Алматы – миллиондар сүйсінген мекен

Алматы – Қазақстанның жүрегі ғана емес, әлемге ашылған мәдени, табиғи және рухани қақпасы. Шаһардың тарихи тынысы, көз сүріндірер табиғаты мен заманауи мегаполиске тән серпіні жыл сайын миллиондаған туристің таңдауына айналып отыр. Еліміздің өзінде күн санап ондаған, жүздеген адам баратын, тамашалайтын, қызықтайтын қала.
Алатаудың етегіндегі Алматы ежелден түрлі халықтардың, саяхатшылар мен зерттеушілердің жолы тоғысқан мекен болған. Бүгінгі таңда қала тек Қазақстан емес, бүкіл Орталық Азияның туризм саласындағы басты орталығы болып қалыптасып келеді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2024 жылғы дерегіне сәйкес, Алматы қаласына келуші туристер саны 2,3 миллионнан асып жығылған. Оның ішінде 900 мыңнан астамы – шетел азаматтары. Бұл – қаланың халықаралық аренада танылып, тартымдылығы артқанын көрсететін нақты дәлел. Сарапшылар бұл көрсеткіштің жыл сайын өсіп келе жатқанын және Алматының әлемдік туризм картасындағы рөлінің күшейе түскенін айтады.
Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова бұл табысты кездейсоқтық деп санамайды. Оның айтуынша, соңғы жылдары Алматы қаласы өзінің туристік келбетін жүйелі түрде қалыптастырып келеді.
Біз соңғы жылдары туризмді дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізудеміз. Қаланың брендін халықаралық деңгейде таныстыру, жаңа туристік бағыттар мен сервистерді іске қосу – негізгі басымдықтарымыздың бірі. Туристер үшін қауіпсіз, ыңғайлы әрі әсерлі орта қалыптастыру – басты мақсатымыз, – дейді ол.
Табиғат пен технологияның түйіскен тұсы
Алматының басты ерекшелігі – қала мен табиғаттың арасындағы үйлесімділік. Мұнда таңертең қала орталығындағы кофеханадан басталған күн түс ауа тау бөктерінде жалғасып, кешке мәдени кештермен, көркемөнер көрмелерімен аяқталуы мүмкін. Туристер үшін бұл – сирек кездесетін бай тәжірибе. Алматының маңында орналасқан Шымбұлақ, Медеу, Алма-Арасан, Үлкен Алматы көлі секілді орындар маңына барған жанды мүлде басқа әлемге жетелейді.
Франциялық турист Жюльен Морье Алматыны Еуропа қалаларынан мүлде ерекше деп санайды.
Мен әлемнің бірнеше қаласын араладым, бірақ Алматыдағыдай тау мен қаланың үйлесімді тіршілігін көрмедім. Мұнда таңертең тауға шығып, кешке мәдени кештерге баруға болады. Адамдары да өте қонақжай, – дейді ол.
Алматының тағы бір тартымды қыры – оның мәдени алуан түрлілігі. Мұнда өткен мен бүгін, ұлттық һәм жаһандық элементтер бір кеңістікте өмір сүріп келеді. Қастеев мұражайы, Орталық мешіт, Жетісу саябағы немесе Көктөбе – туристер үшін эстетикалық әрі танымдық ләззат сыйлайтын орындар.
Цифрлық замандағы туризм: Алматы трендтен қалмайды
Цифрлық технологиялар Алматы туризмінің бет-бейнесін де жаңартты. «Visit Almaty» платформасы жаңартылып, туристерге ыңғайлы әрі заманауи нұсқаулыққа айналды. Қала әкімдігі қолға алған «Almaty City Pass» жобасы – туристерге түрлі нысандарға жеңілдікпен кіруге мүмкіндік беретін бірегей шешім. Мұндай жүйе шетелдік қонақтар үшін өте ыңғайлы – әрі қаланың қызмет көрсету деңгейін айқын көрсетеді.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбековтың айтуынша, туризм – қаланың экономикалық тіректерінің біріне айналуы тиіс.
Туризм – Алматы экономикасының өсіп келе жатқан секторы. Біз бұл саланың ЖІӨ-дегі үлесін 5 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл үшін инвестиция тарту, шағын кәсіпкерлікті қолдау және кадр даярлау бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатыр, – дейді ол.
Қазіргі заманғы турист – талапшыл, саналы әрі тәжірибе іздейтін адам. Көпшілік бұрын Алматыға табиғат үшін ғана келетін болса, бүгінде гастрономиялық, мәдени, тіпті технологиялық туризм бағытында да қызығушылық артып келеді. Бұл трендті тревел-журналист Ләйла Асқарқызы да растайды.
«Алматыда жастарға арналған туризм ерекше дамып келеді. Instagram-ға арналған локациялар, фуд-корттар, хостелдер мен арт-пространстволардың көбеюі – соның дәлелі. Қала туристер үшін тек көрікті емес, креативті де бола бастады», – дейді ол.
Экологиялық тепе-теңдік – басты талап
Алматының табиғи байлығын сақтап қалу – туризммен қатар атқарылуы тиіс аса маңызды міндет. Туризм бойынша тәуелсіз сарапшы Лаура Серікқызы табиғатты тұтыну емес, ұқыппен пайдалану мәдениетін қалыптастыру қажет екенін ескертеді.
Алматы – урбанизация мен экотуризм тоғысқан ерекше мекен. Мұнда цифрлық инфрақұрылым да дамыған, туристерге арналған қызметтер – онлайн броньдау, мобильді гидтер, аудиоэкскурсиялар – еркін қолжетімді. Бірақ туристердің саны артқан сайын экожүйеге түсетін жүктеме де өсіп отырғанын білуіміз керек. Бұл – стратегиялық назар аударатын мәселе, – дейді сарапшы.
Алматы – туризмді тек экономикалық ресурс емес, мәдени байланыс құралы ретінде де көре білетін қала. Оның бүгінгі қарқыны мен алға қойып отырған міндеттері – бұл саланың тек маусымдық қызығушылық емес, тұрақты даму көзіне айналып келе жатқанын көрсетеді.
Қазақстанның басқа өңірлері де туризмге ден қойып келеді. Бірақ Алматының табиғи-рельефтік жағдайы, тарихи контексті мен көпқырлы мәдени өмірі оны өзгешелендіре түседі. Болашақта Алматы – Орталық Азиядағы туризмнің басты хабына айналуы әбден мүмкін. Ол үшін қаланың келбетіне зиян келтірмей, туризмнің экологиялық, әлеуметтік және экономикалық тепе-теңдігін сақтау – аса маңызды.
Бір нәрсе анық: Алматы – жай ғана демалыс орны емес. Ол – эмоция мен шабыттың, мәдениет пен өркениеттің түйіскен мекені. Оған келген адам тек көріп қана қоймайды – сезінеді, түсінеді, қайта оралуға асығады.
