Жаңалықтар

Абылайхан резиденциясы

Қазақтың қасиетті жерлері: Абылайхан резиденциясы
Абылайхан резиденциясы
31.08.2017 23:37 8238

    "Біз бүгінде өз тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген батырларымыз бен тарихта аты қалған тұлғаларға арнап ескерткіштер салып келеміз. Солардың ішіндегі бірегейі, әрине, Абылай хан резиденциясы екені даусыз"

Н.Ә Назарбаев.

Жол түсіп Қызылжарға барсаңыз қонақжай халқы тұрмысымен таныстырып, қаланы аралатады. Патша үкіметінің отарлау саясаты басталғанда Қызылжар қыратына салынған әулие Петр бекінісінің орнынын аралап жүріп басқалардан ерек, еңселі ғимаратқа тап боласыз. Ресми атауы «Абылай ханның резиденциясы» деп аталады. Елизавета патшайымның жеке жарлығымен салынған екі қабатты кірпіш үйдің тарихы таң қалдырады. Кейбірі қисынға келеді, ал атауына қарап шынымен Абылайхан осы жерде билігін жүргізді ме, әлде атауы солай қалыптасуына басқа да себеп бар ма деген сұрақтарға келгенде ғалымдар пікірі екіге жарылады.

         Патшалық Ресей қазіргі Қазақстан мен Орталық Азияны отарлау саясатын қолға алғанда түпкі мақсат Үндістанға шығып, қатпайтын порттар арқылы әлемдік саудаға белсене араласуды көздегені белгілі. Бірақ казактар отарлауға, жеріне ие болуға қарсы шыққан қазақтардан қорғану мақсатында  ішке жылжыған сайын бекініс-форпосттар салуға мәжбүр болады. Соның бірі  1752 жылы бой көтерген Петропавл бекінісінің іргесінен ағаштан салынған Абылайханға арналған резиденция болған екен.

         Қытай мен Ресей арасындағы сыртқы қарым қатынасты өте сауатты жүргізіп, екі алыптың ортасында ешкімге бодан болмауға ұмтылған Абылайханның көңілін табу патша үшін керек нәрсе еді. Ресейлік билік Неплюев ұсынған саясат бойынша қазақ қоғамындағы ықпалды топтардың күшейіп кетпеуіне жол бермей, тепе-теңдік ұстап отыру мақсатында түрлі «сыйлықтар» жасап, «шен-шекпенді» де аямай таратқан. Осылайша ордасын Түркістанда тіккен Абылайдың резиденциясы Петропавлда ірге көтеруінің басты себебі де осында.

         Мұрағаттық материалдардың мәліметі бойынша «Оның, Абылайханның, өтініші бойынша Есіл өзенінің жоғары жағында Еңқыстау тауында, әулие Петрдің бекінісінің жанында оның келіп тұруы үшін 1765 жылы ағаш үй салынды» (Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты). Кейіннен 19 ғасырдың басында ағаш үй өртеніп кетіп орнына кірпіштен екі қабатты ғимарат тұрғызылады. Бұл үй Абылайдың жәй ғана келіп кететін тұрағы емес сол кездегі шекара бойында туындайтын түрлі мәселелерді шешетін орталыққа айналды делінген мұрағатта.

         Бірақ басқа тарихи деректер Абылай ханның Қызылжарда тұрып билік құрмағанын айтады. Тек оның Түркістаннан Қызылжарға дейін жүріп өткен сауда жолы туралы мәлімет бар. Тарихта «Абылайдың жолы» деген атпен қалған Сыр бойынан Арқаны басып өтетін сауда жолымен Қызылжарда болуы ықтимал және сол кездегі қазақ хандығының соңғы шекралас ордасы да осы тұста болған. Деректер сауда ісімен Абылайдың Қызылжарда болғанын анықтайды, ал билік құрды деуі отаршылардың тарихты бұрмалауы болуы мүмкін дейді ғалымдар. Себебі Абылайды Қызылжарда, патша салған үйде «тұрғызып қою» олар үшін қаншалықты тиімді екені түсінікті.

         Кейіннен қазан төңкерісінен кейін резиденция әскери госпиталь ретінде пайдаланылып, жөндеу жұмыстары жүргізілмей тіпті қараусыз қалған. Тек Тәуелсіздік жылдары ғана мәдени мұраларды жаңғырту бағдарламасына сәйкес толық қалыпқа келтіру жүргізіледі. Қабрғалары мүжіліп, төбесі ортасына түскен ғимаратты қайта жөндегенде сол заманның стилисткасы саталып, мейілінше өз қалпына келтірілуге тырысқан. 2008 жылы Елбасы Н. Назарбаев өзі қатысқан ресми ашылуынан соң «Абылайханның резиденциясы» мемлекетпен қорғалатын тарихи жәдігерлер тізіміне енгізіліп, мұражайлар реестріне тіркелген.

         Резиденция 4 бөліктен тұрады: бірінші қабатта әкімшілік орналасқан, ал екінші қабат тарихи залдар. Тарихи залдың алғашқы бөлімі Абылайдың балалық шағы мен таққа отырған дейінгі өмірінен хабар береді. Келесі бөлім хандық құрған жылдарына арналса, үшіншісі Тақ залы. Сол бөлмеде отырып хан Абылай мемлекеттік мәселелерді шешіп, маңызды кездесулерді өткізген деседі.  Төртінші бөлімде Абылайға байланысты барлық материалдар, көркем әдебиет пен суреттер жинақталған.

         Тарихты оқып, естіп білсек те дәл осындай мұражайлар көзбен көріп, қолмен ұстап көруге мүмкіндік береді. Сондықтан Қызылжарға жолыңыз түссе міндетті түрде соғып өтіңіз. Отбасыңызды, балаларыңызды ерте барыңыз. Абылайдың ақ үйі әр қазақтың тәу етіп баратын қасиетті орындарының бірі екені ақиқат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға