Жаңалықтар

Ақша тарихы

Ақша түрлері – тауарлардың құнын көрсететін, жалпыға бірдей балама ретінде қолданылатын төлем құралы.
26.08.2014 05:09 20393

Ақша – тауарлардың құнын көрсететін, жалпыға бірдей балама ретінде қолданылатын төлем құралы. А. соғу, оны айналымға енгізу ісі және оны белгілі бір қоғамда төлем құралы ретінде пайдалану – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамудың жоғарғы деңгейге жеткен көрсеткішіне саналады.

 Ақша тарихы

Ежелгі көшпелілердегі тауар айналымы айырбас (мал, аң терісі, алтын, күміс кесектері, сәндік және т.б. заттар) түрінде өтті. Көшпелілер мен отырықшы елдер арасында сауда-саттық қатынастары Жібек жолы бойымен айырбас тауар ретінде қарқынды дамыды. Түркі дәуірінің монеталарының аверс бетінде басылған таңбалар, реверс бетінде жыртқыш аң бейнеленген. 704-766 жылдары Тараз шаһарында соғылып, айналымға енген қола теңгелер Түргеш мемлекетінің қуаттылығын білдіреді. Қазақ жерінде түргештердің саудалық әрі жәрмеңкелік қалашықтары Суяб пен Тараз сол дәуірлерде қарқындап өркендеді.

ҚР МОМ нумизматика қорындағы VII-VIII ғғ.-ға жататын Отырар коллекциясы монеталарының (КП 26962/10) Av бетінде арқа тұсына құйрығын қайырып оң жаққа бет алған арыстан бейнесі, ал Rs астыңғы бетінде адырнасыз садақ бейнелі көне түрік бітік жазуындағы «ат» іспетті таңба бейнеленген.

VІІІ ғ. бірінші жартысына жататын тағы бір (КП 7955) монетаның Av бетінде βγy twrkys γ’γ’n pny – Түргеш қаған иелігінің  фаны  (фан-қытай  «цянь»  тиынының  аталуы) деген жартылай курсивті соғды жазуы, Rs бетіне адырнасыз садақ бейнелі көне түрік бітік жазуындағы «ат» іспетті таңба бейнеленген.

 Ақша тарихыАқша тарихы

Отырар тиыны. VII-VIII ғғ. ҚР МОМ қорынан (КП 26962/10)

 Ақша тарихыАқша тарихы

Түргеш ақшасы. VIII ғ. бірінші жартысы. ҚР МОМ қорынан (КП 7955)

Кейін А. соғу ісі Қарахан әулеті тұсында  кеңінен етек алған. Қарахандықтар әулеті ислам дінін ресми қабылдауына байланысты А. айналымдағы тиындары арабша атады, яғни фулс, динар, дирхем деп аталды. Ішкі нарықта айырбас А. ретінде адли (қола фельс) монеталары мол болды.

ІХ-ХІ ғғ.-ларда Қазақстан көлемінде соғды, саманид фелстері айналымға кең таралды. Сол кезде күміс дирхемдері «исмаили» деп аталатын. Оған қоса ең жоғары қоспалы күміс бұқара-худаттық – мусейяби, аз қоспалы күміс - мухаммади, мыстан немесе арзан металл гитрифи А.-лары және қытайлық тиындары айналымда болды. Қыпшақтар жайлаған Дешті қыпшақ аумағында ғасырдың ортасында-ақ өзінің күміс және мыс ақшалары болған: алғашқысы танга (теңге), екіншісі пул (пұл) деп аталған (толығырақ қ. Пұл; Бұл).

1260-1280 жылдар аралығында Орта Азияның 16- дай қаласында монета соғатын ақша сарайлары жұмыс істегені жазбаларда айтылады. Олардың қатарында Тараз, Кенже, Жент теңге сарайлары ерекшеленеді.

Алтын Орда теңгелерінің алғашқысын Бұлғар қаласында 1257, 1267 жылдары Берке соқтырған. ХІV ғ.-да Алтын Ордада сауда мен экономика өркендеп, Сарай, Сарайшық, Азақ, Қырым, Гүлстан, Хорезм, Жент, Баршын,  Сығанақ  қалаларының   ақша   сарайларында соғылған дирхемдер мен пұлдардың Қазақстанның ежелгі қаларының сауда айналымындағы маңызы жоғары болды. Сарайшық қаласынан табылған Алтын Орда теңгелерінің аверс және реверс беттерінде арыстан мен сұңқардың, балық суреттері, геометриялық өрнектер, түрлі таңбалар, ислам дінінің суннит ағымының символдары шекілген. Бірқатар дирхемдер мен пұлдарда таразы, шаян сияқты шоқ жұлдыздар, ал бірқатарында тотықұс бейнесі шекілген.

Теңге атауы Алтын Орда тұсында қолданыла бастады. Жібек жолы торабында пени, фулс, дирхем, динар, манат т.б. металл А. түрлері тарады. Мұндағы динар алтыннан жасалған, дирхем күмістен жасалған тиынды белгілейді. Сондай-ақ, ділда, алтын күміс А. жамбы деп те аталды (толығырақ қ. Жамбы).

Бөлшек, ұсақ саудада ХVІ-ХVІІ ғғ.-да ішкі ғана емес, қала аралық төлем құралы болған мыс ақша пайдаланылды. Бұл кезеңдерде Қазақстанның елді мекендеріндегі ақша айналымы негізінен Темір және Шайбани әулеттері кезінде шығарылған мыс ақшалары арқылы қамтамасыз етілді.

ХVІ ғ.-да Отырардың мыс теңгелері, Иасының (Түркістанның) күміс теңгелері, ХVІ ғ-дың соңы ХVІІ ғ.-дың басында Қазақ хандарының атымен өндірілген мыс теңгелер Қазақстан жерінде және Орта Азияда сауда айналымында кеңінен қолданылды. Бұл ақшалардың шыңдалу шеберлігі жоғары дәрежеде болмағанымен, Қазақ хандығында сауда ісін бір жолға қоюда, халықтың басын біріктіруде үлкен міндет атқарды. ХVІІ ғ.-да орта ғасырлық қалалардың құлдырауы себепті ақша соғатын сарайлар, шеберханалар жұмысы құлдырай бастады.

Орталық  Азияда  орыс  және   қытай   сыртқы   сауда байланыстарының ұлғайып ресейлік алтын, күміс монеталары мен қытайлық жамбы А. айналымында кеңінен орын тебе бастады. ХVІІІ ғ.-дан бастаған Ресей патшалығының әкімшілік жүйесі қазақ жеріндегі теңге қатынасына да тісін қатты батырды, жергілікті халықтар сыртқы және ішкі саудада Ресейлік монеталарды қолдана бастады. Қазақтар арасында қағаз ақшаны аққұйрық десе, металл ақшаны қара бақыр, ұсақ метал ақшаны күреш, қара күреш, соқыр, жармақ, шақа, тиын деп те атай берген. Ақша орнына жұмсалған алтын, күміс құймаларды көлемі мен салмағына қарай тайтұяқ, атантұяқ, ботакөз, қойтұяқ деп атаған.

Әдеб.: Соловьев П. Монеты Джучидов, Джагатайдов, Джелайров и другие обращавшиеся в Золотой Орде в эпоху Токтамыша. Вып.1. СПб., 1857; Бурнашева Р.З. Монеты раннего средневековья с городища Отрар-тобе и Отрарского оазиса (материалы 1969-1972 гг.) // Древности Казахстана. Алматы: Наука, 1975; Настич В.Н. Монетные дворы средневекового Казахстана // Памятники истории и культуры Казахстана. В.4. Алма-Ата: Наука, 1989; Базылхан Н. Монеты в фондах Центрального Государственного музея РК // Орталық Музей ғылыми еңбектері. 1-том. Алматы: Ғылым, 2004; Нумизматическое наследие Казахстана. Алматы: Inter Cinema Service, 2008; Петров П.Н. Очерки по нумизма- тике монгольских государств XIII-XIV веков. Нижний Новгород, 2003; Петров П.Н., Камышев А.М. Алматы – монетный двор государства Чагатаидов // ИНАН РК. Серия общественных наук. Алматы, 2005; Бурнашева Р.З. Монеты древнего Казахстана // Археология Казахстана. Алматы. 2006.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға