Жаңалықтар

Ғалымжан Молданазар феномені

Қазір жастар арасында, тіпті орта жастағы тыңдарманды да өзіне баурап алған бір әнші болса, ол – Ғалымжан Молданазар.
26.10.2015 08:30 7953

Қазір жастар арасында, тіпті орта жастағы тыңдарманды да өзіне баурап алған бір әнші болса, ол – Ғалымжан Молданазар. 25 жастағы әнші өзінің ешкімге ұқсамайтын, дара болмыс, ерекше стилімен көптен оқшауланып тұр. Ол қазіргі эстраданың Synthpop, chillwave, pop, britpop жанрында ән шырқайды. Оның «Ақпен бiрге», «Алыстама», «Қош бол», «Берік бол» тректері қазір жастар арасында танымал.

Ғалымжан Молданазар феномені

Ғалымжан Молданазар көп сұхбат бере бермейтін, БАҚ өкілдерінен алыс жүретін әдетімен де бағаланады. Музыкаға әуесқойлық дәрежеде емес, кәсіби түрде ден қойып, аз әндер жазса да, оны халыққа әсерлі, сапалы етіп ұсынып отыр. Оның жанры қазақтың той-томалағына, республика аралап концерт қоюға, халықтың көңілін көтеруге бейім емес.

Эстрадаға Ғалымжан Молданазардың келуімен тыңдарманның музыкаға деген талғамы біршама өсті деуге болады. Оны қазір көпшілік «Хипстержан» деп те атайды ( хипстер термині джаз музыкасын ұнататындар арасында пайда болған субмәдениеттің өкілдеріне қолданылға).

Ғалымжанның интернетте таралған бірнеше клипі тек Қазақстан көлемінде ғана емес, ТМД көлемінде де танымал. Оның әндерінің барлығы қазақ тілінде жазылғанына қарамастан Ресейде, басқа да елдерде Ғалымжанды тыңдаушылар жетерлік. Ресейлік тыңдармандары «Ғалымжанның әндерін түсіну үшін аударманың қажеті жоқ» деп ойлайды. Тіпті, гуглда «Ғалымжан Молданазар» деп іздеушілердің саны еліміздегі ең танымал әнші Қайрат Нұртастың тыңдармандарынан да асып жығылды.

Ғалымжан Молданазар феномені

Ғалымжан әндерін 70 жылдарда сәнге айналған технопоп стилінде жазады. Ол – жаңа толқын үшін жаңалық боп көрінсе, ересектер үшін ескіні жаңғыртушы, ностальгия.

Әнші өзі орындаушы болғанға дейін «Орда» тобына, Қайрат Түнтеков, Әсем деген әншілерге ән жазған. Он жыл бойы талантын шыңдап, музыкаға үлкен дайындықпен келген әнші.  

Ғалымжан Молданазардың басқалардан ерекшеленуіне тағы бір себеп бар. Оның әнінің мәтінінде – поэзияға тән элементтер бар.  Жаттанды сөздер, сезімді жеткізу үшін қолданылатын тым пафосты тіркестер жоқтың қасы.

Қазақстанда көп әншілер үлкен танымалдылыққа ие болған соң тоқырауға ұшырайтыны тағы бар. Ғалымжан Молданазар шығармашылығын шыңдау үшін ізденіске, тәуекелге көп барады. Жақында америкалық «Break of Reality» топпен «Ақпен бірге» атты әнін бірге орындап, клипін де ұсынды. Олар ең алғаш Алматыда концерт беруге келгенде Ғалымжанның творчествасын ерекше бағалап, таныстығы 2015 жылдың наурыз айынан басталған екен.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға