Адамзаттың мыңдаған тілі қайда жоғалды? Ғалымдар жауап берді

Адамзаттың мыңдаған тілі қайда жоғалды? Ғалымдар жауап берді
Фото: © Wikimedia Commons

Бүгінде әлемде шамамен 7 500 тіл қолданыста болса, үш мың жыл бұрын олардың саны қазіргі көрсеткіштен он есеге жуық көп болған. Мұндай қорытындыға халықаралық лингвистер тобы жүргізген зерттеу нәтижесінде келді.

Зерттеу авторлары соңғы 12 мың жылдағы тілдік әртүрліліктің даму тарихын математикалық әдістер арқылы қайта құрып, адамзат тілдерінің ең көп таралған кезеңі шамамен осыдан 3-1 мың жыл бұрын болғанын анықтады. Зерттеу нәтижелері Science ғылыми журналында жарияланды.

Ғалымдардың айтуынша, тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ол халықтың дүниетанымы, дәстүрі, тарихи жады мен қоршаған ортамен байланысын сақтайтын маңызды мәдени мұра. Сондықтан тілдердің көптүрлілігі адамзаттың мәдени байлығының негізгі көрсеткіштерінің бірі саналады.

Қазіргі таңда әлемде шамамен 7 500 тірі тіл бар. Алайда олардың 40 пайызға жуығына жойылып кету қаупі төніп тұр. Мамандардың бағалауынша, жыл сайын бірнеше тіл біржола қолданыстан шығады.

Осы уақытқа дейін ғалымдар тілдердің жаппай азаюы негізінен XV-XVI ғасырлардағы еуропалық отарлау кезеңінде басталды деп есептеп келген. Сол кезде ағылшын, испан, португал, француз сияқты ірі тілдердің таралуы көптеген шағын тілдердің жоғалуына әсер еткен. Алайда жаңа зерттеу тілдік әртүрліліктің азаюы әлдеқайда ертерек басталғанын көрсетті.

Зерттеу барысында ғалымдар қазіргі тілдер туралы деректерді, аңшы-жинаушылар қауымдарының этнографиялық мәліметтерін, Жер халқының тарихи саны туралы бағаларды және байестік статистикалық модельдерді пайдаланған.

Есептеулерге сәйкес, голоцен дәуірінің басында, яғни егіншілік кең таралмай тұрған кезеңде, Жер бетінде небәрі 4 500-6 000 тіл болған. Кейін халық санының артуы мен адамдардың жаңа аумақтарға қоныстануы нәтижесінде тілдердің саны күрт көбейген.

Тілдік әртүрлілік шамамен осыдан 3-1 мың жыл бұрын ең жоғары деңгейіне жетіп, сол кезеңде әлемде ондаған мың тіл қолданылған болуы мүмкін.

Зерттеушілер тілдердің кейінгі азаюын алғашқы ірі мемлекеттер мен көпұлтты империялардың құрылуымен байланыстырады. Әкімшілік тілдердің таралуы, сауда байланыстарының күшеюі және мәдени ассимиляцияның артуы нәтижесінде шағын тілдік қауымдар біртіндеп жойылып немесе ірі халықтардың тіліне көшкен.

Ғалымдардың пікірінше, бұл зерттеу адамзаттың тілдік мұрасы бұрын ойлағаннан әлдеқайда бай болғанын және қазіргі таңда сирек тілдерді сақтау бұрынғыдан да маңызды екенін көрсетеді.

Оқи отырыңыз