Жаңалықтар

Адалбақан

Адалбақан – киім, зат ілетін бұтақшалары бар үй жиһазы.
21.08.2014 04:10 13288

Адалбақан – киім, зат ілетін бұтақшалары бар үй жиһазы. А. металдан, ағаштан және ағаш пен металды біріктіріп те жасалады. Соған байланысты пішіні, пошымы, өлшемі әр алуан болып келеді. А. ағаштан, кейде темірден жасалып, алтын, күміспен әшекейленеді. Мұның төменгі бөлігі буынтықталып жоғарыдан төмен қарай түрлі (жасыл, қызыл, сары) бояулармен жолақтана боялады. Бунақтың жоғарғы жағынан күмістелген төрт- бес темір сақина кигізіледі. Сақина араларына үш-үштен құстың басы секілді күмістелген темір ілгектер бекітіледі. Ең жоғарғы төртінші сақинаның үстіңгі жағы жіңішкелене келіп ашаланып күмістелген темір орнатылады. Сол тұсынан уыққа байланады.

Адалбақан

Бүктемелі адалбақан

ҚР МОМ қорынан (КП 2167). (Ұзынынан және бүктелген қалпы)

Адалбақан

Ағаштан оймыштылып, боялған адалбақан

ҚР МОМ қорынан (КП 26202)

Адалбақан

Алмалы-салмалы күмістелген темір адалбақан

ҚР МОМ қорынан (КП 22452 /31). Суретін салған Н.Бектұрсынов

 

ҚР МОМ қорында ХVІІІ ғ.-дың соңында (1795 ж.) Баянауылда (шебері Б.Тоққарин) ағашқа темірді құймалау, соғу жолымен жасалған, ортасынан бүктелетін А.-ның ерекше түрі (КП 2167) сақтаулы. Металл бетіне күміспен «күптеп» көгеріс өрнегін салып, ақық қондырып сәнделген. Биікт. 280 см, төмен қарай жуандау болып келеді. Көшкен кезде қолайлы болу үшін екі бөлік арасынан бір-біріне темір таспамен бекітілген. А.-ның басына темірден сақина ор- натылып, оған ай тәрізді ілмек бекітілген. Төрт жерден жалпақ сақиналар орналастырылған.

ҚР МОМ қорындағы (КП 22452/31) металдан жасалған ою-өрнекті А.-ның ұз. 244 см (екі ашасының аралығы 17 см), өзара киілетін алмалы-салмалы үш бөліктен тұрады. Төрт қырлы етіп соғылған темірдің бет жағына күмістен ою-өрнек бедерленген. Ортадағы темір ұстынға дәнекерленген төрт қатарда мүйіз тәрізді иілген ілгіштердің ұшы доғаланып келген және ағаштың бұтағы тәрізді қос- қостан ілмек орналасқан. Баскиім ілуге арналған басы бәйшешектің қауызы тәрізді етіп жасалған, ал төменгі бөлігіне екі аяқ бекітілген. Халық ұғымында А. қасиетті, таза мүлік деп есептеледі. Ол ұзатылатын қыздың жасауына енеді, бөгдеге тарту етілмейді. Бағалы құнды зат орнында жүретін А.-ды місекер шеберлерге арнайы ақы беріп тапсырыспен жасатқан. Әшекейленбеген, ас-суға қолданатын бұтақты ашабақанды кейде ел арасында А. деп атау кездеседі (толығырақ қ. Ашабақан).

Адалбақанды әлі күнге дейін қолданады. Сондықтан оның атын да, затын да білетіндер жеткілікті,

Әдеб.: Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Өнер, 1987; Әмірғазин Қ. Қазақ қолөнері. Алматы: Дайк-Пресс, 2004; Шоқпарұлы Д., Дәркембайұлы Д. Қазақтың қолданбалы өнері. Алматы: Алматыкітап, 2007.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға