Жаңалықтар

Алматыда соғыс ардагерін ғасырлық мерейтойымен құттықтады

Алматыда соғыс ардагерін ғасырлық мерейтойымен құттықтады
Фото: gov.kz 21.12.2022 10:22 1214

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов Ұлы Отан соғысының ардагері Зұлқарнай Сейітовтің жүз жылдығына арналған іс-шараға қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясында өткен кездесуге ардагерді құттықтау үшін жоғары оқу орындарының ғалымдары мен профессор-оқытушылар құрамы, әкімдік өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, Алматы гарнизонының әскери қызметшілері, сондай-ақ Қазақстан-Ресей медициналық университетінің шығармашылық ұжымы мен Құрлық әскерлері Әскери институтының оркестрі қатысты.

Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мен ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін ғасырлық мерейтой иесіне генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың атынан құттықтау адресі мен «Ел қорғаны» медалін табыс етті.

Зұлқарнай Сейітов 1922 жылы 27 желтоқсанда дүниеге келген. 1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, қызметтік иттер диверсиялық, санитарлық, саперлік сияқты маңызды жауынгерлік жұмыстарды атқаратын арнайы әскери бөлімде қызмет етті. Ол төрт аяқты достарымен бірге Сталинградтан Белоруссия, Польша арқылы, Берлинді алуға, кейін Потсдам сарайын минадан тазартуға қатысты.

Зұлқарнай Сейітов соғыстан соң Омбы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, Қазақстанға келеді. Ұзақ жылғы ғылыми қызметінде биология ғылымдарының докторы, Ғылым Академиясының академигі болды.

Қазақстан-Ресей медициналық университетінің Молекулярлық биология кафедрасының профессоры Зұлқарнай Сейітов 150-ден астам ғылыми жұмыстар мен монографиялардың, 10 оқу құралының, оның ішінде «Биохимия» бойынша 14 патенттің және 8 авторлық куәліктің авторы. Оның көптеген әзірлемелері мен жаңалықтары бүгінде медицинада да, тамақ өнеркәсібінде де кеңінен қолданылып келеді.

Ардагер «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» және тағы басқа медальдармен марапатталған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға