Жаңалықтар

Алтын іздеуші: Байлық. Бәсеке. Шытырман.

Алтын іздеушімен сұхбат
06.11.2018 14:14 18362

 - Бәрі алтыншы сыныпта оқып жүргенімде басталған. Арыс өзеніне шомылып жүргенмін. Ол кезде әлі дұрыстап жүзе де алмаймын. Қолымды жерге тіреп, сызып жүретінмін суда. Бір күні қолыма бір зат ілінді. Оны тартып, шығарып қарасам, үлкен, дөңгелек сары білезік. Ойын баласымын ғой, аяғыма тағып алдым. Ойнап жүріп оны жоғалтып алдым. Сол алтын болуы керек, сонша жыл судың астында жатып ешқандай тот баспаған, бүлінбеген. Кішкентай кезімде «Алтын іздеушілер» деген бе, бір кітап болатын. Соны қызығып оқыдым. Кейін мектеп бітірген кезде Алматыға қыдырып бардым да, қайтар жолда тамбурда тұрған кезде көзіме сары зат түсті. Алып қарасам, сап-сары алқа екен. Сіріңкенің қорабына салып алдым. Кейін үйге келген соң, оны бірнеше рет лақтырып жіберіп, қайта алып жүрдім. Бір күні әпкем көріп: - Мынау алтын ғой. Маған берші, тіс салдырып алайын, - деді. Сөйтіп, ол алтын алқа әпкеме кетті. Бұл бірінші кезең.

 Кейін жұмыс істеп жүргенде шәкірттерім өздерінің ауылдарында бұрын өмір сүрген байлар, олардың бұрын көміп кеткен көмбелері, алтындары туралы көп әңгіме айтатын. Солардың бәрін қызығып, жазып ала бердім. Бір күні солар туралы шетелдік досыма айтып едім, ол елінен металл іздейтін аппарат әкеліп берді. Бірінші аппаратым – TMD 808 болды. Негізі америкалық өндірушінің өнімі. Бірақ мендегі аппарат Малайзияда жиналған. Сондықтан ба, аздап әлсіз еді. Тереңнен ала алмайды. Оның тілін білмеймін, қалай қосып, қалай қолданатынын түсінбеймін. Шұқылап, интернеттен іздеп жүріп, әйтеуір қосып алдым. Сөйтіп 2003 жылы алғашқы «жорығыма» шықтым. Бір шәкіртімнің айтуымен Жаңабазарға (Қазығұрт ауданындағы ауыл – Ғ.О.) бардым. Бір фельдшер екі баласын ертіп алып, іздеу керек жерді көрсетті. Аппаратымды қосып, іздей бастадық. Сәлден кейін дыңылдап сигнал берді. Құдай берді деп отыра кеттім. Фельдшердің қолында күрек, баласының қолында балта. Түрлері сұсты. Жап аузыңды! – деп зірк ете қалды.

- Іштарлығы оянып кетті ме сонда?

- Иә. Негізі басында тең бөлісеміз деп келіскенбіз. Аяқ астынан қызғанышы, іштарлығы оянып кетті. Жаным қалмады. Мақұл деп асықпай қаздық. Жәй темір екен. Өте үлкен темір кетпен шықты. Ары қарай іздемеймін деп кетіп қалдым. Қауіпсіздікті ойлау керек болды.

Сәл толығырақ тоқталып кете салайын. Негізі, алтын туралы әңгіме болғанда Жаңабазар туралы өте көп айтылады. Байлардың жайлауы болған жер. Оның үстіне бұрын ол жерден тарихи деректерде көп айтылатын Түркістан-Сайрам жерасты жолы өтеді. Оны сол ауылдағы бір қария айтып берген. Әр жерде үйілген топырақ төбелер бар. Сол жерасты жолын қазғанда шыққан топырақ болса керек. Қарияның айтуынша, сол үймелердің төбесінде тесіктер болған. Солардан қатты жел ұрып тұрады екен. Жерасты жолының желдету жүйесі ғой кәдімгі. Әкесі кезінде сол тесіктерден түсіп, көп оқдәрі алып шығады екен. Одан бөлек, кезінде сол ауылдың шетінде бір өзбек отбасы өмір сүріпті. Солар қазақ отбасылардан келіп, күрек сұрап алып кетеді. Содан бір құмыра алтын тапқан екен. Сөйтіп көшіп кеткен. Оны сол жердегі тұрғындар әлі айтады. Демек, алтын туралы әңгімелер бос сөз емес. Нақты мысалдар бар.

Кейін Түлкібас ауданында тұратын құдамның үй жағына бардым. Олардың үйінде сырты әшекей тастармен безендірілген әдемі құмыра болатын. Қола болуы керек. Соны егістіктің ортасындағы ұзын арықтың бойынан тапқан екен. Осы жерден іздеу керек деп көрсетті. Қолыма көп қып қурай сындырып алдым да, сигнал келген тұстарға қадап кете бердім. Жүз метрдей жүрген соң, артыма бұрылып қарасам, «орман» пайда болып қапты. Өзім қадаған қурайлар ғой, өте көп қадап тастаппын. Сөйтіп шетінен қазып көрдік. Үш тоннадай темір шыққан шығар. Негізінен шыққаны ДТ трактордың шынжыры. Тұтас шынжыр шықты. Омен қоса, сол шынжырларды бір-біріне жалғайтын, көп адам таппай жүретін арнайы деталі болады. Солар шықты бір 30-40 данадай. Темір үйіліп қалды. Құдам: жақсы болды, өткізіп пұл қыламын деп мәз боп қалды. Сөйтіп ол жорық та сәтсіз аяқталды.

Тағы бір жолы шәкіртімнің үйіне бардық. Бұрын осы жерлерге әкем көміп кеткен деді. Іздей бастадық. Ит үйшігінің жанына келгенде сигнал берді. Қазып көрдік, темір шелек шықты. Сәлден кейін екінші жерден тағы сигнал келді. Қазбай қайтып кеттім.

- Оны қазбайтын болсаңыз, неге іздеуге бардыңыз? Барғаныңыздың, іздегеніңіздің мәні не сонда?

- Бір нәрсені түсінбей отырсың. Бұл қауіпсіздік мәселесі. Көп адамдар келісіп ертіп барады да, сондай сәтте айнып қалады. Қызғанышы оянып кетеді аяқ астынан. Ондай кезде керісу, қазу қауіпсіз емес. Дұрысы – қайтып кету. Кейін ғой ақылды бола бастағаным. Сондай іздеуге шыққанда келісіп бара жатқан адамымның номерлерін, барлық мәліметтерін жақындарыма беріп, ол адамды да сол туралы хабарландырып қоятын болдым. Түрлі жағдайлар болады. Сақтық керек.

- Жақсы. Әлгі жігіт сол жерді қазды ма кейін?

- Ол алтын тапты деп ойлаймын. Өйткені артынша жағдайы жақсарып, байып кетті. Қымбат үй салды. Кейін бір жолыққанда: -Сол жолы таптың ғой? - деп сұрадым. Жоқ, ештеңе таппадым. Ағаларым да тауып алдың ғой деп айтады. Бірақ таппағаным рас, - деді. Жарайды, ол енді өз мәселесі.

Кейін, 2005 жылы Жаңабазарға тағы бардым. Бұрын бір молданың үйі болған жер. Бастап іздей бастағаннан адамдар топырлап келіп: "Алтын іздеп жатсыңдар ма?" - дей берді. Кедергі келтіре берген соң, ертіп келген адамға мыналарды бірдеңе қылсайшы дегенмін. Қазір қатырамын деді де, оларды басқа нәрсеге алдандырып ары алып кетті. Мен іздей бердім. Бір кезде көрші ауладағы бесік тойдан шыққан екі кемпір бір-бірімен мені талқылап келе жатқанын құлағым шалды: "Иә, алтын іздеп жүр ғой. Алтын қазып жүр" - деп жатыр екен. Сырт көз көбейіп кеткен соң, жұмысты тоқтатып кері қайттым.

Сурет: pixabay.com сайтынан алынды

- Олардың бәрі неге сіздің алтын іздеп жүргеніңізге сонша сенімді? Бәрі біледі ме ол жақта алтынның бар екен? Білсе, неге өздері іздемейді?

- Иә, бәрі біледі алтын барын. Сол жердің тұрғындары ғой. Бірақ неге іздемейтінін білмеймін. Жалқаулық па, немқұрайдылық па, әйтеуір іздемейді. Бірақ соңғы кездері ол жақта іздейтіндер көбейіпті деп естіп жатырмын.   

- Олардың білетіндей деректері бар ма? Әлде ауыздан ауызға көшіп жеткен аңыз, әңгімелер ме? Ең болмаса, табылған нақты мысалдары бар ма?

- Енді баяғыдан сол ауылда тұрып келе жатқан адамдар ғой. Өз ауылында қандай бай өткенін, оның тарихын жақсы біледі. Айтсам, сенбессің. Бағанадан бері онсыз да сеніңкіремей отырсың. Мына Темірлан жақта, Бөгенде бір кемпір болыпты. Зағип. Сол балаларына айтыпты, кезінде өзіміз алтын көмгенбіз. Мені соған жолмен тура апарсаңдар, тауып аламын деп. Оны басқа жолмен апарған. Ол тастарды сипалап жүріп, бұл жақ емес. Ана жолмен апарыңдар деген. Сол жолмен апарғанда, сипалап жүріп, көмген жерді дәл тауып берген. Кейін сол отбасы жағдайы жақсарып кетті. Айтсам, сенбейсің. Бірақ болған жағдай.

- Ол жердің тасына дейін жаттап алған ба сонда?

- Иә, сол жерде туып өскен адам ғой. Кейін ғой зағип болып қалғаны. Кейін бір шәкіртімнің айтуымен Темірланға бардым. Көктөбе деген жерде бір түйе алтын көмілген екен. Ол 2005-2006 жылдары. Соны бір кемпір білетін. Үйін де білемін оның. Іздеп бардым. Кемпір қызына қыдырып кетіпті. Елуге кеп қалған баласы шықты. Соған айттым: - Апа бір алтын көмілген жерді біледі. Соны барып қазып алайық, - дедім. Үлкен қызметте істейтін кісі екен. Ол басында түсінбеді: - Сен сонда сонша Шымкенттен осыған бола келіп тұрсың ба? – деді. Иә, - дедім. - Қоя тұршы, - деді де, өзі рахаттанып күліп алды. Мен ештеңе шықпайтынын түсінген соң, қайтып кеттім. Кейін бір танысым мен айтқан жердің қазылған орнын видеоға түсіріп салып жіберіпті. Айтуынша, алпысқа келіп қалған бір кісі келіп, сол жерді қазып жатыр екен.

- Баяғы сізге күлген кісі он жылдан кейін келіп қазып жүр ме сонда?

- Иә, кезінде маған күлген. Енді қазір өзі қазып жүр барып. Бірақ толық қаза алмаған. Қазуын тоқтатып қойыпты.

- Не себеп?

- Көп жылан шығып кеткен. Ал ол қазір басқа біреудің үйі тұрған жер. Сол үйдің тауықтарын жылан шағып ала берген соң, әлгі үйдің әйелі айқайлап, қуып жіберіпті.

- Жылан не үшін көбейіп кеткен?

- Алтын бар жерде жылан көп жүреді.

- Ол әңгімені баяғыдан естимін. Аңыз емес пе бұл?

- Жоқ, аңыз емес.  Ондай мысалдар көп қой. Жалпы, алтын пайдалы. Баяғыда байлар, хан, сұлтандар алтын, күміс қасықтан ас ішкен ғой. Емдік қасиеті бар болуы керек. Ол ас-суды тазалайды.  Соған қарағанда, өзі жатқан жердегі басқа организмдерге де пайдалы боп тұр ғой. Мысалы, Мүсіреповте бір кейіпкер бар. Атын есіме түсіре алмай отырмын. Алтынсары ма еді? Сол алтын іздейтін. Алтын болатын жерді шөбінен таниды. Алтын бар жерде өсетін шөптің де ерекшелігі болатын боп тұр ғой. Жыландар да сондай пайдалы жағын білген соң, маңында жүретін шығар. Ордалы жылан дегенді естіген шығарсың. Сені қаншалықты сендіре алғанымды білмеймін. Бірақ ол рас нәрсе.

- Білмеймін. Аса сене қоймадым. Бұл тіпті ғылыми дәлелденбеген, дәлелденбейтін нәрсе болса да, халықтың дүниетанымы жағынан қызық мәлімет екен. Жақсы, Жаңабазар да ше? Жылан көп пе?

- Ол жақта айдаһар бар. (Күліп) Кейін бір досымның танысы Созаққа шақырды. Отызыншы жылдары, Созақ көтерілісі кезінде бір кемпір келінімен қашып келе жатып, шоқыға бір дорба алтын көміп кеткен екен. Шоқыны біледі, бірақ дәл қай жерінде екенін білмейді. Үш күн қаздық. Тас. Аппаратым быт-шыт болып кетті. Ол қытайлық аппарат қой. Ал анау тастың құрамында металл бар ма, түсінбедім. Сөйтіп олар Алматыға барып, жаңа аппарат алып келді. Басынан іздедік. Ештеңе таппадық. Жанында бір үңгір бар екен. Ол жерден де ештеңе шықпады. Құр таға-паға сияқты ұсақ-түйек.

Перте қаласындағы алтын іздеушілерге қойылған ескерткіш (Австралия).

Сурет: pixabay.com сайтынан алынды

- Баяғы TDM 808 қайда?

- Аа, оны шетелдік досым қайта алып кетті. Сөйтіп өзім 70 мыңдық басқасын сатып алғанмын. Іздеуге алып шыққаным сол аппарат. Былтыр Жезқазғанға шақырып, сонда бардық. Бетпақты кесіп өтіп жеттік, әйтеуір. Жолда қасқыр, қарсақ, сарышұнақ, бүркіт, аңның түр-түрін көресің. Тағы еріп шыққан жігіт романтиктеу екен. Самаурын алып шығыпты. Айдалада, күн жанып тұрғанда, жолда тұрып шай қайнатып іштік. Көлік деген өте сирек. 15-20 минутта бір көлік өте ме, өтпей ме. Кейде 40 минут, бір сағатта әйтеуір біреуі өтеді. Бұзылсаң, жолда қалдың солай. Жолы азап екен. Барғанымызға арзымады.

- Неге?

- Ол жақтағы алтынды аталары соғысқа кетіп бара жатқанда, 1943 жылы көмген. Мені соның немерелері шақырып, ертіп барды. Біз барғанда әкесі аяқ астынан айнып қалды. Өзіміз қазамыз деп шықты. Сөйтіп қайтып кеттік.

- Қызғаныш па баяғы?

- Әрине. Кәдімгі қызғаныш. Бірақ өздері қазбайды соны. Олар да әлі күнге дейін іздеген де, қазған да жоқ. Биыл баласы келіп, соны барып басынан іздеу керек еді деп жүрген.

- Қазақстан жеріндегі ірі көмбелер туралы білесіз бе?

- Жалпы, Қазақстанда ірі көмбелер өте көп. Оны айта бермейді. Сосын қазақтар ондайды еш құнттамайды, іздемейді.

- Мәселен?

- Мәселен, мына Сайрамда қайбір жылы сауда орталығын салып жатқанда мол алтын шыққан. Мынау біздің Ескі қалашықта да көп. Біріншіден, оны қазатын адам жоқ. Екіншіден, оны қазуға қорқады. Заңсыз. Әйтпесе қазатын жер жетеді. Қабір жылы Темірланда орыс моланың үстінде бір орыстар жүрген, аппаратын сүйретіп. Жөн сұрағандарға Астанаданбыз деп жауап беріпті, қорқыту үшін. Негізі, қазатын орыстар өте көп. Оларда бұл жақсы дамыған. Олардың қазу маусымы ұзақ. Жерлері бос. Ал бізде тек көктем мен күзде ғана қаза аласың. Ал жазда жер «тас» болады.

- Жаңағы көмбелерге келсек.

- Жоғалып кеткен ірі көмбелер өте көп. Мәселен, Осиповтың алтындары (http://titus.kz/?previd=50124).

- Осипов? Ол кім?

- Қызыл командир. Ташкентте тұрған. Кеңес үкіметіне қарсы көтеріліс бастаған. Бүкіл Орта Азияның орталық банкі Ташкентте еді ғой. Соның бүкіл алтынын түйелерге артып, алып кеткен. Бері қарай қашқан. Өгемге қарай асқан. Сосын жоқ. Алтынды қайда көмгені белгісіз. Әлі табылған жоқ.

- Осиповтың өзі қайда кеткен?

- Біреулер айтады, өлген деп. Енді біреулер тірі қалған. Ауғанстаннан көргендер бар дейді.

- Ауғанстанға алып кеткен бе алтындарын?

- Қайдам. Оншама алтынды білдірмей алып кету мүмкін емес.

- Оншама дейтіндей көп болған ба?

- Оншақты түйе, кемі.

- Жақсы. Келесі көмбе.

- Соңғы жаңалық – Бату ханның алтыны. Сарай Беркеде төрт алтын ат болған ғо, білесің бе? Соңғы рет Ұлытаудан көрген.

- Ұлытаудан көргені қалай? Көшпелі ме олар? Ары-бері алып жүрген бе сонда?

- Иә.

- Соңғы рет деген қай кез?

- Тоқтамыстың кезінде.

- Тоқтамыс деген он төртінші ғасыр ғой. Темірдің заманы.

- Иә.

- Олар туралы кім жазған? Қайдан белгілі ол аттар туралы?

- Анау итальян саяхатшысы бар еді ғой...

- Марко Поло?

- Жоқ. Оған дейін. Кім еді? Плано Карпини. Сол суреттеп жазып кеткен. Сосын Шыңғысханның бес жүз түйесі бар.

- Ол бес жүз түйенің бәрі алтын емес қой.

- Иә. Алтыны бар, басқа заттары бар. Түгел жоғалып кеткен. Отырардан Хорезм Шахқа жібереді ғой бәрін. Құмда жоғалып кеткен. Хорезмшахқа жетпеген. Дүкенбай Досжан шамамен жазған қай жер екенін. Үргеніш пен Отырардың арасында, Қазақстан жерінде. Ал енді құм көшіп жүретінін ескерсек, ашылып қалатын да кездері болды ғой? Саған мынаны айтайын, алтын іздеушілердің жартысы аңыз-әңгімелерге сүйенеді. Ал сен ол туралы жазбаша дерек сұрайсың. Кім жазып отырады оның бәрін? Ол жазбалар жатқан шығар біреудің архивінде, бар болса.

- Онда аңыз-әңгімелерден де айтыңыз.

- Әкемнің айтып бергенін айтайын онда. Жас кезінде Шымкенттегі бір зауытта жұмыс істеген. Елу-алпысыншы жылдары. Сол кезде қаланың сыртындағы бұрынғы қоқыс бар ғой, соның орнында терең жеті сай болады екен. Сол сайларда аузы шынжырмен жабылған үңгірлер болған. Әкемнің орыс әріптестері жұмыстан кейін сонда барып, қолына кемпірауызын алып, сол үңгірлерге кіріп кетеді екен. Шыққанда әрқайсы мынадай (уысын көрсетіп) алтын тіс алып шығады. Репрессия кезінде адамдарды сонда апарып атқан. Анау үңгірлерге тастап кететін болған. Әкемнің әріптестері солардың алтын тістерін сындырып алатын болған кейін. Кейін сол жерді маған көрсетші дегенімде: - Балам-ау, жоқ қой ол жердің бәрі, -  деді. Шынымен, қазір ол жердің орны да жоқ.

Жаңабазарда бір шал бар. Сол айтып берген. Елу үшінші жылы қой бағып жүріп бір балақай үйіне бір етік алтын салып әкелген ғой. Үйіндегілері ойбай, атылып кетесің, құрт деп, дәретханаға төктіріп тастаған. Ол туалеттің орнын табуға болады. Ол оңай. Сәл төмен түсіп жатады. Сол жердің егесіне барып, мына жерді қазайық дегенімде, ол жерге сарай салып тастадым, керек емес деп келіспеді.

- Сіз қызық екенсіз. Мына жеріңде алтын жатыр десеңіз, әрине келіспейді. Сізден біліп алып өзі қазбай ма. Неғылады оны сізбен бөлісіп. Мен де сөйтер едім.

- Мәселе сонда, ол өзі де қазбайды. Ерінеді, құнттамайды. Ал маған жоқ дегені жәй ғана іштарлық. Сосын жаңағы айтқан кісі сияқты бірнеше жылдан кейін қазып жүреді. Тағы бір әңгіме: Менің нағашы атамның үйі Темірланда болған. Кезінде ол үйде көпес татар тұрған.  Жетпісінші жылдары үйіне бір татар қыдырып келеді. Бұрын атамның үйі болған еді. Қонып кетсем бола ма? – дейді. Атам мақұл, қона бер деген. Үйге кіргенде бөлмелерді аралап жүріп, қабырғаға «Х» белгісін сызады. Атам ол не дегенде, жәй, әшейін деп жауап береді. Сөйтіп ұйқыға кетеді. Таңертең тұрса, әлгі белгі қойған жер тесік, арғы жағы үңірейіп тұр. Қонақтың ана жерден не алып кеткені де белгісіз. Қазақтар сондай аңыздарға, әңгімелерге, деректерге тым немқұрайды қарайды. Деректерді жинап, соны құнттап, ізденіп көру дегенді білмейді. Ондай мысалдар өте көп, айта берсең таусылмайды. Алматыда тұратын танысымнан естідім, сонда бір шал балаларына мына жерде бұрын байдың көмген алтындары бар еді. Соны барып мен көрсетейін. Қазып алайық деп айтып жүреді екен. Балалары еш құлақ аспаған. Кейін сол шал қайтыс болып кетті. Бітті. Енді ол жерді өлсең таппайсың. Баяғы шалдар құйма құлақ қой, естіп, жиып, сақтап жүретін. Қазір ондай қариялар жоқ. Бір-бірінен естіп, бірнеше ұрпақтан соң, оны табу қиын болып қалады. Мынау, Төле би ауданында да ондайлар өте көп. Бір мысал айтып берейін. Дарбаза деген жерде бір бай болған екен. Қызылдар кәмпескелеуге келгенде оларға шай қойып, үйге кіргізеді де, мен қазір келемін деп шығып кетеді. Шай қайнаған кезде қайтып келеді. Қызылдар шайын ішіп, үйін тінтсе ешқандай алтын да, басқа құнды дүние де таппаған. Бір шай қайнағанша барып жасырып үлгерген. Енді оны логикаға салсаң, сонша аз уақытта ұзаққа апарып, қазып көмуге үлгерген жоқ. Демек үйіне жақын жерде. Шамамен 1 шақырым периметр де болмайтын шығар. Ал оны табу енді қиын. Өйткені кейін жайылымның көбін жартып, егістік қылып жіберді. Жердің бедері өзгеріп кетті көп жерде.

- Ал сол егістікте жұмыс істеп жүріп, жыртып жүріп тауып алған жағдайлар естігенсіз бе?

- Болған ондайлар. Аққойлыда (Ордабасы ауданы – Ғ.О.) көп қылыш, найза табылған екен. Алтынтөбені білесің ғой? Қаладан шыға берістегі (Ордабасы ауданы -  Ғ.О.). Ұмытпасам, 1978 жылы болуы керек, сол жерді қазғанда өте үлкен құмыра табылған. Соны ашпаған күйі Ленинградқа алып кеткен. Не кеткенін ешкім білмейді. Алтын болған дейді. Анау бір орыстың жазғаны бар ғой: «Қазақтың қазба байлықтарын сұрағың келсе, жерінің атын сұра»  - деп.

- Жалпы, іздеушілер көп екен. Ал тауып жатқан біреулер бар ма? Кімдер ол? Әлде ауада жүрген әңгіме ме?

- Алтын іздеушілерді білесің. Тапқанын жағдайынан қарап білесің. Аяқ астынан, еш себепсіз байып кетеді. Бір жігіт аппарат сатып ала алмай жүрген. Кейін бірден 12 мың доллардың аппаратын сатып алды. Ондай аяқ астынан мүмкін бе, ойланшы өзің. Көбі топ болып іздейді. Бірігіп сатып алады. Мен «одиночкамын». Жалғыз іздеймін. Ол да жалғыз өзі іздейді. Аппаратты да өзі сатып алған. 

- Мына әңгімелердің бәрін бірінші рет естіп тұрмын. Неге бұған дейін естімегенмін? Бір шектеулі ортада ғана жүреді ме мұның бәрі?

- Саған не үшін айтам оны? Айтсам, сенбейсің, күлесің.

- Алтын іздеушілер ортасында ғана айтылатын дүние ме?

- Иә. Мен бір алтын іздеумен айналысатын жігітті білемін. Қалғандарының көбіне өзім «жұқтырғам» бұл кәсіпті. Мен алғаш бастағанда ешкім жоқ еді. Қазір тым көп болып кеткен. Әсіресе кризистен кейін алтын іздеушілер көбейіп кетті. Әсіресе, Алматы жақта. Ол жақта сақтардың қорғандары бар ғой. Сосын мұнымен айналысу үшін де жағдайың дұрыс болуы керек. Құрығанда жеке көлігің болуы керек. Бір жолы жолдас жігітпен Жаңабазарға бардық, оның көлігімен. Ол жақта бір таныс жігіт шақырған. Барып ары іздедік, бері іздедік. Ештеңе шықпады. Сосын жолдас жігіт ашуланып, кеттік деді. Амал жоқ, бірге қайттық. Көлігім болғанда, сол жерде өзім қалып, асықпай қазар едім.

- Жақсы. Кез келген кәсіпте өзінің бір ортасы болады ғой. Әуесқойлардың, кәсіпқойлардың. Олар өзара жаңалық алмасып тұрады. Талқылайды, мәліметтер айтады. Сіздерде сондай бір орта бар ма?

- Бар болса, бар шығар. Мен ондайды білмеймін. Жоқ шығар. Біліп қойса, қудалайды ғой.

- Әлеуметтік желілерде жабық топ дегендер болады.

- Білмеймін. Орыстарда ондай көп. Ютубта видеолары толып жүр. «Кладоискатель» десең, көп шығады. Кейде көріп жатамын. Қызығасың. Ал бізде «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді ғой, қорқынышты.

- Жаңа айттыңыз ғой, бізде көмілген алтын көп деп. Солардың бәрі көмілгенге дейін болыс, би, батырдың қолында жүрді ғой. Сандығында жатты, немесе. Сонда байлар бәрін көміп, қашқанға дейін бізде сонша көп алтын айналымда жүрген бе? Он сегіз, он тоғызыншы ғасырларда?

- Николайдың алтындарын қайда қоясың? Алтын тиындары болды ғой. Қазақтар оны ерітіп, құяды. Міне саған – тайтұяқ, міне саған қойтұяқ. Ол кездің де өз экономистері бар ғой. Қоянды жәрмеңкесі бар, басқасы бар. Бар малды мыңдап айда да, алтынға айналдырып қоя бер.

- Тайтұяқ, қойтұяқ деген өлшемдер ме сонда?

- Иә. Тайтұяқ деп аты айтып тұр, тайдың тұяғындай көлемде болады. Қойтұяғың да солай.

- Николайдың шығарып берген тиыны бар, өлшем бірлігі бар. Оны ерітіп, үлкен құйма жасауға не қажеттік, не мағына бар?

- Тиын ұсақ болады. Жоғалтып алу ықтималы жоғары. Оның үстіне қазақтың өз өлшем бірлігі бар.

- Жақсы. Енді, алтын тауып алғандар туралы айтыңызшы. Олар тауып алған алтынын қайда сатады? Сатып алатындар кім?

- Білмеймін. Тауып көрмеген соң, айта алмаймын. Негізі алтынды грамдап алады ғой. Соларға өткізетін болуы керек. Немесе «қара» нарықта саудалайды. Ашық сата алмайды ғой енді. Бұл жерде үлкен кемшілік мынау, бізде алтын іздеу заңдастырылмаған, білуімше. Арнайы заң жоқ. Басқа елдерде лицензия сатып аласың да, қаза бересің. Ал бізде ол үшін сотталасың. Тіпті, қылмыстық кодекс бойынша деді-ау. Сосын ешкім айтқысы келмейді.

- Жария айта алмаса, оның алтын тауып алғанын қайдан білесіз?

- Ол адам аяқ астынан байи бастайды. Тұрмысы, үйі, бәрі өзгереді. Сосын өзара алтын тауыпты деген әңгімелер шыға бастайды. Бірақ бәрібір саған ешкім ешқашан оны ашып айтпайды.

Сурет: korrespondent.net сайтынан алынды

- Сіз де айтпай отырсыз ғой...

- Мен айтатындай ештеңе таппадым. Жалғыз тапқаным – Николай бейнеленген кішкене шәй қасық. Оның өзін келісім бойынша қазған соң, музейге беріп кеттім. Айтпақшы, қазақтардың немқұрайдылығы жайлы тағы бір-екі мысал айта салайын. Бір жолы әпкемнің үйіне бардым. Есігін бір кірпішпен тіреп қойыпты. Сап-сары. Барып алып қарасам, бүйірінде 1910 деген жазуы бар. Мынаны қайдан алдың десем, тауып алдық дейді. Бір бөлігін сындырып алдым да, қалаға әкеліп, «Алмазға» (ювелир бұйымдар дүкені – Ғ.О.) тексертіп көрдім. Алтын емес деді. Кейін «Технологическидің» (М.Әуезов атындағы ОҚМУ – Ғ.О.) лабораториясына тексерттім. Оксидке салып тексеріп көрді де, алтын емес, латунь деді. Мақұл. Бірақ шыққан жылы 1910 жылғы. Қараусыз жатқан жәдігер.

Мектепте оқитын кезімізде директор үйде бар ескі заттарды әкеліңдер, музей жасаймыз деді. Бірнеше бала баяғы, ескі, дәу үтіктерді әкелді. Бір бала азамат соғысы жылдарынан қалған бесатар мылтық әкелді. Ол сол кабинетте жатты. Кейін солардың қайда қалғанын Құдай біледі. Ештеңенің құны жоқ, бағаламайды.

Бір жолы қаладағы таныс орыс кісі кездесейік деді. Жолықтық, сөйлестік. Бір шіркеу біледі екен. Сол жерде кезінде көп алтын жасырылған, соны табайық деді. Ол жерде көп алтын жасырған. Кейін "қызылдар" шіркеу қызметкерлерін тауып бер деп қинаған. Олар айтпаған. Бәрін атып тастаған. Бірақ сонда да айтпай кеткен. Соны іздейміз дедік те, кейін жолыға алмай кеттік. Шіркеуден іздейтіндей жөні бар. Өйткені орыстар көбіне алтынды шіркеуге жасырады.

- Неге?

- Білмеймін. Құдайдың үйі, ешкім тимейді дейтін шығар. Тағы бір мысал: бір ағайымның ауылында кезінде ескі шіркеуді бұзған. Сол кезде өте көп Николай дәуірінің ақшалары шашылды дейді. Қағаз ақша. Соны бұлар топырлатып теріп алып, ойнайды екен. Сөйтіп ойнап жүріп бәрін жоғалтқан. Не үшін екенін білмеймін, әйтеуір орыстар шіркеу мен мазарға жасырады.

- Түрлі салада өзінің тақырыптары, әңгімелері болады. Мәселен, құрылысшы таныстарымнан білемін, олар құралдарын мақтап отырады, мынау германский екен, таза Бош екен деп. Сіздерде де құрал-саймандарыңызды солай талқылайтын кездер болады ма?

- Мәселен, жаңа айтқан жігіт менен өткен фанат. Мен отбасыма қарайлаймын, қымбат құрал ала алмаймын. Ал ол соған бар табысын салады. Осыған дейін австриялық екі аппараты болды, Терка деген. Әрқайсы екі мың доллардан тұрады. Одан бөлек былтыр француз аппаратын алды. Ол бес мың доллар тұрады. Ыңғайлы, ықшам, иығыңа асып алып жүре бересің. Жерді қазатын күрегі жүз долларлық. Меніңкі кәдімгі сарбаздардың күрегі. Менің аппаратым 500 доллар тұрады. Арзан, мықты деп мақтай алмайсың.

- Бұрын бастаған кездегі мен қазіргі әсерлерді салыстыра аласыз ба? Әр іздеуге шыққанда табамын деген сенім, сондай бір сезім бола ма?

- Алғаш шыққанда табам деп шығатынмын. Қазір ондай үміт те, қатты бір әсер де жоқ. Мен тек сол процестен ләззат аламын. Үйден шығарда демалып келемін деп кетемін, алтын тауып келем деп емес. Жалпы, бұл жерде алтынды табуға ұмтылу, үміттенуден гөрі, іздеу процесі қызығырақ. Табиғатта өзіңмен өзің боласың, тапсам деген азарты бар, қанша жер көресің, қанша адаммен танысасың, олардан түрлі аңыздар, оқиғалар, тарих естисің. Оларды түртіп аласың, сосын сол жерлерді барып көргің келеді. Барасың, көресің, ол жерде де сол оқиғалар, тарих. Қызық қой.

- Менің нағашы атам болыс болған екен. Нағашы атам болғанда, туған әжемнің әкесі. Оның қазір отырған жұрты, жайлауы, соның атымен аталатын "Қайранбек бастау" деген бұлағы, бәрі бар. Соның көмген алтындары болуы мүмкін бе? Байлардың бәрінің алтындары болған ба?

- Мүмкін. Жалпы, менің іздейтін, ізденетін кезеңдерім сол 1928-1932 жылдардың аралығы. Колхоздастыру, кәмпескелеу кезеңінде өте көп тыққан алтын, құнды заттарын. Сен қара, бағанадан бері өзің қанша жердің атын, қанша мәліметтерді айтып тастадың. Сөйтіп алып мәліметті қайдан аласың дейсің. Солардың бәрі мәлімет қой. Сонда сен өзің барып жаңағы атаңның жұртын қазып, іздеп көргің келмей ме? Қызықпайсың ба? Ал мен қызығам. Маған барып, іздеп көру қызық. Табу, таппау екінші мәселе. Сосын оңтүстікте үңгірден көп нәрсе жоқ. Соларда да көп нәрсе көмілген болуы мүмкін.

- Іздеп жүргенде қорқыныш болмай ма? Қауіпсіздік мәселесі қалай?

- Бағана айттым ғой, кейінгі кездері шығып бара жатқанда жақындарыма бар мәліметті тастап кетемін. Баратын жағым, кіммен шығып бара жатырмын, олардың контактілері, көлік номерлері, бәрін. Солай қауіпсіздеу. Қызғаныш, іштарлық деген жаман. Әр нәрсе болуы мүмкін.

- Жаңа айттыңыз ғой. Сонда алтын ең көп табылатын, көмілген жерлер – Төле би, Сайрам, Жаңабазар ма?

- Иә. Өйткені бұлар – байлардың жайлауы болған жерлер. Былай, қыстақтардан да табылатын шығар. Бірақ негізінен осы жақтарда көп болады. Қыстақтар ықтасын жерлерде болады. Ол жақтан басқа да қызық заттар тауып аласың. Бір қыстақтан үлкен диірмен тасын тауып алдым. Сол күйі жатыр. Шамамен 500-600 келі шығатын шығар. Кімге керек ол. Тастап кеттім.

- Осы уақытқа дейін іздеуге қанша рет шықтыңыз?

- Білмеймін. Санап жүрмеген соң, айта алмаймын.

- Енді 2003 жылдан бері 15 жыл ішінде.

- Он бес жыл бойы үзбей шығып келе жатқан жоқпын ғой. Шетелдік досым аппаратын әкетіп қалған соң, он жылдай үзіліс болып қалды. Ешқайда шықпадым. Кейін өзім аппарат сатып алған соң, қайтадан шыға бастадым.

- Ал сізге атамның алтыны бар, көмбесі бар деп келетіндер сіздің алтын іздейтініңізді қайдан біледі? Қалай шығады сізге?

- Ортақ таныстар болады, ата-бабасының алтыны болған соң, соны тауып беретін адам іздейді. Сөйтіп жүріп табады. Түрлі жолдармен келеді ғой.

- Жалпы, қазір түбі бір табамын деген ой әлі бар ма? Әлде тек жаңа өзіңіз айтқандай, процестен ләззат алу ғана қалды ма?

- Жоқ. Табамын. Табылады.

Алтын іздеуші ағаның хикаяларын тыңдап отырып, соңынан еріп мен де іздеуге кетіп қалғым келді. Мені де алтын табу емес, соны іздеу көбірек қызықтырды. Ел көріп, жер көріп, әр түрлі аңыз-әңгімелер, тарих тыңдап, ел кезіп жүргеннің рахатын айтсайшы. Соның өзі алтынға бермес қызықтар, естеліктер. Өміріне, кәсібіне қызықтым. Кім біледі, бір күні табатын шығар. Аяқ асты мол байлыққа кенеліп шыға келер ме? Оны енді өзі айта қоймас. Үлкен үй салып, қымбат көлік мініп жүрсе, алтын тауыпты ғой деп сыртынан қуанатын шығармын.  Мүмкін, көзім қызар. Таппаса да сондай естелікке, қызыққа толы өмір сүріп жүргенінің өзі неге тұрады. Әзірге тек ізденісіне сәттілік тілеп қояйын. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға