Қазақстанның мұнай-газ саласы жаңа технологиялық кезеңге қадам басты. Бұрын кен орнындағы негізгі шешімді геолог, бұрғылаушы немесе оператор қабылдаса, бүгін оған дрондар, датчиктер, роботтандырылған жүйелер, цифрлық егіздер және жасанды интеллект көмектеседі.
Бұл технологиялар адамды өндірістен ығыстыру үшін емес, оның мүмкіндігін кеңейтіп, қауіпті жұмысты азайту, шығынды қысқарту және мұнай өндірудің тиімділігін арттыру үшін енгізіліп жатыр.
Мұнай-газ өнеркәсібі ұзақ уақыт бойы аса консервативті салалардың бірі саналды. Себебі мұндағы кез келген технологиялық қателіктің құны өте жоғары: бір сәтсіз ұңғыма миллиондаған доллар шығынға әкелуі, жабдықтың күтпеген жерден тоқтауы өндіріс көлеміне әсер етуі, ал қауіпсіздік талабын бұзу адам өмірі мен қоршаған ортаға қатер төндіруі мүмкін.
Бірақ соңғы жылдары жағдай жылдам өзгерді. Мұнай компаниялары үшін цифрландыру сәнді тренд емес, өндірістің бәсекеге қабілеттілігін сақтайтын құралға айналып келеді. Әсіресе Қазақстан үшін оның маңызы жоғары. Елдегі бірқатар кен орындары ондаған жыл бойы игеріліп келеді, олардың сулануы артып, қабат қысымы төмендеп, қалған қорды өндіру барған сайын күрделене түсуде. Сондықтан «көбірек бұрғылау» моделінен гөрі, қолда бар активтерді ақылды басқару маңызды бола бастады.
Жасанды интеллект – инженердің жаңа көмекшісі
Мұнай саласында жасанды интеллектінің басты күші – үлкен көлемдегі деректерді жылдам салыстыруында.
Бір кен орнының өзінде ұңғымалардың қысымы, температурасы, мұнай мен судың көлемі, сорғылардың жұмысы, геологиялық қабаттар, сейсмикалық зерттеулер, жөндеу тарихы және тағы ондаған көрсеткіш үздіксіз жиналады. Адам мұның бәрін бір уақытта толық талдай алмайды. Ал машиналық оқыту алгоритмдері миллиондаған өлшем арасынан заңдылықтар тауып, инженерге бірнеше ықтимал сценарий ұсына алады. Қазақстанда мұндай тәсіл теориядан нақты өндіріске көшіп жатыр.
2025 жылы Атырауда KazService ұйымдастырған мұнай-газ саласындағы жасанды интеллект форумына жеті өңірден 100-ге жуық компания мен 200-ден астам маман қатысты. Форумдағы негізгі ойдың бірі – ЖИ жобаларын жекелеген пилоттар күйінде қалдырмай, өндірістік масштабқа шығару қажеттігі болды.
«Теңізшевройл» тәжірибесінде де жасанды интеллект адамды толық алмастыратын шешім ретінде емес, маманға ұсыныс жасайтын құрал ретінде қарастырылады. Компания инженерлерге арналған үлкен тілдік модель негізіндегі чат-ассистентті қолданып, ол 300-ден астам инженерлік құжаттан қажетті ақпаратты іздеуге көмектеседі. Соңғы шешім мен жауапкершілік инженердің өзінде қалады.
Бұл модель алдағы жылдардағы мұнай өндірісінің логикасын жақсы сипаттайды: ЖИ есептейді, болжайды және нұсқа ұсынады, ал адам контексті бағалап, шешім қабылдайды.
Цифрлық егіз: кен орнының виртуалды көшірмесі
Мұнай саласындағы ең перспективалы технологиялардың бірі – цифрлық егіз.
Қарапайым тілмен айтсақ, цифрлық егіз – нақты кен орнының виртуалды моделі. Онда қабаттан бастап ұңғыма мен жер үстіндегі инфрақұрылымға дейінгі өндірістік жүйе цифрлық ортада қайталанады.
2026 жылғы маусымда «ҚазМұнайГаз» «Ембімұнайгаздың» Шығыс Молдабек кен орнында жасанды интеллект қолданылатын цифрлық егіз жобасын іске асыруды бастады. Компанияның мәліметінше, технология өндірістік процестерді модельдеуге, мұнай өндіру көлемін болжауға, шығындарды оңтайландыруға, мұнай беру коэффициентін арттыруға және өнеркәсіптік қауіпсіздікті жақсартуға арналған.
Тамыз айында осы жобаның аясында «Ембімұнайгазда» Интеграцияланған операциялар орталығы іске қосылғаны хабарланды. Ол «қабат – ұңғыма – жер үсті инфрақұрылымы» тізбегіндегі деректерді бір жерге жинайды.
Цифрлық егіздің маңызын бір мысалмен түсіндіруге болады. Бұрын инженер белгілі бір ұңғымадағы режимді өзгерткісі келсе, оның салдарын өндірістің өзінде бақылауы керек болатын. Цифрлық модельде алдымен бірнеше сценарийді виртуалды түрде сынап, қайсысы тиімді екенін көруге мүмкіндік бар.
Яғни өндірістегі қымбат эксперименттің бір бөлігі компьютерлік модельге ауысады.
Қазақстанның «ақылды кен орындары»
Цифрландыру Қазақстанда тек 2025-2026 жылдары басталған жоқ.
«Ембімұнайгаздың» Ұаз кен орындары тобындағы «Интеллектуалды кен орны» жобасына 2026 жылы он жыл толды. Жоба Ұаз, Шығыс Ұаз және Солтүстік Ұаздағы 80 мұнай ұңғымасын қамтиды. Олардың деректері бірыңғай цифрлық платформада жинақталып, өндірістік процестер орталықтан нақты уақыт режимінде бақыланады.
Компанияның дерегіне сәйкес, цифрлық шешімдерді пайдалану нәтижесінде ұңғымалардың жөндеуаралық кезеңі 866 күннен 1340 күнге дейін, яғни 36 пайызға ұзарған.
Бұл маңызды көрсеткіш. Себебі ұңғыма неғұрлым сирек тоқтаса, өндіру көлемі соғұрлым тұрақты болып, жөндеуге жұмсалатын қаражат пен уақыт қысқарады.
ҚМГ-ның ABAI ақпараттық жүйесі де осы бағыттың бір бөлігі. 2022 жылғы дерек бойынша, ұңғымалардың жұмыс режимін есептейтін модуль бұрын мамандар бес күнде атқаратын есепті алты сағатта орындаған. Есептеу дәлдігі 85 пайыздан 95 пайызға көтерілген.
Демек ЖИ мен автоматтандырудың артықшылығы тек «жаңа технология» деген атауда емес. Оның құндылығы – бұрын бірнеше күн қажет болған операцияны бірнеше сағатқа қысқартып, өндірістік шешімді тезірек қабылдауға мүмкіндік беруінде.
Дрон адам бармайтын жерді бақылайды
Мұнай кен орны – бір ғимараттан тұратын кәсіпорын емес. Кейбір өндірістік аумақтар жүздеген шаршы шақырымға созылады. Онда мыңдаған шақырым құбыр, электр желісі, ұңғымалар мен басқа да нысандар орналасуы мүмкін.
Олардың барлығын автокөлікпен аралап тексеру көп уақыт алады.
Сондықтан дрондар мұнай-газ саласының «аспандағы инспекторына» айналып келеді.
Ұшқышсыз аппараттарға жоғары сапалы камера, тепловизор, газ анализаторы немесе басқа сенсорлар орнатуға болады. Олар құбыр бойымен ұшып өтіп, ағып кету белгілерін, температураның қалыптан тыс өзгеруін, инфрақұрылымдағы ақауларды немесе рұқсатсыз әрекетті анықтай алады.
Қазақстанның мұнай-газ компанияларында дрон деректері қазірдің өзінде орталықтандырылған мониторинг жүйелеріне кіріктірілген. ҚМГ 2023 жылы ашқан Диспетчерлік-аналитикалық орталық мұнай мен газды өндіру, тасымалдау және өңдеуге қатысты ақпаратты нақты уақыт режимінде жинайды. Ондағы деректер спутниктерден, дрондардан, сенсорлар мен камералардан түседі, ал аналитикалық жүйелер мен ЖИ оларды шешім қабылдауға пайдалануға мүмкіндік береді.
Дрондардың артықшылығы тек жылдамдықта емес. Олар улы газ болуы ықтимал, температурасы жоғары немесе жетуі қиын аумақтарды адамның тікелей қатысуынсыз тексере алады.
Осылайша цифрландырудың ең маңызды нәтижелерінің бірі өнімділік емес, адамды қауіпті аймақтан алыстату болуы мүмкін.
Робот қауіпті жұмысты өзіне алады
Дрон – роботтандырудың бір ғана түрі.
Әлемнің мұнай-газ кәсіпорындарында жер үстінде жүретін төрт аяқты инспекциялық роботтар, резервуар мен құбыр ішін тексеретін құрылғылар, су астындағы роботтар және автоматтандырылған бұрғылау жүйелері қолданыла бастады.
Олардың ортақ мақсаты – адам үшін қауіпті, қайталанатын және физикалық тұрғыдан ауыр жұмысты машинаға тапсыру.
Қазақстанда да интеллектуалды қауіпсіздік жүйелері өндірістік процестерге еніп келеді. Мәселен, ҚМГ компаниялар тобында жасанды интеллект негізіндегі TUMAR жүйесі ұңғымаларды жөндеу кезіндегі қауіпті операцияларды бақылауға арналған. 2026 жылғы дерек бойынша, ол Жетібай мен Қаламқас кен орындарында жұмыс істейтін 60 жөндеу бригадасына енгізілген.
Болашақта мұндай жүйелер компьютерлік көру технологиясымен біріге алады. Камера қызметкердің қорғаныс каскасын кимегенін, қауіпті аймаққа кіргенін немесе жабдықтың маңында қауіп тудыратын әрекет болғанын автоматты түрде анықтай алады.
Сондықтан «робот жұмыс орнын тартып алады» деген түсініктен гөрі, мұнай өндірісінде «робот ең қауіпті жұмысты адамнан алады» деген сценарий шындыққа жақынырақ.
Мұнай өндірісіндегі тағы бір үлкен өзгеріс – жөндеу философиясында.
Дәстүрлі схема қарапайым: жабдық белгілі бір мерзім сайын жоспарлы түрде тексеріледі немесе бұзылғаннан кейін жөнделеді.
Ал жасанды интеллект предиктивті техникалық қызмет көрсетуге, яғни ақауды алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
Датчиктер қозғалтқыштың дірілін, температурасын, қысымын, электр қуатын тұтынуын және басқа көрсеткіштерді үздіксіз бақылайды. Алгоритм тарихи мәліметпен салыстырып, қалыпты режимнен ауытқуды ерте кезеңде анықтайды.
2026 жылы «ҚазМұнайГаз» өзінің мұнай өңдеу және мұнай-химия кәсіпорындарында жабдық ақауларын болжауға арналған ЖИ жүйелерін енгізіп жатқанын хабарлады. Компания негізгі технологиялық қондырғылардағы мыңдаған датчиктен үздіксіз ақпарат алатынын атап өтті.
Мұның экономикалық мәні өте үлкен. Өйткені өндірістегі күтпеген тоқтау кейде жабдықтың өзінен әлдеқайда қымбатқа түседі.
Сондықтан болашақтың зауыты «жабдық істен шықты – жөндейміз» қағидатынан «жабдықтың істен шығатынын алдын ала білеміз – қолайлы уақытта жөндейміз» моделіне көшеді.
«Ақылды» станок-качалка да пайда болды
Цифрлық трансформация тек компьютерлік бағдарламамен шектелмейді. Мұнай өндіруге арналған механикалық жабдықтың өзі де өзгере бастады.
2026 жылдың ақпанында Қаражанбас кен орнында интеллектуалды теңгермелі тербелмелі станок сынақ ретінде орнатылды. ҚМГ мәліметіне сәйкес, дәстүрлі қондырғыларда қуаты 22 кВт электр қозғалтқышы қолданылса, жаңа жабдыққа 7,5 кВт қозғалтқыш жеткілікті.
Бұл мысал цифрландырудың тағы бір маңызды бағытын көрсетеді: мақсат тек көбірек мұнай өндіру емес, сол мұнайдың әр тоннасын азырақ энергия жұмсап өндіру.
Себебі кен орны қартайған сайын бір тонна мұнайдың өзіндік құны мен энергия сыйымдылығы өсуі мүмкін. Сондықтан энергия тиімділігі алдағы жылдары технология таңдауда негізгі көрсеткіштердің біріне айналады.
ЖИ геологқа да көмектеседі
Жасанды интеллектінің мүмкіндігі өндіру басталғаннан кейін ғана емес, геологиялық барлау кезінде де маңызды.
Геологтар сейсмикалық материалдар, спутниктік суреттер, ұңғымалардың каротаж деректері, геохимиялық зерттеулер мен тарихи бұрғылау нәтижелерін салыстырады. Әсіресе күрделі геологиялық жағдайда ақпарат көлемі орасан зор.
Машиналық оқыту осы массивтерден адамның назарына түспеуі мүмкін байланыстарды анықтауға көмектеседі.
Бірақ мұнда бір маңызды шектеу бар: жасанды интеллект геология заңдарын жоймайды. Алгоритмнің болжамы оған берілген деректің сапасына тәуелді.
Сондықтан мұнай-газ саласындағы ең тиімді модель «ЖИ геологтың орнына» емес, «ЖИ + геолог» болуы ықтимал. Алгоритм мыңдаған нұсқаны жылдам есептейді, маман оның геологиялық қисындылығын бағалайды.
Экологияны бақылау да цифрланып келеді
Жаңа технологиялардың тағы бір маңызды міндеті – экологиялық әсерді азайту.
Дрондар мен спутниктер мұнай төгінділерін анықтай алады, сенсорлар атмосфералық шығарындыларды нақты уақыт режимінде өлшейді, ал алгоритмдер өндірістегі аномалияларды ерте байқайды.
ҚМГ-ның 2025 жылғы есебіне сәйкес, 2022–2025 жылдары компаниялар тобындағы бірқатар кәсіпорында 15 шығарындылар көзінде автоматтандырылған мониторинг жүйелері кезең-кезеңімен енгізілген. Көптеген нысандар деректерді қоршаған ортаның жай-күйі жөніндегі ұлттық деректер банкіне онлайн режимде береді.
Маңғыстаумұнайгазда, мысалы, мұндай жүйенің датчиктері газ турбиналы электр станциясының түтін құбырларына орнатылған.
Келешекте өндіріс, қауіпсіздік және экология бөлек-бөлек жүйе болмай, ортақ цифрлық платформада тоғысуы ықтимал. Бір алгоритм мұнай өндірудің оңтайлы режимін есептесе, екіншісі сол режимнің энергия шығыны мен шығарындыларға әсерін бірден көрсете алады.
Неліктен бұл Қазақстан үшін маңызды?
Қазақстанның мұнай-газ саласы экономиканың негізгі тіректерінің бірі болып қала береді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы елімізде мұнай экспорты 78,7 млн тоннаға жеткен.
Бірақ саланың келесі кезеңдегі міндеті тек өндіріс көлемін арттыру емес.
Бір жағынан, Теңіз, Қашаған мен Қарашығанақ сияқты ірі жобалардың әлеуетін тиімді пайдалану керек. Екінші жағынан, Өзен, Ембі бассейніндегі және Маңғыстаудағы көптеген жетілген кен орындарының экономикалық өмірін ұзарту қажет.
Дәл осы жерде цифрлық технологиялардың әсері ерекше сезіледі.
2026 жылы ҚМГ Өзен мен Қарамандыбас кен орындарында жаңа технологияларды кеңейтіп жатқанын хабарлады. Компания дерегіне сәйкес, Өзенде қабатты гидравликалық жару жылына шамамен 400 ұңғымада жүргізіліп, 500 мың тоннадан астам қосымша мұнай өндіруге мүмкіндік береді.
Ендігі кезеңде осындай физикалық технологиялар ЖИ арқылы таңдалған ұңғымалармен, цифрлық модельдермен және нақты уақыттағы өндірістік мәліметтермен бірігеді.
Яғни сұрақ «қай технология тиімді?» дегеннен «қай ұңғымаға, қай уақытта және қандай технологияны қолдансақ ең жоғары экономикалық нәтиже береді?» деген деңгейге көшеді.
Мұнайшы мамандығы өзгере ме?
Иә. Бірақ ол жоғалып кетпейді.
Жаңа мұнай өндірісінде тек бұрғылау жабдығын немесе сорғыны білудің өзі жеткіліксіз болуы мүмкін. Инженерге деректермен жұмыс істеу, цифрлық модельді түсіну, алгоритм ұсынған болжамды сынау, сенсорлардан келетін ақпараттың сапасын бағалау сияқты дағдылар қажет болады.
Өндірісте жаңа мамандықтар да көбейеді: data scientist, өндірістік деректер инженері, робот техникасы маманы, дрон операторы, цифрлық егіз инженері, киберқауіпсіздік сарапшысы.
Бірақ олардың бәріне мұнай өндірісінің физикасын түсінетін мамандар керек.
Сол себепті болашақтағы ең бағалы қызметкер тек IT-маман немесе тек мұнайшы емес, екі саланың тілін бірдей түсінетін маман болуы мүмкін.
Адамсыз кен орны бола ма?
Технологиялық тұрғыдан кейбір өндірістік операцияларды толық автоматтандыруға болады. Бірақ мұнай кен орындарының күрделілігіне байланысты адамды жүйеден толық алып тастау әзірге мақсат емес.
Мұның орнына адамның рөлі өзгеріп келеді.
Бұрын оператор көрсеткішті өзі жазып алса, енді сенсор автоматты түрде өлшейді.
Бұрын маман жүздеген ұңғыма бойынша кестелерді қолмен салыстырса, ЖИ бірнеше секундта аномалияларды көрсетеді.
Бұрын құбырды адам автокөлікпен аралап тексерсе, енді оның бір бөлігін дрон бақылайды.
Бұрын қауіпті аймаққа адам бірінші кірсе, болашақта алдымен робот кіруі мүмкін.
Бірақ осы ақпараттан қандай қорытынды шығару, өндірісті тоқтату керек пе, технологиялық режимді өзгерту керек пе, экономикалық тәуекел қаншалықты орынды – мұндай шешімдерде адам жауапкершілігі сақталады.
Сондықтан мұнай өндірісінің болашағын «адам немесе машина» деген қарама-қайшылықпен сипаттау дұрыс емес.
Нақты модель – адам, дрон, робот және жасанды интеллектінің бір командада жұмыс істеуі.
Қазақстан үшін келесі қадам қандай?
Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібінде цифрландырудың бастапқы инфрақұрылымын жасап үлгерді. Ақылды кен орындары, диспетчерлік орталықтар, өндірістік деректер базасы, ЖИ жүйелері, цифрлық егіздер мен предиктивті аналитика жобалары бар.
Ендігі негізгі мәселе – оларды жекелеген эксперимент күйінде қалдырмай, бір-бірімен байланысты өндірістік жүйеге айналдыру.
Энергетика министрлігі 2026 жылдан бастап энергетика мен мұнай-газ секторын бірыңғай цифрлық контурға біріктіру, цифрлық егіздерді дамыту және мұнай мен мұнай өнімдерін өндіруден бастап соңғы сатуға дейін цифрлық бақылауды кеңейту бағытын жариялады.
Бұл Қазақстан үшін маңызды технологиялық мүмкіндік.
Өйткені болашақта мұнай өндіруде бәсеке тек кімнің қоры көп деген өлшеммен жүрмеуі мүмкін. Бір баррельді кім қауіпсіз, арзан, аз энергия жұмсап және аз экологиялық ізбен өндіре алады – сол компанияның артықшылығы жоғары болады.
Ал оған жетудің негізгі құралдары – сенсор, дерек, дрон, робот, цифрлық егіз және жасанды интеллект.
Бір кездері мұнайшының басты құралдары бұрғылау қондырғысы мен геологиялық карта болса, жаңа дәуірде олардың қатарына алгоритм де қосылды.
Ең маңыздысы – технологияның өзі емес, оны дұрыс қолданатын адам.
Себебі болашақтың мұнай кен орнында жасанды интеллект есептеуі, дрон бақылауы, робот тексеруі мүмкін. Ал мақсатты анықтап, соңғы шешімді қабылдайтын – адам.