«ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» ТАРИХИ-ТАНЫМДЫҚ КІШІ ЭКСПЕДИЦИЯСЫ ӨТТІ

15 Маусым 2018, 11:14 2240

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен 15 маусымда Елбасының «Ұлы Дала Елінің киелі мұралары» жобасы аясында аймақтағы тарихи-мәдени мұраларға саяхат жасау мақсатында өңірімізде «Ұлы дала елі» тарихи-танымдық кіші экспедициясы өз жұмысын бастады.

Қызылорда облысына қарасты аудандардағы белсенді этнос өкілдерінен 50 адамнан құралған экспедицияда Қазалы, Қармашқы аудандарының киелі жерлері, тарихи-мәдени нысандарымен танысу жоспарланған.

Топтың құрамында «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Асылбек Жұмабаев, аудандардағы белсенді этнос өкілдері, ғылыми-сараптамалық топ, журналистер мен сарапшылар клубының мүшелері болды.

Экспедицияның басты мақсаты ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап өткен аймақтағы тарихи-мәдени мұраларға саяхат жасау, орта ғасырлық қалалар, сондай-ақ археологиялық ескерткіштер мен кесенелер тарихымен танысу, аудандардағы түрлі этнос өкілдері арасында қарым-қатынас орнату, танымдық тәжірибе алмасу болып табылады.

«Біз Ұлы даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең байтақ Ұлы даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып, жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз ұлы істердің ұйытқысы болған – Ұлы дала елі. Бұл – біздің тағдырымыз. Бұл – біздің таңдауымыз», – деген Елбасының сөздері экспедиция атауының мән-мағынасы тереңде екендігін айқындағандай.

Тарихи-танымдық саяхат Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен батысқа қарай 12 шақырым қашықтықта орналасқан – Сортөбе қалашығынан басталды. Қалашықтың нысаны төртбұрышты, кіреберісті екі жақтан қорғайтын және бұрыштық мұнарасы бар мекеннің қабырғаларының биіктігі 2 метр, ені 6-8 метр. Сырдарияның жағасында орналасқан бұл қалашықтың сауда жолын реттеп тұратын сауда порты болуы да мүмкін. Бір айтарлығы, қалашықтың 30-40 пайызы ғана сақталған. Қалашықта зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дің «Археология және этнография» ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі, т.ғ.к. ӘзілханТәжекеев  Сортөбе жайлы жаңаша мәліметтермен бөлісті.

Экспедиция мүшелерінің келесі аялдамасы Оғыз мемлекетінің рухани астанасы – Жанкент қалашығы. Азия мен Еуропаны байла­ныстырған Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі шаһар орта ғасырлардан сақталған. Қызылорда облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкері, тарих магистрі Еркебұлан Елеуов экспедиция мүшелеріне Жанкент қалашығы жайлы қызықты, әрі құнды мағлұматтарымен таныстырды.

Жанкент қалашығынан кейін экспедиция құрамы Қазалы  ауданында орналасқан Ғани Мұратбаев музейіне аялдады. Көрнекті қоғам қайраткері, Қазалы өңірінің даңқты перзенті, Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушыларының бірі, Шығыс жастарының көшбасшысы – Ғ. Мұратбаев жайлы аталған музей қызметкері Ақерке Бердібай тың деректермен ақпараттандырды.

Әйтеке би кентінен батысқа қарай 4 шақырым жерде орналасқан Жанқожа батыр кесенесі саяхатшылардың келесі аялдамасы болды. Экспедиция мүшелері кесенеге тоқтап, батырдың рухына тағзым етті. Кесене 1992 жылы өзінің бүкіл өмірін Арал маңы қазақтарының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған Жанқожа Нұрмұхамедұлының құрметіне қойылған.

Топ мүшелерінің соңғы аялдамасы Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен солтүстік-батысқа қарай 18 шақырым жерде орналасқан Қорқыт ата мемориалды кешені. Онда қобызды бейнелейтін төрт элементтен тұратын, әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсас – Стела, қошқар мүсіні, оңаша тілек тілейтін жер асты мінәжат үйі – Қылует, сондай-ақ, көне Рим дәуіріндегі архитектуралық құрылыс үлгісінде салынған түрлі ойындар мен сайыстарды тамашалауға арналған Амфитеатр орналасқан.

Экспедиция мүшелері 3 экспозициялық залдан тұратын музей ғимаратымен танысып, ондағы Қорқыт өмірі мен мәдениетінен сыр шертетін құндылықтар мен жәдігерлерді тамашалап, естелік суретке түсті. Музейде Қорқыт өмірі дәуірінің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін 700-ге жуық құндылықтар мен жәдігерлер сақталған.

Тарихи-танымдық саяхатқа қатысқан экспедиция мүшелері  өңіріміздегі тарихи жәдігерлерімен танысып қайтқандары үшін зор алғыстарын білдірді.

 

 

 

Бөлісу: