Жаңалықтар

ТОП-10. Әлемдегі ерекше тулар

4 маусым - ҚР Мемлекеттік рәміздер күні
ТОП-10. Әлемдегі ерекше тулар
04.06.2018 14:44 17797

Әр елдің байрағы оның елдігінің, тәуелсіздігінің белгісі іспеттес. Біз әдетте туда елдің тарихы мен дүниетанымын, салт-дәстүрі мен өмірлік философиясын аңғаруға тырысамыз. Ал кейде тудағы символ мүлдем басқа мағынаны береді. Қайсыбірі тіпті қызық... 

Жалпы, туға тарихи деректер мен сол елдің географиялық орны, экономикалық көрсеткіштері, діні немесе этникалық факторларға байланысты түрлі элементтер мен түстер қолданылған. Бүгінгі біздің топтамамыз қызықты тарихы бар туларға арналады.

Баланың туындысы

Бір қарағанда Норвегияның туынан айтарлықтай қызықты элемент байқамайсыз. Қызыл фонға жиегі ақ болып келген көк крест салынған. Осы тудың шығу тарихына тікелей кішкентай баланың қатысы болғанын естіп пе едіңіз? Иә, білдей бір мемлекеттің ұлттық туының авторы кіш-кішкентай бүлдіршін.

Тарихи деректе бұл туды Берген парламентарийі Фредери Мельцердің ұлы Герхард салғандығы айтылады. Бұл оқиға Норвегияның Швеция королдігінің билігіне өткен кезде, яғни 1814 жылы болған екен. Дания елінің туымен ойнап отырған бала ақ түстің үстіне көк бояу жағады. Ал бұл идея оның әкесіне қатты ұнап қалады да, ұлының туындысын ұлттық ту ретінде жариялайды. Жалпы, қызыл, көк және ақ түстер еркіндіктің символы болып есептеледі.

Ғылыми құрал

Португалдық туындағы жасыл мен қызыл негізгі түс ретінде саналады. Бірақ, осы түстер ортасына астрономия құралы армиллярлық сфера белгіленген елтаңба қойылған. Португалия туы әлемде ешқандай елдің мемлекеттік рәмізіне ұқсамайды. Себебі, бүгінге дейін олардан басқа ешкім байрағында ғылым құралын таңбалаған жоқ.

Шахмат тақтасы

Хорватия мемлекетінің туындағы негізі түстер: қызыл, ақ және көк. Бірақ, тудың ерекшелігі – ортада тұрған шахмат тақтасынан құрылған елтаңба.

Аңызға сүйенсек, ІХ ғасырда Хорватия королі Светослав Суронья Венециялық аймақ басшысы (дожы) Пьетр ІІ Орселмен шахмат ойынында жеңіске жетіп, Далмация қалаларын билеу құқығына ие болады. Ол жеңіспен оралған соң, елтаңбаға шахмат тақтасын енгізіпті.

Калашников автоматы

Мозамбик Республикасының туы арасы ақ түспен бөлінген қара, жасыл, сары жолақтардан және қызыл үшбұрыштан тұрады.  Тудың ерекшелігі осы қызыл үшбұрыштың ішіндегі элементтерде жатыр. Онда сары жұлдыз, кітап, кетпен және сүңгі-пышағы бар Калашников автоматы бейнеленген. Мозамбик Республикасының заңнамасында жұлдыз әлемдік қоғамдастық пен мозамбик халқының тілектестігі ретінде көрсетіледі. Ал кітап, кетпен мен қару – білім, өндіріс пен қорғаныс қабілетін білдіреді.

Ең ерекше пішінді ту

Непалдың мемлекеттік туындағы негізгі түс – шеті көкпен көмкерілген қызыл түс.  Ал оның ортасында күн мен ай бейнеленген. Әдетте, ұлттық тулар төртбұрышты пішінге лайықталып жасалынады. Ал Непал туы бірінің үстіне бірі қойылған екі қызыл бұрыштан тұрады. Қызыл-көк түс мемлекеттің ұлттық түсі ретінде танылған. Ілгеріде айтып кеткен қос үшбұрыштың бірінде күн, бірінде ай салынған. Бұл аспан әлемінің белгілері Непалдың да сөнбейтін күн мен ай секілді мәңгілік болады деген сенімінен пайда болған. Тудың мұндай ерекше пішін алуы елді ерте заманда билеген Раналар әулиетінің қос жалауды бір-бірімен қиылыстыруынан туындауы мүмкін дейді. Сол сияқты үшбұрыштарды Гималай тауымен де байланыстырып жатады. Әлемдегі ең айырықша ту 1962 жылдың 16 желтоқсанында бекітілген.

Жер көлемі

Кипр елінің туы ақ фонға республиканың жер көлемі жез түстес етіп салынуымен ерекешеленеді. Неге жез түсі? Себебі, осы аралда б.з.д үш мыңжылдықта жез кені табылған. Химиялық элементтің Cuprum (латынша) атауы осы Кипр аралының атымен байланысты қойылған. Ал контурдан кейінгі зәйтүн ағашының екі бұтағы республикада өмір сүріп жатқан грек-киприоттар мен түрік-киприоттардан хабар береді.

Жұлдызды аспан

Бразилия елінің негізі түсі ретінде жасыл түс таңдалған. Ал ортасында дөңгелек келген жұлдызды аспан бейнеленген сары ромб бар. Жұлдызды аспанды 1889 жылдың 15 қарашасындағы  әскери төңкерілістен соң, Бразилия республика болып жарияланған оқиғамен байланыстырады. Яғни, сол күні аспан тұп-тұнық жұлдызға толы болып тұрған. Ал ондағы жұлдыздар саны да кездейсоқ емес. Олардың жалпы саны – 27. Бұл осы елдегі штаттардың санымен байланысты.

Шаршы ту

Непалдан кейінгі тікбұрышты болып келмейтін тағы бір ерекше ту Швецария еліне тиесілі. Қызыл түсті шаршының қақ ортасында ақ түсті айқыш орнатылған. Тудың шығу тарихы тереңде жатыр. 1291 жылы Швецария конфедерациясын құрған үш бірлестіктің бірі Швиц контонының елтаңбасы болған. Бұл елдің туының түсі Қасиетті Рим империясы кезеңінен өзгертуге ұшырамаған. Тек пішіні сан құбылған. Сол конфедерация кезеңінде ту үшбұрышты болса, сосын бес шаршыдан құралған ақ түсті айқышқа өзгерген. Ал қазіргі ту 1889 жылы бекітілген.

Құбылмалы-ту

Филиппин елінің туының жолақтары ауысып отырады. Қалай дейсіз ғой? Бейбіт күндері тудағы қызыл жолақ жоғары, ал көк түс төменде орналасады. Егер соғыс бола қалса – керісінше. Ту түстері патриоттық пен ерлікті бейнелейді. Ол қос жолақтан бөлек туда ақ үшбұрыш бар. Онда еркіндіктің символы болған сегіз шұғыласы бар күн мен үш жұлдыз бейнеленген.  Жұлдыздар үш аралда тұратын азаматтардың тобынан хабар берсе, сегіз шұғыла Испанияға қарсы тұрған, сегіз провинцияны білдіреді.

Шіркеуі бар ту

Әлемдегі шіркеу бейнеленген жалғыз ту Камбоджа еліне тиесілі. Онда Анкгор Ват бес мұнаралы шіркеуі көрініс тапқан. Аумағы екі шаршы шақырымды алып жатқан шіркеу ХІІ ғасырда тұрғызылған. Ол қызыл фонның қақ ортасында жайғасқан, тудың жоғары мен төмен жағы көк жолақты болып келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға