Мәдениет

1 млрд теңге мен 36 нысан: Эйфель мұнарасы арқылы танылған Жалпақтал қандай ауыл?

26.05.2026 11:15
Көктем Қарқын
Фото: коллаж AI / El.kz

Бұрын беймәлім болған Жалпақтал бүгінде Қазақстандағы ең танымал ауылдардың біріне айналды. Бұған себеп – ауылда бой көтерген 30 метрлік Эйфель мұнарасының көшірмесі. 45 миллион теңгелік мұнараны кім салды? 20 жылдық түлектердің тартуы екені рас па? Жалпақтал аудан мәртебесін алуға неге ұмтылады?  El.kz интернет порталы зерттеп көрді.

Ауылға тарту етілген 36-нысан

Эйфель мұнарасының көшірмесін ауылға мектептің 2006 жылғы түлектері тарту еткен. Құрылысқа 25 тонна металл мен 200 литр бояу жұмсалған.

Жалпақтал үшін мұндай бастама тосын емес. Соңғы 10-15 жылдан бері мектеп түлектері мерейтой сайын туған ауылына тарту жасап келеді. Соның нәтижесінде елді мекенде саябақтар, балалар алаңдары, субұрқақтар, спорт нысандары, ауыл кіреберісіндегі арка және күй ойнайтын домбыра мүсіні салынған. Былтыр спорт кешені бой көтерсе, биылғы басты жоба Эйфель мұнарасы болды.

20 жылдық түлек Ербол Меңдібаевтің айтуынша, Жалпақталда мұндай сый жасау бұрыннан жалғасып келеді.

Бізге дейінгі аға буындар алтын кітап, алтын домбыра, спорт кешенін ауылға сый ретінде тапсырған. Біздікі ауылға тарту етілген 36-нысан екен. Осы уақытқа дейін ауылға тек түлектердің қалтасынан 1 миллиард теңге құйылыпты, – дейді ол.

Бұл бастама қазақ қоғамындағы «туған жерге қызмет ету» ұғымының әлі де маңызды екенін көрсетті. Қазақ үшін ауыл – жай ғана мекен емес, тамыр мен тарихтың символы. Сондықтан түлектердің туған жерге қаржы бөліп, қоғамдық кеңістік қалыптастыруы көпшілікке үлгі ретінде көрінді.

Жеті сынып бірігіп, 45 миллион теңге жинаған

Фото: әлеуметтік желіден скрин

Мұнараны салуға бастамашы болған – Жалпақтал ауылының 2006 жылғы түлектері. Олардың айтуынша, бұл жоба бірнеше сыныптың бірлескен идеясы болған.

Біз Жалпақтал ауылының 2006 жылғы түлектеріміз. Биыл мектеп бітіргенімізге 20 жыл болып жатыр. Кенжебек Меңдәлиев атындағы мектепті 4 сынып, Ғинаят Молдашев атындағы мектепті 3 сынып бітірдік. Осы 7 сынып бірігіп, 20 жылдық кездесуде ауылымызға сый тарту еттік. Нақтырақ айтсам, Париждегі Эйфель мұнарасының көшірмесін ауылға салдық. Биіктігі 30 метрден көп мұнараны «Ынтымақ» деп атадық. Құны 45 миллион теңге шықты. Ешқандай демеуші көмектескен жоқ. Шынын айтсақ, бұл түлектер үшін мүмкін емес қаржы емес. Бір жыл бойы жинадық, – дейді Ербол Меңдібаев.

Мұнараның негізгі идеясы қандай?

Жоба авторлары бұл нысанды жай ғана көшірме немесе фотозона ретінде қарастырмайды. Олардың айтуынша, мұнараның негізгі мәні – ауылдың бірлігін көрсету.

Құрылыс жұмыстары 1 жылдай жүргізілді. Жобаның авторы Сайранбек деген ініміз. Осы Жалпақталдың тумасы. Ал идея авторы – 20 жылдық түлектер. Бірнеше нұсқалардың ішінен осы «Ынтымақ» мұнарасын таңдадық. Жобаның мақсаты ауылымыздың бірлігін көрсету, – дейді Ербол Меңдібаев.

Фото: Ербол Меңдібаевтан

Оның айтуынша, қазір Жалпақтал тек қағаз жүзінде ауыл саналады.

Қазір біз тек қағаз жүзінде ауылмыз. Сондықтан біздің негізгі мақсатымыз түлектердің атын шығару емес. Жалпақталдың аудан болуға алғашқы қадамы, – дейді Ербол Меңдібаев.

Жалпақтал қандай ауыл?

Жалпақтал ауылы Орал қаласынан шамамен 300 шақырым жерде орналасқан. 2021 жылғы санақ бойынша Жалпақталда 4684 адам тұрады. Ауылда 2 орта мектеп, өнер мектебі, спорт мектебі, кітапханалар мен мәдениет үйі бар. Халыққа аурухана, емхана және туберкулез диспансері қызмет көрсетеді.

Яғни бұл – тек шағын ауыл ғана емес, айналасындағы елді мекендер үшін әлеуметтік орталық қызметін атқаратын өңір.

Жалпақтал талантты тұлғаларымен де танымал. Бұл ауылдан белгілі әзілкеш әрі актер Тұрсынбек Қабатов және спортшы Нұрбол Серіков шыққан. Нұрбол Серіков – самбодан әлем чемпионы, Азия және Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Ол дзюдо мен самбодан спорт шебері атанған.

Қазақстанда Эйфель мұнарасының қанша көшірмесі бар?

Қазақстанда Эйфель мұнарасының бірнеше шағын көшірмесі бар екені белгілі. Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, бұған дейін мұндай нысандар Астана, Алматы және Аманкелді ауылында орнатылған. Ал 2025 жылы Ақжал кентіндегі жаңа гүлзарда тағы бір шағын үлгісі пайда болды.

Соңғысы – Жалпақтал ауылындағы 30 метрлік «Ынтымақ» мұнарасы. Ол Қазақстандағы ең биік Эйфель мұнарасының көшірмесі деп аталып жүр.

Яғни қазіргі мәлімет бойынша, Қазақстанда кемінде 4-5 Эйфель мұнарасының көшірмесі бар деп айтуға болады. Бірақ олардың көпшілігі шағын декоративті нұсқа болса, Жалпақталдағы мұнара көлемі жағынан ерекше болып отыр.

Халық назары неге Жалпақталда?

Әлеуметтік желі қолданушылары бірнеше күннен бері Жалпақталды қызу талқылап жатыр. Бірі «ауылда жол, инфрақұрылым, әлеуметтік түйткілдер тұрғанда Эйфель мұнарасы қажет пе?» деген сауал қоюда. Олар мұндай қаражатты практикалық мәселелерге жұмсау тиімдірек болар еді деп есептейді.

Ал екінші тарап, керісінше, дәл осындай ерекше нысандар ауылдың имиджін қалыптастырып, турист тартуға мүмкіндік береді дейді. Шынында да, бұрын көпшілік біле бермейтін Жалпақтал қазір ел көлемінде танылып үлгерді. Әлеуметтік желілерде мұнараның түнгі жарықпен көмкерілген фотолары кең таралып, «Парижге бармай-ақ Эйфель мұнарасын көруге болады» деген әзілдер көбейді.

Бүгінде туризм тек табиғатпен немесе тарихи ескерткіштермен шектелмейді. Ерекше локациялар да адамдарды қызықтыра алады. Қазақстанның түрлі өңірінде этноауылдар, арт-нысандар мен фотозоналардың көбеюі – соның дәлелі. Жалпақталдағы мұнара да дәл осындай символдық орынға айналуы мүмкін.

Оқи отырыңыз