Жаңалықтар

Алматыда Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Алматыда Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті
Фото: Жазушылар одағының баспасөз қызметі 02.10.2023 16:39 881

Алматы қаласындағы "Достық үйінде" "Қазақ детектив жанрының дарабозы" халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Аталған жиында Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Қалыбеков тағдырдың тауқыметімен Тоқаевтің аталарының қырғыз елінен пана тапқанын айта келіп, Қырғызстанда Кемел Тоқаевтың музейін ашуды ұсынды.

Отызыншы жылдардағы қазақ пен қырғыздың басынан өткен қиын тағдырды сол музей аясында көпшілікке таныстыруға болар еді, деді Нұрлан Қалыбеков.

Конференция аясында «Қазақ детектив жанрының негізін қалаушы», «Отан үшін от кешу», «Журналист – қоғамның айнасы, құлағы һәм тілі» атты тақырыптық секциялар ұйымдастырылды.

Конференцияда еліміздегі детектив жанрының дамуы мен ерекшелігін талқылау барысында «қазақ детективінің атасы» атанған жазушы Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты деректер мен тың тұжырымдар талқыланды. Осыдан 100 жыл бұрын дүниеге келген жазушының «Сарғабанда болған оқиға», «Көшпенді үйдің қонысы қайда?», «Таудағы жаңғырық», «Көмескі із», «Солдат қабірінің басында» атты туындылары қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының алғашқы қарлығаштары саналады, - делінген ұйымдастыру комитеті таратқан ақпаратта.

Шытырман оқиғалы повестері қазақ прозасына тың үрдіс әкелген жазушының шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылған. Сарапшы ғалымдар Кемел Тоқаев тек қазақ детектив жанрының ғана емес, Орталық Азия әдебиетінде осынау бірегей жанрдың дамуына ерекше үлес қосқан жазушы екенін атап өтті.

Қазақ әдебиетінде детективтік жанрды бірінші болып Кемел Тоқаев бастаған. Оған дейін де, одан кейін де бұл жанр біздің елде баяу дамуда. Қазақ детектив жанрының негізін қалаған жазушының шығармаларын оқып, содан шабыт алған өзіміз сияқты талай
қазақтың қара домалақ балаларының ел тыныштығын қорғаған әскери адам болуына септігін тигізді. Оның шығармалары ішкі істер органдарындағы кадрлық және тәрбие жұмысы үшін құнды болды және солай болып қала береді, осы жағынан алғанда сөзсіз практикалық құндылыққа ие, - деді заңгер-жазушы, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есберген Алауханов.

Сондай-ақ, филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы Құлбек Ергөбек Кемел Тоқаевтың 100 жылдығын кең көлемде атап өткені үшін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевке алғыс айтып, Өзбекстан мемлекеті қазақ әдебиетінің 100 томдығын өзбек тілінде шығарғанын, оның ішінде Кемел Тоқаевтың бес кітабы бар екенін сөз етті.

Әдебиет - тақырыптан басталады. Тақырып - жазушы үшін тағдыр. Кемел Тоқаевқа тақырыпты тағдыр сыйлады деп ойлаймын. Кемел Тоқаев - үлкен тағдыр иесі. Тоқай шаңырағы шаттықпен өсіп, жақсы өніп келе жатып, шырағы сан рет сөніп қала жаздап, қайта жанған шаңырақ.Кемел - өнімтал шаңырақтың шырағы жалп етіп сан рет сөнгенде өшпей қалған, өшейін деп барып, өлеусіреп барып қайта тұтанған, қайта тұтанған да қайыра жанған жалғыз шырақ! - деді жазушы, әдебиетші, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек.

Құлбек Ергөбек Кемел Тоқаевтың туындыларын қазақ әдебиетінің детектив жанрындағы шығармаларымен салыстырудың олқы екенін, сондықтан жазушы туындыларын әлем әдебиетіндегі осы жанрда жазылған шығармалармен салыстыра зерттеу керектігін айтты.

Айта кетейік, конференция жұмысына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінің шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға