Жаңалықтар

Әлихан Смайылов ЕАЭО елдерінің Премьер-министрлері алдында сөз сөйледі

Әлихан Смайылов ЕАЭО елдерінің Премьер-министрлері алдында сөз сөйледі
Фото: primeminister.kz 02.02.2024 21:00 957

Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті. Жиында ЕАЭО елдерінің Премьер-министрлері алдында сөз сөйлеген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов кедергісіз ортақ нарық және тауарлар транзиті туралы атап өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Отырысқа Арменияның Үкімет басшысы Никол Пашинян, Беларусь Премьер-министрі Роман Головченко, Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов, Ресейдің Үкімет басшысы Михаил Мишустин, Қырғызстан Министрлер Кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Адылбек Қасымалиев және ЕЭК Алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Тараптар ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамытудың жай-күйі мен перспективаларын, электрондық сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі іс-шаралар жоспарын және көлік саласындағы басымдыққа ие интеграциялық инфрақұрылымдық жобалар тізбесіне өзгерістер енгізу мәселесін талқылады.

Сонымен қатар қатысушылар ЕАЭО елдеріндегі макроэкономикалық ахуалды және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды қарастырды.

Әлихан Смайылов биыл ЕАЭО туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толатынын еске салды. Бүгінде ол – 190 млн халқы бар, еңбек нарығы 93 млн-нан асатын, жалпы ішкі өнімі $2,7 трлн-ды құрайтын қарқынды дамып келе жатқан интеграциялық бірлестік. Бұл ретте мүше мемлекеттердің өзара саудасы 2015 жылдан 2022 жылға дейін 2 есеге өсіп, $85 млрд-қа жетті.

Өткен жылғы маңызды оқиға “Еуразиялық экономикалық жол” декларациясының қабылдануы болды. Бұл құжат еуразиялық кеңістіктегі алдағы 5 жылға арналған интеграциялық процестердің негізгі бағыттарын айқындайды. Декларацияны іске асыру біздің экономикаларымыздың дамуы үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. Нақты экономикалық жобаларды іске асыру үшін барынша күш салу қажет, — деді Премьер-министр. 

Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысының айтуынша, ЕАЭО Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің қиылысында орналасқан. Бұл осы аймақты бәсекелестікке қабілетті ететін негізгі артықшылық.

Қазақстан транзиттік көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән береді. Соңғы 15 жылда біздің еліміз осы мақсаттарға $35 млрд-тан астам қаражат бөлді. Ляньюньган қаласында логистикалық орталық, “Қорғас” құрғақ порты, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” транзиттік магистралі, Қытайдан Иранға теміржол дәлізі іске қосылды. Каспий теңізінің “Құрық” және “Ақтау” порттарына жаңғырту жүргізілді, — деді Әлихан Смайылов.

Ол сондай-ақ «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржолдарының, «Алматы» станциясының айналма жолының құрылысы басталғанын және «Достық – Мойынты» учаскесінде екінші жолдар салынып жатқанын айтты.

Сонымен қатар Қытайдың Сиань қаласында қазақстандық терминалдың құрылысы басталды. Ресей, Түрікменстан, Үндістан және Иран тараптарымен бірлесіп, Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің шығыс бағытын синхронды дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.

Біз елдеріміздің халықаралық дәліздерінің, логистикалық терминалдары мен өткізу пункттерінің өткізу қабілетін одан әрі арттыру маңызды деп санаймыз. ЕАЭО-ның барлық елдерін транзиттік-көліктік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыруға шақырамын, — деді Премьер-министр.

Бұдан өзге Әлихан Смайылов өнеркәсіптік кооперациядағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында биылдан бастап бірлескен жобаларға қаржылай көмек көрсету тетігі іске қосылатынын айтты. Бұл стратегиялық жобаларды іске асыруға, бизнес бастамаларын тиімді ілгерілетуге, өзара инвестицияларды арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Ірі өнеркәсіптік кооперациялық жобаларды іске асыру ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің технологиялық әлеуетін дамытуды қамтамасыз етеді. Бірлескен бастамаларды қаржылық қолдау құралдарын одан әрі кеңейту маңызды деп санаймын, — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы «төрт бостандықты» және ЕАЭО туралы шарттың базалық қағидаттарын іске асыру интеграциялық бірлестіктің іргетасы болып қала беретінін атап өтті.

Біздің экспорттаушылар көбінесе жасырын шектеулерге тап болады. Сондықтан біз үшін төрт бостандықтың бірі – тауарлардың қозғалыс еркіндігін іске асыру мәселесі өзекті болып қала береді. Жалпы кедергісіз нарықты қалыптастырып, үшінші елдерге тауарлардың кедергісіз транзитін қамтамасыз ету қажет. Бұған барлық негізгі процестерді цифрландыру септігін тигізуі тиіс, — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің айтуынша, өткізу нарықтарын кеңейту тұрғысынан халықаралық күн тәртібі маңызды болып табылады. Сондықтан өзара экономикалық қызығушылық тудыратын үшінші елдермен және халықаралық ұйымдармен диалогты жандандыру маңызды.

Серіктестер біздің артықшылықтарымызды білуі керек. ЕАЭО-ның жекелеген инфрақұрылымдық жобаларына қатысуға үшінші елдерді тарту маңызды болып табылады. Комиссия мүдделі елдерді тарта алатын жобалар тізімімен жұмыс істеуі керек, — деді Әлихан Смайылов.

Қорытындылай келе, Үкімет басшысы Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес, 2024 жылы әлемдік экономиканың өсу қарқыны баяулап, 2,4%-ға дейін төмендеуі жалғасатынын атап өтті.

Ұлттық деңгейде де, ЕАЭО ауқымында да сын-қатерлерге бейімделе білу бүгінгі таңда біздің ұйымымыздың табысты жұмысының маңызды факторы болып табылады, — деп атап өтті Премьер-министр.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар бірқатар тиісті құжаттарға қол қойды.

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға