Жаңалықтар

Академик Нығмет Сауранбаевтың ғылыми еңбектері

Қазақ тіл білімінде Нығмет Сауранбаевтың жазып қалдырған мұраларын бірнеше салаға бөлуге болады.
22.10.2015 07:17 9525

Нығмет Сауранбаевтың ғылыми мұраларын оқи отырып, ең алдымен көзге түсетін нәрсе – оның жан-жақты дамыған дарынды ғалым екендігі. Нығмет Сауранбаевтың эрудициялық диапазоны өте кең, тіл білімі туралы әргі-бергі заманның ілімдерін жете меңгерген, теориялық қаруы мен практикалық қабілеті орасан зор.

Академик Нығмет Сауранбаевтың ғылыми еңбектері

Қазақ тіл білімінде Нығмет Сауранбаевтың жазып қалдырған мұраларын бірнеше салаға бөлуге болады. Олар – қазақ алфавиті мен орфографиялық ережелер жөніндегі нақтылы ұсыныстар мен анықтамалар; қазақ тіліндегі лексикалық байлықтың құрамы мен сипаттамалары; әр қилы сөздік жасаудың принциптері мен негіздері туралы тоқтамдар; сөз таптарын өзара жіктеу критерийлері мен олардың ерекшелік қасиеттері; есімдік, етістік, рай категориясы, көсемше тұлғасы және шылау сөздерінің морфологиялық суреттемесі, семантикалық сыры мен синтаксистік қызметі жайындағы талдаулар; жай сөйлем мен құрмалас сөйлем жөніндегі ғылыми зерттеулер; халық тілінің жасалу жолдары мен көздері жөніндегі мәселелер; әдеби тіл тарихының басталу базасы мен даму кезеңдері жайлы айтылған пікірлер; қазақ диалектісінің қалыптасып бітпеген кейбір қағидалары жайында пікір алысу; оқулықтар мен оқулықтар мен прогаммалар жазудың өрнектері, республикамыздағы қоғамдық ғылымның даму жолдары туралы болжамдары мен перспектиквалық жоспарлары, қоғамдық, әдеби және мәдени өмірімізге байланысты айтылған әр түрлі мақалалар мен шығармалар.

Нығмет Сауранбаев өз творчествосының нағыз шарықтау кезінде синтаксис мәселелерін зерттеумен шұғылданады. 1950 жылы жазған бір есебінде: «Құрмалас сөйлем синтаксисі мен етістік категориялары туралы ғылыми ізденулермен айналысып жүрмін», - деген екен. Ол 1944-48 жылдары екі монография жариялап, көлемді 3 мақала жазыпты.

Қазақ ССР Ғылым академиясы ұйымдасқан алғашқы уақыттардың өзінде «Қоғамдық ғылымдар бөлімі мен оның міндеттері», «Совет ғылымының жаңа жетістіктеріне қарай», «Қазақстандағы қоғамдық ғылымдардың дамуы» деген бірнеше мақалалар жариялады. Онда автор жаңадан құрылған жас бөлімнің айбынды міндеттерін атап көрсетіп, сол міндеттерді орындау жолында ғалымдар қауымына жігер беріп отырды.

Н.Сауранбаев 1951 жылы «Қазақ ССР Ғылым академиясындағы қоғамдық ғылымдардың жағдайы мен одан әрі дамыта түсудің міндеттері» деген мақаласын автор гуманитарлық ғылымдардың жан-жақты жедел дамуы үшін жазған болатын.

Нығмет Сауранбаев үнемі тарих пен этнографияның, археология мен әдебиеттану ғылымының, право мен философияның, экономикалық ғылымдар мен өнердің хал-жағдайы мен болашақ барысын тамыршыдай бақылап, алақанына ұстады. Бірақ ол қазақ тіл білімінің күнделікті тұрмысынан ешуақытта қол үзіп көрген емес. «Қазақстандағы тіл білімі ғылымын одан әрі өркендете түсу үшін» деген еңбегі соның айғағы.

Қазақ тіл білімінде Нығмет Тінәліұлы 3 монография, 2 брошюра, 60 ғылыми мақала, 7 баяндама, 1 программа, 7 оқулық жазып, 2 сөздік түзіп шықты. Редакциялық жұмыстары мен саяси-әлеуметтік тақырыпқа жазған еңбектері, әрине, өз алдына.


Абжан Курышжанов «Академик Н.Т.Сауранбаев»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға