Жаңалықтар

Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі

Өмірі күреске толы қайраткер
Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі
Фото: Жазира Бергалиева 14.09.2017 12:16 32855

Алматы қаласының қақ ортасында Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне берілген көше бар. Күнделікті сол даңғылмен жүрсек те оның неге дәл осы тұлғаның атымен аталатынына мән бере бермейміз. А. Байтұрсынов пен Жамбыл Жабаев көшелерінің қиылысында 19-ғасырдың сәулет өнерінен көрініс беретін кішігірім үйді байқайсың. Қазақ халқына қалтқысыз қызмет қалған Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы осы үйде тұрған. Дәл осы баспанадан оны «халық жауы» атандырып, отбасымен қоса қуып шыққан. Ұлт бастауында тұрған ұлы тұлғаны кейінгі ұрпақ танып-білсін деген мақсатта бүгінде бұл ғимаратты ақын атындағы мұражайға айналдырған.

1988 жылы алашордашылар ақталған тұста Байтұрсыновтың балалары мен немерелері Ахметтің атына қоғамдық қор құрып, ақынның бір кездері тұрған үйін мұражайға айналдыруды қолға алады. Алайда бұл істі жүзеге асыру оңайға соқпады. Себебі, үй басқа біреулердің меншігіне өткен еді. Дегенмен де, ақын ұрпақтарының бастамасы нәтижесіз қалмады. 1993 жылы Алматы қаласы, Космонавтов көшесінің бойындағы нөмірі 60-шы үйді мұражайға айналдыру жөнінде шешім қабылданады. Осылайша, 1998 жылдың 12 қыркүйегінде қайта жөндеу жұмыстарынан өткен мұражай-үйдің салтанатты түрде ашылуы болады. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы көптеген көшелердің атауы өзгертілген тұста ғалымның үйі орналасқан осы бір көше Байтұрсынұлы деп ауыстырылады.

Мұражайдағы экспонаттарға келер болсақ, өкінішке қарай суреттер, қолжазбалар мен ғалымның көзі тірісінде шыққан кітаптары қамауға алынған сәтте-ақ жойылған екен. Ұлт ұстазының өзі құрап, жазып шыққан «Қазақ тілінің әліпбиінің» таралымына да тиым салынды. Ахмет «халық жауы» деп танылғаннан кейін отбасы да үйден қуылып, қуғын-сүргінге ұшырайды.  Төрт бөлмеден тұратын мұражайдағы ең үлкен әрі жарық екі бөлмеде Байтұрсынұлының отбасына және замандас достарына қатысты құнды мағлұматтардың түпнұсқасы мен көшірмесі және бірең-сараң экспонаттар бар. Ал үшінші тар әрі қараңғы бөлмеге санаулы ғана экспонат қойылған екен. Мұнда Ахмет Байтұрсыновтың ату жазасына кесілер алдында түскен фотосуреті ілініп тұр. Кішігірім мұражайды бір демде аралап шығатын келушілер дәл осы суреттің жанына келіп ұзақ уақыт ой үстінде қалады. Себебі бұл – ұлт ұстазынан қалған соңғы естелік.

Ұлы қайраткердің өміріне қатысты деректердің жойылғандығынан мұражайға экспонат жинауда көптеген қиыншылықтар болды.

Қызметінің көп жылдарын ғалым өміріне қатысты деректерді жинастыруға және сақтауға арнаған мұражай директоры Райхан Имаханбетова ұлы қайраткердің өміріне қатысты мағлұмат пен жәдігерлердің аздығын айтады.

— Біздің мұражайымыз қазақ интеллегенциясының өзге өкілдерінің мұражайы сияқты аса бай емес. Себебі, Ахмет Байтұрсынұлының тағдыры өте қиын болды. Оның өзіне және отбасына қатысты көптеген деректер мен экспонаттар сол кездің өзінде жойылған. Сол замандағы саясаттың кесірінен үнемі көшіп-қонып, қуғын-сүргінде, кейде қамауда жататын «Алашорда» үкіметінің көшбасшысы, республикалық демократиялық «Қазақ» газетінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұылының көзі тірісінде қолданған заттарының басым бөлігі сақталмаған десе болады.

                   Ғалымның аяулы жары – Бәдрисафа

Мұражайдағы құнды экспонаттардың бірі – қол сандық. Бұл сандықтың бүгінгі күнге аман-есен жетуіне ғалымның аяулы адал жары Бәдрисафа себеп болды. Ахмет қамауға алынғанда жұбайының артынан бару үшін Бәдрисафа бұл сандықты сатып жібереді. Соның арқасында ол сақталып қалады. Ал сандықты сатып алғандардың отбасы қаншама жыл өткеннен кейін бұл құнды жәдігерді мұражайға әкеліп өткізеді. Ұлы қайраткерге серік болып, тағдыр қыспағына бірге төзген Бәдрисафаның шын есімі – Александра Ивановна.

Ол Қостанайдан жүз шақырым жерде орналасқан ауыл мектебінде мұғалім болып қызмет атқарады. Халық арасында рухы биік әйелдің ерекше болмысы мен жақсы қасиеттері жайлы әңгімелер ауыздан ауызға тарап, күні бүгінге дейін жетіп отыр. Бәдрисафа халықтың мүддесі үшін қызмет еткен ұлт қайраткеріне тек адал жар болып қана қоймай, ерінің ісін ілгері жылжыту үшін қауіп-қатерге басын тігіп, талай мәрте ерлік көрсеткен. Өкінішке орай, оның өмірі де трагедиялық жолмен аяқталады. Балаларынан айрылған ана, бір жағынан ерінің қазасынан қайғы жұтып, өмірінің соңғы жылдарын жалғыздықта өткізеді. Осылайша, Бәдрисафа Иванқызы 40-жылдары Қарттар үйіне барып сол жерде көз жұмады. Қызы Шолпан жетімдер үйіне өткізіліп, ұлы Сашуратты туыстары алады. Қыспаққа ұшыраған ақынның ұрпақтары ұзақ жылдар бойы тегін жасырумен келеді.

                      Ахмет Байтұрсынов – кемеңгер тұлға

Мұражай кіре берісіндегі тілек пен ұсыныстарға арналған кітапшаға ақын өмірімен танысудан алған әсерін, өтініш-тілегін жазып қалдыратындардың қатары көп. Мұнда ғалымдар мен журналистер, шетелдік туристер, қала тұрғындары, сондай-ақ көбінесе мектеп оқушылары жиі келеді. Алматы қаласындағы колледждер мен мектептердегі тарих және әдебиет пәнінің мұғалімдері мұражайда ашық сабақтар өткізіп тұрады.

Сондай-ақ, мұражай ішінде ғалым өміріне қатысты барлық ақпаратты қамтитын кішігірім кітапхана бар. Жалпы, бұл музей қазaқ мәдениетінің тарихында еңбегімен бүкіл бір дәуірді алып жатқан алып тұлғaның өмірінен аз ғана сыр шертетін орын. Қараңғы қазақ көгінде жұлдыздай жарқырап, малдың соңынан ерген жуас халқының қамын жеген, сaуатын ашпақ боп масадай ызыңдап оқу-ағартуға шақырған Ахаң – өз ұлтының ары мен ұятына айналған кемеңгер тұлға. Ол өмір сүрген кезеңнен алыстаған сайын ғалымның нар тұлғалы бейнесі ірілене берері сөзсіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға