Жаңалықтар

Ахаңның тойы – Алты алаштың тойы

Жангелдин ауданының әкімі Шота Оспановпен сұқбат
Ахаңның тойы –  Алты алаштың тойы
Фото: qazaq1913.com 12.11.2022 12:13 2141

Қостанай облысы Жангелдин ауданына жол түсті.  Жақында ғана бұл өңірде Алаш қайраткері, ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойы өткені белгілі. Жақсы мен жайсаңның басы қосылып, алаш арысының ақтаңдақ тұстарын ақтарып, елеулі еңбегін дәріптеп кейінгі ұрпағына өнеге қылды. Той дүркіреп өтті. Дархан даласы – Ахаңның дархан пейіліндей шалқып, жырларынан Қызбел тауы қорғасындай балқып, Ахаң өзі шомылған Ақкөлі тұңғиық ойға батып, әндері шартапқа сүйіншілеп тарап жатты.    Ахаң дүниеге келген елді мекен Ахмет Байтұрсынұлы ауылы   аудан орталығына 100  шақырымдай қашықта жатыр. Алты алаштың мақтанышы болған Ұлт ұстазы бұл жермен ой құшағында тербетіліп талай мәрте өткен еді...
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Торғайға арнайы барып, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ұлтына ғұмырын арнаған Ұлы тұлға» атты ғылыми-практикалық конференцияда қатысты. Сол жолы Мемлекет Басшысының құттықтауын оқыды.    «Ахмет Байтұрсынұлы – тарихымызда айырықша орны бар бірегей тұлға. Алаш жұртының асыл перзенті халқымыздың тағдыры сынға түскен күрделі кезеңде ерекше қайраткерлік танытты. Шын мәнінде, Ахаңның өмір жолы – ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі. Арыстарымыздың есімін ардақтап, ұлағатты ісін жалғастыру – халқымыздың қастерлі парызы», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында. 
Сол жиында Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын насихаттауға үлкен көңіл бөлуіміз керегін баса айтқан Мәулен Әшімбаев мерейтой аясында қандай ауқымды жұмыстар атқарылғанын да санамалап берді.
«Бірқатар елдімекендерге, көшелерге және нысандарға Ахаңның есімі берілді. Соның ішінде Қостанай халықаралық әуежайын ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар, ұлт ұстазының 12 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Ахаң туған жерде кесенесі тұрғызылды. Сол жерде музей-үй бой көтерді. Бүгін Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына арналған ескерткішті бәріміз барып аштық. Қос арыстың атындағы әдеби музейге реэкспозиция жұмыстары жүргізілді. Осылардың қатарында бүгінгі ғылыми-практикалық конференция да бар. Мұның бәрі мерейтой аясында іске асырылған ауқымды жұмыстардың бір парасы ғана», – деді Сенат Төрағасы.
Мәулен Сағатханұлының сөзінше, Ахаңды ұлықтау мерейтоймен ғана шектелмеуге тиіс. Ұлт ұстазының еңбегін насихаттау және оны тану жұмыстары қарқынды жалғаса береді. Мемлекет бұл бағыттағы бастамаларға үнемі қолдау көрсетеді.
Осы ретте Торғайға ат басын бұрып арнайы келгендіктен Жангелдин ауданы әкімі Шота Сабитбекұлы Оспановпен емен-жарқын сұхбат құрдық. 
– Ұлт  ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының  150 жылдық мерейтойы Торғай өңірінде тойланды.  Халық көптен күткен той еді бұл.  Ахаңның туған жеріндегі  мерейтойы  қалай өтті?  Аудан басшысы және тойдың өтуіне тікелей жауапты адам  ретінде Ахаң тойына баға беріп өтіңізші?
– Қазақта сөз бар ғой, тойдың болғанынан боладысы қызық деген. Ахаңның 150 жылдығы қарсаңында тап соған көзім жетті. Ахаң тойына осы жылдың басынан  қарекетті  бастағанбыз. Ең алдымен республикалық комиссия құрылды.  Оған сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары  Ералы Тоғжанов төрағалық етті.  Республика бойынша және ЮНЕСКО бойынша аталып өтетін болғандықтан, тек қана Торғайда емес, өзге де облыстарда, қалаларда Ахаңның 150 жылдығы  аталып өтетінін ескеріп, қандай жұмыстар істелетіні, атқарылатыны, іс-шаралар  жоспары бекітілді. Республика көлемінде қоғамдық қор құрылды.  Бұл қорға Торғайдан шыққан кәсіпкерлер, өзге де жанашыр азаматтар  барынша қол ұшын созды. Осы орайда Қостанай облысы  Әкімінің бастамасымен Жәнгелдин ауданында кездесулер өткізілді. Қостанай облысының әкімі Архимед Бегежанұлы Мұхамбетов тиісті мекеме басшыларын, мәдениет саласы мамандарын, өндіріс салаларының білгірлерін қасына ерте келіпті.  Арнайы ұйымдастырылған кездесулерге аудан халқы мен қоса Ахаңның туған жерінің  тұрғындары  (Ахмет Байтұрсынұлы  және Ақкөл ауылы) қатысты. Ахаңның 150 жылдығы қарсаңында  халықтың пікір мен ойы тыңдалды. Өтініш-тілектері ескерілді. 
Айтпақшы қорға  ат салысқан Берік Бейсенғалиев  деген азамат қыс ортасында Торғайға  келіп,     Ахаң туған өлкеге барып, екі  ауыл халқын жинап пікірлестік.  Біз мемлекет тарапынан не істеледі, қандай жоспарлар бекіп жатыр, Ахаң туған ауылға, ауданға  қатысты жайттарды  түгел ашық айттық. Халықтың да «Былай өтсе, былай істесек» деген өтініш-тілектері де тыңдалды. Соның негізінде алдағы атқарар жұмыстарымызды тиянақтап алдық. Сөйтіп  Ахаңның кіндігі кесілген «Сарытүбек»  қыстауынан шаруаны бастадық. Бұл қыстақ Ақкөл мен Ахмет Байтұрсынов ауылының қақ ортасында тұр.  Бұл жерде қазір ел жоқ.  Бірақ екі ауылдан да алыс емес. Аралары тоғыз шақырым шамасы. Сол жерге екі ауылдың тумалары ұйымдасып (Үлкені бар, кішісі бар)  Ахаң дүниеге келген үйдің орнына 2010 жылы саманнан үй көтерген. Ол жылдары үлкен қаражат шығара алмаған халық (Мемлекеттен де көмек болмаған. Аудан бюджетінің де шама-шарқы белгілі) өздерінше әрекет еткен. Сөйтіп ортасын пеш бөліп тұрған екі бөлмелі там үй  салып шыққан.  Ахаңның 150 жылдығы қарсаңында сол там үйдің орнына жаңартып үй саламыз деген шешімге келдік. Сол маңайда Байтұрсын әулетінің қорымы бар. Ахаңның сүйегі жоқ. Алматы маңында деген мәлімет қана көңілге демеу. 
Ертеректе Ахмет Байтұрсынов ауылында тұрған, Ахаң еңбектерін зерттеуші, тарихын зерделеуші, жамағайын туысы  (Бүгіндері Қостанайда тұратын Ағытаев Ибрахим деген кісі бастап, ел қолдап  сол қорымның маңына кесене, үй салуға өздері қаржы шығарамыз деген байламға келді. 
Халықтың биліктен  сұрағаны: Жолды реттеу мәселе. Тарихта орны бар Ахаңның басына алыс-жақыннан келімді-кетімді қонақтар көп болады, солар жол азабын тарытпай, шаршап-шалдықпай жетсе деген тілек бәрінікі. Сондай-ақ Ахаң ауылының маңайында шипалы ыстық су мен қара тұз, саз балшық  бар. Оған да туристердің ағылары сөзсіз. Басқа да тарихи орындар бұл өңірде жетерлік. Сондықтан жол мәселесі – өзекті екені түсінікті. 
Біз Шұбалаң ауылынан 11 шақырымға техникалық құжатын бір жыл бұрын жасатып қойғанбыз. Жолды асфальттеу үшін. Соған қаржы қарастырылды. Және жұмысты жалғастыру үшін қаржы сұрадық. Бұл ұсыныстың бәрін облыс әкімі қолдады. 11 шақырымға 500 миллионға жуық қаржы бөлінді. Және сол кісінің тапсырмасымен жолдың техникалық құжатын тағы 15 шақырымға ұзарттық. Негізі лот бойынша әрбір 11 шақырым бойынша жасалады.  30-40 шақырымға бірден жасалмайды. Содан 11 шақырым мен 26 шақырым арасына бір техникалық құжат,  26 мен 41 шақырым арасына тағы бір техникалық құжат  жасалды. Сөйтіп үлгіртіп, мемлекеттік сатып алуын жеделдетіп  отырдық. Облыс әкімі қаражатын тез-тез шығарып беруге күш салды. Сол бойынша қазіргі уақытта Шұбалаңнан 26,4 шақырым асвальтталды.  Ары қарай баратын үшінші лотқа тағы да 15 шақырымға асфальт төселуі керек-тін. Оны қаражаты бәрі шешілген еді.  Алайда мердігер компания анықталмай қойды. Қазіргі алған міндеттеме 26 шақырым, соны реттеп алсақ биылғы жылға жетеді. Қылыш сүйретіп қыс келе жатыр. Сондықтан биылға мемлекеттік сатып алуды доғардық. Қаражатты кейінге қайтардық.   

АХАҢ ТОЙЫ ҚАРСАҢЫНДА КӨП ИГІ ІС АТҚАРЫЛДЫ

– Той қарсаңында қандай игі істер атқарылды? Ахаң атымен аталатын шалғайдағы  ауылға  бар жол, ауыз су мәселесі қалай шешілді?  
– Айта кетер нәрсе, Ахаң ауылына барар жолдың ой-шұқыры тегістелді. Той өтетін болғасын оған жеке қаражат бөлінді. Ресми түрде Ахаң тойы 4-5-і белгіленді. Себебі 5-ші қыркүйек Ахаңның туған күні. Соған байланысты дайындық шаралары да өткізілді. Мәдени іс-шараның жұмысы көп қой. Кигіз үй тігілуі, спорттық, мәдени  шаралар дегендей. Солардың біразын Торғайда,  жартысын Сартүбекте өткізу жоспарланды. Мысалы Торғайда 70-ке жуық кигіз тіктік. Ахаң тойынан облыстық аудандар мен қалалардың бірі шет қалған жоқ.  Концерттік бағдарламалар, айтыс өткізу, спорттық іс-шаралар күрес, ат жарыс, аламан бәйге, құнан бәйге олардың жүлдесі  бәрі  ертерек  ойластырылды. Қыркүйек айына дейін осыларға дайындық жасалды. Ең бастысы Торғайдағы  Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының  мұражайы жаңартылды, ауласындағы  қос алыптың ескерткіштері реставрациядан өтті. Бұл мұражай бұрынғы қалпымен-ақ Қазақстанға танымал болатын.  Бүгінгі қалыпқа сәйкестендіру үшін облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес комиссия құрылған болатын. Оны облыс әкімі өзі  қадағалап отырды.  Мамандар нақты жұмыстармен айналысты. Мысалы мұражайды қайта жаңартудың ағымдағы жұмысының өзіне облыстық бюджеттен 30 миллион бөлінді. Ал ескерткішке сырттан қаржы тартылды. Мұны облыс әкімінің өзі қолға алды. Нәтижесі жаман болған жоқ. 
Ахаң тойына осындай дайындықтар жүргізілгендіктен қорытынды негізі жаман болмайтын еді, тұтқиылдан шыққан өрт  біраз әбігерге салғаны шындық.  Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов той қарсаңында «Ахаң ауылына не жетіспейді? Не керек?» деген сұрақты төтесінен қойды.  Ахаң ауылына 2008 жылы жаңа мектеп салынған, ауыз су тартылған, екі ауылды бөліп тұрған өзенге көпір тұрғызылған. Көпір демекші,  баяғы кеңес үкіметі кезінде шешілмеген үлкен проблема еді бұл.  Айналдырған тоғыз-ақ шақырым жер екі ауылдың арасы. Су тасыған көктем уақыттарында  екі аралыққа жүру мұң еді. Амалдың жоқтығынан жұрт 60 шақырым қашықтықты айналатын. Жолсызыбен, сай-саламен үлкен қиыншылықты бастан кешетін.
Осы көпірдің жобалық-сметалық құжатын дайындап отырған кезде Мемлекет Басшысының жұмыспен қамту картасы бағдарламасы жүзеге асып, Алла сәтін салып біздің жобамыз құпталып, көп жыл шешімін таппаған проблема қолдауға ие болып, қаржы бөлінді. Сөйтіп 70 метрлік көпір салынды. Бұл Ахаң тойының қарсаңында іске асқан ірі жұмыстың бірі.  Ертең халық Ахаңның туған өлкесіне ағылып келіп жатқанда оларға біреу «ертең су тартылсын, жаз да келіңдер, болмаса жер аяғы құрғасын  күзде келіңдер» деп отырмайсың ғой. Ахаңның туған жеріне келген адам туған ауылына барғысы келеді. Ауылын көргісі келеді. Сондықтан бұл көпірді Ахаңның 150 жылдығы қарсаңындағы салынған көпір деп қабылдаған дұрыс. 
Адам баласы болғасын денсаулық керек пе, керек. Олай болса медпунк  салу заман талабы ғой. Бұрын да медпунк болған. Бірақ ол ескі еді. Жылуы жоқ, суы нашар, есік-терезесі көне дегендей. Осыны ескере келе жаңа медпункт салынды.   Ауырып-сырқаған адам ол жерден керек дәрі-дәрмеген алып тұрса шалғай ауылға ол да көмек.  Жылы жерде дәрігерге қаралып, дәрісін ішіп, заман талабына сай орында  жаурамай отырса – оған не жетеді. Жаңа медпунк небәрі бір жарым ай ішінде салынып бітті. Оған да бюджеттен ақша бөлінді.  70 миллионның үстінде.  Ахаңның Сарытүбектегі үйіне 47 миллион теңге жұмсалды. Екеуіне де мердігер Алюминстрой ЖШС-і. 
- Ахаң тойына облыстық және республикалық бюджеттен де қаржы бөлінген болды ғой?
– Салынған үйлерген облыстық бюджеттен, ал жолға республикалық АТС  фондтан да қаржы бөлініп отырды. 
– Келген қонақтарды қарсы алу жағы қалай ұйымдастырылды? Көптің көңілінен шығу деген өзі бір қиын дүние ғой?
– Біз конференцияға арнап шақырған тарихшылар мен алашты зерттеушілерді, өзге де келген қонақтарды жақсылап күтіп алдық. Кімнің қайда қонатыны, қай жерден ас ішетіні бәрі шешілген. Айта кетер жайт, бізде келген қонақтардың бәрін күтіп алып, бәрін бір жерге орналастырып жатқызатын қонақ үй  жоқ. Сондықтан өзімізде жұмыс істейтін азаматтарға қолқа салып, әр үйге екі-үш адамнан қарастырдық. Нақтылап айтсам, қонақтарды күтуге екі жүзге тарта үй дайындадық. Дәретханасы мен жуынатын жері жылы болғанын есепке алдық.  Кигіз үйден  бөлек. Кигіз үй күндіз жылы болғанымен түнге қарай салқында кетеді.  Қонақтарға жайсыз тиетінін де ескердік.  
Тойдың біз жоспарлаған уақытында төтенше жағдай орын алғанын білесіздер. Облыс аймағында  Әулиекөл мен Аманқарағайда  орман өртенді. Біз 2-ші қыркүйектен бастап дайындық шараларына кіріскенбіз. Кигіз үйлер тігіліп, барлық-іс шараға  сақадай сай едік.  Алайда төтенше жағдай  бәрін өзгертті. Аймақтың бір жерінде өрт шығып халық қиналып, қасірет тартып жатқанда, бір пұшпағындағы ел той тойлатып жатқаны  ыңғайсыз нәрсе ғой. Сондықтан той тоқтатылды.
– Осы хбарды естіген сәтте өзіңіз қандай күйде болдыңыз? Қанша дегенмен күндіз-түні тойға дайындалып,  абыр-сабыр тірлікпен жүрдіңіздер ғой?
– Мен мемлекеттік қызметкермін. Тапсырманы орындаушымен.  Ахаң тойын біз ғана емес, облыс көлемі тойлап жатты. Жоғарыда айттым, облыстың әр ауданы, қаласы кигіз үйлерін тігіп, астарын әзірлеп, өнерпаздарын сайлап, келген қонақтарды күтуге әзір отырды. Осындай сәтте көршілес аумақта орман өртеніп, бала-шаға шулап жатса, сол жердегі қиналған кісілердің кейбір туысқандары осы тойда жүрсе, тойдың қандай сәні болмақ? Осы тойдағы іс-шараларға тартылған кісілердің де жақын-жекжаттары сол жерде тұратын болса тіпті қиын ғой.  Олай болса неге өртке алаңдамасқа? Осы себепті  менде «тойым өтпей қалды-ау» деген қынжылыс болған жоқ. Егер біздің басымызда да сондай жағдай болып, көршілес өңірде  той тойланып жатса қандай күйде болар едік? Бетін аулақ қылсын.

ПРЕЗИДЕНТ ҚҰТТЫҚТАУЫ ЕЛДІ БІР СІЛКІНТТІ

Той болғасын өкпе-реніште қатар жүреді ғой. «Тойды тоқтатпау керек еді. Халық жиналып қалғанын ескермегендері дұрыс болмады» деп әлеуметтік желіге жазғандар да болғанын жасырғым келмейді.
– Түнде қалай тапсырма болды солай кигіз үйлерді жықтық. Той кейінге қалды деді. Той мүлде өтпейді деген сөз болған жоқ. Сол себепті Ахаң ауылына өтіп кеткен қонақтарға да хабарды жеткіздік. Иә, түрлі реніштер мен өкпелерді әлеуметтік желіден оқып отырдық. «Орман деген жыл сайын өртенеді. Оны неге Ахаңның тойында сөз етіп жатырмыз. Бұл біреулердің Ахаң тойына деген қастандығы» деген сияқты жазбаларда жүрді.  Бұл әр адамның өз көзқарасы мен пікірі. Оны өзгерте алмаймыз.  
Бала кезімізден Қостанайға қатынап жүрдік қой. Аманқарағайдан әрі қарайғы өртеніп кеткен жерлер біздің бала кезімізден көз алдымызда. Көкпеңбек болып жайқалып тұратын еді. Бізде орман болмағандықтан орман бізге таңсық қой. Қазіргі уақыттағы сипаты адам шошырлық. Ол аз десеңіз орман арасындағы үйлерді де от шарпыған. Тіпті жанып күлі қалған үйлер көп. Орман өртену, ағаш өртену тарихта бар шығар, елімізде жыл сайын болып тұратын да шығар, бірақ адамдардың дүние-мүлкі, баспанасы өртеніп, бала-шағасымен далада қалуы сирек болатын оқиға. Өзім осы жасыма дейін орман арасындағы ауыл өртеніп кетіпті дегенді естімеппін. Сондықтан «Ахаң тойын тоқтатты» деп ренішін білдірген кісілер осыны ескеруі керек еді деп топшылаймын. 
Кейін той жалғасын тапты. Мемлекет билігінің сатысы бойынша екінші адам Мәулен Әшімбаев келіп қатысты. Алдында жоспарлаған мерекелік іс-шара, конференция, той  өз деңгейінде өтті. Шақырылған қонақтардың бәрі дерлік келді. Алдында шақырылған қонақтардың кейбіреуі келе алған жоқ. Түрлі себептерге байланысты. Келе алмағандардың барлығы той барысын сырттан бақылап отырғаны даусыз. Шақырылған қонақтар да, келетін қонақтар да осы Торғай топырағының адамдары негізі. Біз мұражайды той қарасыңында ашып қойғанбыз. Алғашқы лекпен келген қонақтардың бәрі аралап көрді. Екі арыстың ескерткішіне де тағзым етті. Келешекте де келіп жатса тамашалап қайтатындары анық.    
Ахаң тойын келесі жылға қалдыру мәнсіз болып кететін еді. Соны ескерсе керек облыс әкімі белгілеген күні той өтті. Осы жылдың қарсаңында өткізгеніміз дұрыс шешім болды деген ойдамын.
– Ахаң тойына сенат спикері Мәулен Әшімбаев келгенінен хабардармыз. Әңгіме арнасын солай қарай бұрсақ?
– Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ұлтына ғұмырын арнаған Ұлы тұлға» атты ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев мерейтойдың қазақ үшін қастерлі Торғай жерінде аталып өтуінің маңызына назар аударды. «Торғай – Алаш алыптарының қастерлі мекені және ұлт намысының жалауы. Торғай – салтына берік, қазақылыққа бекем қазыналы жұрттың ордасы. Сондықтан, бірінші кезекте, Сіздермен кездесіп отырғаныма шын жүректен қуаныштымын. Бәріміздің басымыздың осы киелі қоныста қосылуына себепші болған – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы», – деп сөзін бастады Сенат Төрағасы. Мәулен Сағатханұлы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да Ахаңның мерейтойына ерекше маңыз беріп отырғанын еске салды. «Өткен жолы өңірге арнайы келгенін де білесіздер. Дегенмен, төтенше жағдайға байланысты елдің амандығы үшін Ахмет Байтұрсынұлының тойы кейінге шегерілген еді. Сол торқалы тойды өткізудің реті енді келіп отыр», – деді Мәулен Әшімбаев жиналған халыққа. Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы мерейтойды елмен бірге атап өту үшін арнайы келгенін айтқан Сенат Төрағасы Президенттің ақ тілегі мен ыстық сәлемін жеткізіп, құттықтау хатын оқып берді. Әшімбаев мырзаның Торғай топырағына алғашқы келуі екен.  Жақсы әсермен кеткендей көрінді. Ахаң туған өлкеге де барды. Халықпен бірге жаяу да жүрді.  Сөйтіп көпшілікке қарапайымдылықтың ерен үлгісін көрсетіп кетті. 
– Той болғасын тарту-таралғысы, бәйгеден озып шыққандарға  жүлдесі болады емес пе?
– Ахаң тойына төрт автокөлік тігілді. Төртеуі де қымбат машина. Ат бәйгесінің өзіне екі автокөлік (Аламанға және құнан бәйгеге), қазақша  күрестен  түйе палуандыққа және ақындар айтысына бір-бір көлік.   Тағы бір айта кетер нәрсе Ахмет Байтұрсынұлының әндерінен, халық әндерінен номерлер орындау бойынша  байқау өткіздік. Оған да  жиырмаға жуық конкурсанттар қатысты. Оларға да ақшалай жүлделер берілді.  Той қарсаңында жылжымалы сахналар әкеп қойдық. Ол да қаржыға барып тіреледі.  Әйтеуір барымызды салып, бар нәрсені ұқсатып бақтық. Жалпы белгіленген іс-шаралар өз деңгейінде өтті деп ойлаймын.
– Ахаңның тойына 20 жылқы сойылыпты деген әңгімені құлағым шалып қалды бір жерден? 
– Сіз мұны текке айтып отырған жоқсыз,  әлеуметтік желідегі жазбаларды көзіңіз шалғандықтан сұрап отырғаныңыз анық. Сол 20 жылқының еті қайда кетті? Ысырап болған жоқ па деген сауал көкейіңізде тұрған болар. Бірден айтайын 20 жылқы сойылған жоқ. Кітаптардан оқитын едік қой, бәлен бай, бәлен жылқы сойып ас беріпті дегенді. Ондай ысырапқа жол берілген жоқ. Жұмыс шаш етектен болғандықтан уақытымызда болмады. Әрине қонақ асыларға тиісті малдар сойылды. Мысалы бір бас жылқы, бір сиыр, бірнеше қойлар сойылып жатты. Ондағы ойымыз келген қонақтар бір жерден тамақтансын деген ниеттен туды. Алғашында тойға кей адамдар бірінен бастап келе бастады. Оған жұмыс істеп жатқан  қызметкерлерді, облыстық мекемелердің  мамандарын қосыңыз. Президент келеді дегесін түрлі шараларды пысықтап, кей жерлерде бітпеген құрылыстар да   жүріп жатты.  Олар ас ішеді ғой. Мешіттің асханасына екі жүз адам сыяды. Сол жерде екі-үш күн бойы үш мезгіл дастархан жайылды.  Тамақтың бәрі етпен берілді. Торғайға келіп тұрып етпен тамақ ішпесе тағы болмайды ғой. Барлығы да шаруа қожалықтарының, кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асты. Ешкімді қыстаған жоқпыз. 
– Тас түскен жеріне ауыр дейді қазақ. Ұйымдастырушы, тойдың егесі ретінде «Әттеген-ай» деген тұстарыңыз болды ма? 
– Аудан әкімі ретінде айтарым, менің еш «әттеген-айым» жоқ. «Мынау көрінбей қалды-ау, анау ісіміз халыққа жетпей қалды-ау» дейтіндей де өкініш жоқ. Облыс  үйымдастырып жатыр, республика көмегін аяған жоқ, демеушілер өз қаражатын аударып қойды.  Мысалы тойға тігілген төрт көлікті облыстық деңгейдегі кәсіпкерлер көтерді. Бұл жерде облыс әкімінің белсенді жұмыс істегенін айтпай кетсем ұят. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын демей ме қазақ. Тағы бір ерекше айтқым келетіні, осы Ахаңның 150 жылдығы қарсаңында Ахмет Байтұрсынов және Ақкөл ауылына жоғары жылдамдықтағы интернетті қамтып алдық. Ол да халықтың сұранысы еді. Аяқ астынан қаражат бөлінді. 74 миллионға орта жолдағы Шөптікөлге 40 метрлік  матшита қойылып спутниктен 4G алып отыр халық. Сөйтіп екі ауыл ғана емес маңайындағы өзге ауылдарға да қозғау салынды. Мұның өзі игілікті іс емес пе! Ахаң аруағының шарапаты тиіп жатса ұрпағына одан асқан не керек? Интернет жетпеген жерлер әлі де  бар.  Қызбел, Милісай, Шилі сияқты елді мекендер. Бірақ жұмыс істелуде. Облыс та бұл іспен шұғылданып жатқан мекемелер барын айта кетейін. 
Ахаңның 150 жылдығы тойланып өтті. Бұл той жалғаса береді. Салынған жол тартыла береді. Бәлкім аздаған өзгерістер енгізуіміз мүмкін. Жыл өткен сайын материалдар қымбаттауда. Битумның бағасы аспандап тұр. Оны мердігерлер де айтып жүр. Былтырғы жылдың бағасымен биылғы жыл тоғыспайды. 
Биылғы жылғы Шұбалаңнан бастап Ахмет ауылына дейін 41 шақырымды асфальттеп шығу  үшін 3 миллиардқа жуық қаражат  қаралып тұрды. Соның біз  26.4 шақырымын  төседік. Соңғы 15 шақырымды  ғана іске асыра алмадық.  Ол жол келесі жылы ары қарай жалағасады. 
Ахаң тойынан кейін көңілге түйген мәселе көп. Өзге аудандардағы игі істерден сабақ алдық.  Былайшы айтқанда тәжірибе алмастық. Біріміздің көрмегенімізді бірімізден көрдік.  Осының өзі үлкен жетістік деп бағалаймын.
– Ахаңның 150 жылдығы қарсаңында көптеген игі істер атқарылыпты. Бұл да болса ел мерейі! Ахаң тойы еліміздің әр аумағында әлі тойланып жатыр. Тойлана да бермек. Сізге уақытыңызды бөліп,  шалғайдағы ауданның толағай істерін асықпай отырып  әңгімелеп бергеніңіз үшін рахмет айтамын!
–Негізі Ахаңның тойы – алты алаштың баласының тойы ғой. Асылын ардақтаған елдің алар асуы көп деген бар.  Арнайы іздеп келіп, сұхбат алған сізге де рахмет айтамын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға