергілікті атқарушы органдар тиісті шара қолдана алады.

Ауланған жануардың есепке алу құралы бар-жоғы және жануарлар базасында иесі туралы ақпараттың болуы тексеріледі.

Қаңғыбас мысықтарды тек олардың санын реттеу мақсатында эвтаназиялауға тыйым салынады. Ал иттерге қатысты мұндай шара заңда көзделген жекелеген жағдайларда қолданылуы мүмкін.

Эвтаназия медикаментоздық жолмен жүргізілуі керек. Улы және химиялық заттарды пайдалануға тыйым салынады.

Бейнебақылау камераларына ортақ талап қойылады

1 қыркүйектен Қазақстанда бейнебақылау жүйелеріне арналған алғашқы ұлттық стандарт күшіне енеді.

Енді ғимараттарды жобалау, салу немесе реконструкциялау кезінде орнатылатын жаңа камералар бірыңғай техникалық талаптарға сәйкес келуге тиіс. Стандарт камералардағы бейне сапасына, жарыққа сезімталдығына, кадр жиілігіне, объективіне, сыртқы әсерден қорғалуына, сондай-ақ оларды орнату мен орналастыруға қойылатын талаптарды қамтиды.

Бейнебақылау жүйелері жазбаны үздіксіз жүргізіп, бейнедеректерді кемінде 30 тәулік сақтауға мүмкіндік беруі керек.

Сонымен бірге адамның бет-бейнесін, автомобиль нөмірін тану және белгілі бір оқиғаларды автоматты түрде анықтау секілді бейнеталдау технологияларын пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.

Тұмауға қарсы вакцинация басталады

15 қыркүйектен елімізде тұмауға қарсы вакцинация науқаны басталады.

Екпе бірінші кезекте жұқтыру қаупі жоғары азаматтарға және эпидемиологиялық көрсетілімдері бар топтарға жүргізіледі. Олардың қатарында созылмалы аурулары бар адамдар, мектеп оқушылары, жүкті әйелдер, қарттар, ерте жастағы балалар, сондай-ақ жабық үлгідегі және арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелердегі азаматтар бар.

Вакцина алуға жататын азаматтардың тізімі 3 қыркүйекке дейін дайындалуы тиіс.

Жасанды интеллект университеті студенттерді оқыта бастайды

1 қыркүйектен Қазақ зерттеу жасанды интеллект университеті студенттерді оқытуды бастайды.

Жоғары оқу орны жасанды интеллект пен ақпараттық технологиялар саласына маманданады. Университетке шамамен 600 білім алушы қабылданады. Бакалавриатта 400 студент оқиды, олардың 308-і мемлекеттік грант иегері.

Оқу толығымен ағылшын тілінде жүргізіледі. Талапкерлер ағылшын тілін меңгергенін IELTS Academic, TOEFL секілді халықаралық сертификаттармен растауы немесе арнайы сұхбаттан өтуі қажет.

Магистратурада бір жылдық бейіндік және екі жылдық ғылыми-педагогикалық бағдарламалар қарастырылған.

Павлодар әуежайы қайта жұмысын бастайды

1 қыркүйектен Павлодар әуежайынан жолаушылар рейстері қайта орындала бастайды.

Алғашқы бағыттар қатарында Алматы мен Астана бар. Астанаға әуе билеттерін субсидиялау жалғасып, әзірге билет құны 20 мың теңге көлемінде сақталады.

Алдағы уақытта Шымкент пен Ақтау бағыттарын іске қосу, сондай-ақ халықаралық рейстерді қайта жандандыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Оқи отырыңыз

{