Қорыл – көп адамда кездесетін құбылыс. Кей жағдайда адамның өзі оны байқамауы мүмкін, алайда жанында жатқан адамның ұйқысына айтарлықтай кедергі келтіреді.
Қазір қорылмен күресуге арналған түрлі құрылғылар, арнайы жастықтар, мұрын кеңейткіштері мен басқа да құралдар бар. Дегенмен олардың барлығы бірдей тиімді нәтиже бере бермейді.
Мамандар мәліметінше, қатты қорылдың дыбысы кейде 90 децибелден асып кетуі мүмкін. Бұл жұмыс істеп тұрған шаңсорғыштың немесе мотоциклдің шуымен шамалас. Мұндай дыбыстың тұрақты түрде қайталануы адамның ұйқысына ғана емес, психологиялық жағдайына да әсер етуі ықтимал.
Бұған дейін қорылға қатысты ғылыми зерттеулердің басым бөлігі ұйқы кезіндегі апноэға бағытталған. Апноэ кезінде адамның тынысы бірнеше секундтан бірнеше минутқа дейін уақытша тоқтауы мүмкін. Ұзақ уақыт бойы қайталанған мұндай жағдай есте сақтау және ойлау қабілетіне кері әсер етуі ықтимал.
Алайда қорыл әрдайым апноэмен байланысты емес. Соған қарамастан, ол адамның өзінің де, айналасындағылардың да өмір сапасын төмендетуі мүмкін. Ғалымдар осы уақытқа дейін қорыл дыбысының нақты қалай пайда болатынын толық түсіндіре алмай келген.
Бұл жолы мәселені физиктер зерттеген. Олар жоғары тыныс жолдарының үш өлшемді моделін жасап, ауа ағынының қозғалысын, жұмсақ тіндердің әрекетін және дыбыстың пайда болу механизмін зерттеді. Ғылыми жұмыстың нәтижелері Physics of Fluids журналында жарияланды.
Зерттеушілер әсіресе жұмсақ таңдайға назар аударған. Ол ауыз қуысының артқы бөлігінде орналасқан және ауыз қуысын жұтқыншақтан бөліп тұратын жұмсақ тін.
Компьютерлік модельдеу барысында ғалымдар ауаның тыныс жолдары арқылы қалай өтетінін бақылаған. Нәтижесінде қорылдың ең қатты дыбыстары жұмсақ тіндер арасынан өтетін ауа ағыны тұрақсыз болған кезде пайда болатыны анықталды. Мұндай жағдайда жұмсақ таңдайдың тіндері дірілдеп, қорылға тән дыбыс шығарады.
Зерттеу авторларының пікірінше, бұл жаңалық қорылмен күресудің тиімді тәсілдерін іздеуге мүмкіндік береді. Мамандар ең алдымен жұмсақ таңдайдың дірілін және оған түсетін аэродинамикалық қысымды азайту жолдарын зерттеу қажет деп есептейді. Сондай-ақ таңдай мен мұрын-жұтқыншақ тіндерін нығайтуға бағытталған әдістерге назар аударуға болады.
Дегенмен ғалымдар әзірге нақты емдеу тәсілін ұсынуға ерте екенін ескертеді. Қазіргі модель қорылдың қалай пайда болатынын түсінуге көмектескенімен, клиникалық ұсыныстар жасау үшін жеткіліксіз.
Келесі кезеңде зерттеушілер жұмсақ таңдай тіндерінің қаттылығы оның тербелісіне, дыбыс жиілігіне және ауа ағынына қалай әсер ететінін анықтамақ. Болашақта модельге қорылды емдеудің әртүрлі әдістерін де енгізіп, олардың ықтимал тиімділігін зерттеу жоспарланып отыр.