Алатаудағы инвестициялық сот коммерциялық істерді қарайды – Тоқаев

Алатаудағы инвестициялық сот коммерциялық істерді қарайды – Тоқаев
Фото: Ақорда

Алатау қаласында ағылшынның жалпы құқық моделі бойынша жұмыс істейтін инвестициялық сот құрылып, коммерциялық істерді қарайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазанда Қазақстан халқына жолдауында мәлімдеді.

Президент Алатауға инвестиция тарту үшін кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын тиімді сот жүйесін қалыптастыру қажет екенін атап өтті.

Инвестиция мен кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыруды көздейтін Алатау қаласының қарқынды дамуы қаншалықты маңызды екені көпшілікке түсінікті болды деп ойлаймын, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, инвесторлардың сенімі сот жүйесінің сапасына және өз құқықтарын қорғау мүмкіндігіне тікелей байланысты.

Кез келген халықаралық юрисдикцияның ұзақ мерзімді тартымдылығының басты шарты – тиімді сот төрелігі. Сондықтан Алатауда сот төрелігінің жоғары сапасын қамтамасыз ететін сот жүйесін құру қажет, – деді президент.

Жаңа сот жүйесінде инвестициялық және азаматтық соттардың өкілеттіктері нақты ажыратылады.

Ағылшынның жалпы құқық моделі бойынша жұмыс істейтін инвестициялық сот коммерциялық істерді қарайды. Ал арнайы құқықтық режимге қатысты қалған барлық мәселе Азаматтық соттың құзыретіне кіреді, – деді мемлекет басшысы.

Ағылшынның жалпы құқық моделі халықаралық коммерциялық тәжірибеде кеңінен қолданылады. Оның басты ерекшеліктерінің бірі – сот прецеденттерінің маңызды рөл атқаруы, яғни бұрын қаралған істер бойынша шығарылған сот шешімдері ұқсас дауларды шешу кезінде негізге алынады.

Жаңа сот жүйесін құру үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Президент Үкіметке тиісті түзетулерді 2027 жылғы қаңтардың соңына дейін әзірлеуді тапсырды.

Үкімет 2027 жылғы қаңтардың соңына дейін «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға тиісті түзетулерді Құрылтайдың қарауына енгізуі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз