«Қазақ халқының ұлы көсемі»

5 Ақпан 2018, 12:38 2890

Орал қаласының Достық үйінің кітапханасында  кітапхана мамандарының  ұйымдастыруымен ұлт мақтанышы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 145 жылдығына орай  «Қазақ халқының ұлы көсемі» атты кеш өткізілді.

Іс-шараның мақсаты оқушылардың патриоттық сезімдерін дамыту, елін,  жерін құрметтеуге, осындай мақтан етер ұлы тұлғаларды тануға тәрбиелеу және осындай тұлғалардың еңбектерін көбірек оқып, ой-саналарын жетілдіру болып табылады.

Ең алдымен Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаянына тоқтала кетіп, бейнеролик көрсетіліп, әрі қарай мектеп оқушылары Молдабаева Айназ, Абдулова Арайлым, Маликова Аймира, Аманғалиева Салтанат, Орахова Диляра, Елдосқызы Фариза өлеңдерін жатқа айтты. Сонымен қатар Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университетінің доценті Абдульманов Алтынбек Абуталиевич шарамызға қатысып, Ахмет Байтұрсынұлының жан-жақты қырларымен толықтай әңгімелеп айтып берді.

Ахмет Байтұрсынұлы - ақын, жазушы, аудармашы, публицист, қоғам қайраткері, ағартушы, этнограф, фольклорист, түркітанушы, әдебиетші, тілші, ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, Алашорда өкіметінің мүшесі. Халықтың зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан осы топтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы еді. Қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы, ұлы түрлендіруші-реформаторы атанған ол өзінің алдындағы Шоқан, ЬІбырай, Абайлардың ағартушылық, демократтық бағыттарын жалғастыра отырып, өз заманындағы тұтас бір зиялы қауымның төлбасы болды. 

Сонымен қатар, Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3 курс студенттері Сағатбаева Әсел, Сүндетқалиева Гүлайна  қатысушыларға Ахмет Байтұрсынұлы туралы слайд көрсетіп, өмірі мен шығармашылығы туралы айтып берді.  Іс-шараның соңында оқушыларға бүгінгі кездесудің нәтижесін байқау үшін сұрақтар қою, фото суреттер мен жылдарды көрсету арқылы  жүргізілетін тренинг ойыны ойнатылды.

Іс-шара шеңберінде «Мақтан тұтар ұлы тұлға» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқушылар назарына ұсынылды. Оқушылар өткізіліп отырған іс-шарадан қазақ халқының мақтан тұтар ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсынов туралы көптеген мағлұматтарды білді және сол арқылы өз білім деңгейлерін көтере алды.

Бөлісу: