Жаңалықтар

Алматының апорты неге дәмді?

Дәмі тіл үйірер бұл алманың құпиясы неде?
Алматының апорты неге дәмді?
12.06.2017 18:24 23167

Алматы сөзі қырғыз тілінен аударғанда «Алмалы мекен» деген мағына береді. Кейбір дереккөзге сүйенсек, тек қана Алматыға тән алманың 131 тұқымы бар. Осылардың ішінен алманың бір тұқымын ерекше атап өткен жөн. Біз бүгін Алматының басты байлығына айналған апорт алмасы жайлы баяндайтын боламыз.

Апорт — алманың ірі түріне жатады. Оның қабығы қалың, сары немесе жасыл-сары, қызыл-қоңыр түсті. Бұл алма өзінің нәзік дәмімен ерекшеленеді. Апорт — салыстырмалы түрде алып қарағанда кеш пісетін алманың түріне жатады. Нағыз пісіп, жеміс беретін мезгілі — қыркүйек айы. Апорттың тағы бір артықшылығы ол кеш піскендіктен қыста жақсы сақталады.

1895 жылы Қазақстанға Воронеж губерниясынан жер аударылған Е.В.Редько есімді азамат өз отанында өзге алмалардан еш айырмашылығы болмаған апорт алмасының екпе көшетін Жетісу жеріне алып келеді. Апорт алмасын Алматының жабайы алмаларымен ұрықтандырғанның нәтижесінде әйгілі Алматының апорты дүниеге келді.

Дәмі тіл үйіретін Алматының апорты аз уақыттың ішінде танымал болды. Жиырмасыншы ғасырдың басында Алматыдағы апорт алмасын өсіру шаруашылығы Ресейдің барлық аудандарына таралып, 1900 жылы Париж қаласында өткен Бүкіләлемдік көрмеде ең жоғарғы бағаға ие болды. Алматының апорты халық арасында алманың ең жоғарғы сорты болып есептелді.

Бүгінгі күні апорт нарықта өте сирек кездеседі. Өйткені алма бақтар жекешелендіру кезінде қараусыз қалып немесе алма бақтарының орынына басқа нысандар салынған. 1970-жылдарғы санақ бойынша, Қазақстанда 3851193 түп апорт ағашы болса, оның 80 пайызы Алматыда өсiрiлген екен. Бұдан кейiнгi санақтар көңiлге кiрбiң ұялатады. Мәселен, 1984 жылы Қазақстанда 1965795 түп апорт алма болып, Алматыда оның 1418988-i өсiрiлiптi. Ал бұдан соңғы мәлiметтер тiптi майдаланып кеткен.

Кәсіпкерлер мен мемлекеттің назарынан тыс қалған Алматының апорты бүгінде қайта жанданып келеді. Жас кәсіпкерлер аталары, әкелері аманат етіп қалдырған кәсіптерін жандандыруда. Солардың бірі — Арсен Рысдаулетов. Арсеннің атасы мен әкесі өмір бойы апорт өсірумен айналысқан. Сондықтан оған бұл іс таңсық емес. Таудың етегінде, үш гектар жерді алып жатқан Арсеннің апорттары алдағы екі-үш жылда жемісін бермек. Ол болашақта кәсіпорынды кеңейтіп, әлемдік нарыққа шығару да жоспарында бар.

Шетел ғалымдарын қазiр апорт алмасымен қатар жабайы алмаға да назар аудара бастады. Өйткенi, апорттың арғы атасы – жабайы алма. Америка ғалымдарының бiздiң ғалымдарымызбен он екi жылға шарт жасасып, жабайы алма тұқымын сақтап қалу үшiн 3 миллион доллар қаржы бөлуi сөзімізге дәлел. Бұл – алма тарихы одан ары жалғаса беретіндігінің айғағы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға