Жаңалықтар

Абай облысындағы өртті сөндіруге 1800-ге жуық адам жұмылдырылған

Абай облысындағы өртті сөндіруге 1800-ге жуық адам жұмылдырылған
Фото: ҚР ТЖМ 14.06.2023 11:29 768

Абай облысындағы өртпен күрес жалғасып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. Жедел штаб мәліметінше, қазір қызыл жалыннан елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.

Ал өртті ауыздықтау үшін минералдандырылған жолақтарды жасау, өрт ошақтары мен өрттің периметрі бойынша жиектерге су төгу, өрттің жиегін топырақпен жабу және толтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өңірде ауа температурасы 23-28 градус, ал солтүстіктен соққан жел екпіні секундына 7-12 метрге жетеді.

ҚР ТЖМ мәліметінше, қызыл жалынмен күреске 1800-ге жуық адам жұмылдырылған.

Өртті сөндіруге ТЖМ, Экология және табиғи ресурстар министрлігінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1 800-ге жуық адам, 350-ден астам бірлік техника жұмылдырылған. Тікұшақтар өрт аумағын аэровизуалды тексеруді және өрт ошақтарына су ағызуды жүзеге асыруда. Өткен тәулікте барлығы 535 рет көлемі 1 600-ға жуық тоннадан астам су ағызылды. Өрт басталғалы бері барлығы 1450 рет көлемі 4 000 тоннадан астам су ағызылды, - делінген мәліметте.

Ал жедел желі телефонына 179 қоңырау келіп түскен. ТЖМ және ТЖД жедел желісінің телефондары: 8 7172 53 32 84, 8 7222 35 38 31.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға