Жаңалықтар

Ақсүйек ойыны

Ақсүйек 2 – айлы түндерде ойналатын жастардың кең таралған дәстүрлі ойыны. Ақсүйек ойынында лақтырылатын сүйектің өзі «ақсүйек» деп аталады.
26.08.2014 03:13 32435

Ақсүйек ойыны

Ақсүйек ойыны – айлы түндерде ойналатын жастардың кең таралған дәстүрлі ойыны. Ақсүйек ойынында лақтырылатын сүйектің өзі «ақсүйек» деп аталады. Бұл ойынды ай жарық түндері, көбінесе жаздыгүні қыз бен жігіт, бозбалалар ауыл сыртында ойнайды. Мал келіп, қораланып болғаннан кейін күзет түнінде ауыл шетінде ойын басталады. Ойынға ертеде ірі қараның жілігі пайдаланылған. Ақсүйек ойынының бірнеше нұсқасы бар.

1-нұсқасы. Ойыншылар екі жақтан жарты шеңбер жасап жиналады. Ойыншылар саны алты адамнан кем болмауы керек (И.И.Ибрагимов). Кейде сүйек орнына сиырдың қылшығынан құмға езіліп жасалған жүн доп қолданған. Келісім бойынша бір ойын жүргізуші таңдалып алынады. Ол бір таяқты кезектесіп «ұстасу» арқылы ойыншылар екі топқа бөлінеді де ойынды бастайды. Екі топтың да ойыншылары киімдерін шешіп, екі жаққа үйіп қояды.

Содан кейін ойын бастаушы А.-ті немесе жүн допты алады да, барынша алысқа лақтырады. Сүйек лақтырылған соң оны іздеп жан-жаққа жүгіреді. Ойынға қатысушылар А.-ті лақтыруға оны ұстап алуға немесе түскен жерінен тауып алып, үюлі тұрған қарсыластарының киімдеріне барып бір-бір заттан алып кетуге тырысады. Ал, қарсыластары болса, оларға кедергі жасап сүйекті немесе допты тартып алып, өз қарсыластарының киімдеріне қарай ұмтылады. Қарсыластары сүйекті немесе шарды бір-бірлеріне лақтырып беру арқылы қарсыластарының тымақ немесе аяқкиім сияқты заттарын алып өз жақтарына қашып келуге тырысады. Осылай ойын бір жақ жеңгенше жалғаса береді. Сөйтіп А.-ті қай топтың ойыншысы сөреге жеткізсе, қарсы топтағыларға жеңілген есебінде айып салынады. Ойын кезінде басқа сүйекті пайдалануға болмайды.

2-нұсқасы. Екі топқа бөлінген ойыншылар өз араларынан бір адамды «қарақшы» ретінде сайлап алады. Ойын басшысының біреуі А.-ті алады да, оны барынша алысқа лақтырады. Екі топтың ойыншылары теріс қарап тұрады да, лақтырылған сүйектің жерге түскен дыбысы естілгенге дейін орындарынан қозғалмай тұрады. Сүйек жерге түсе салысымен, сол жаққа қарай екі топтың да ойыншылары түгел іздеп тауып әкелуге кіріседі. Сүйекті тауып алған адам үш рет «Ақсүйек» деп айқайлайды да «қарақшыға» қарай жүгіреді. Басқалары болса, А.-ті тауып алған адамға қарай жүгіріп, онан тартып алмаққа ұмтылады. Егер ала алмай қалса, онда ол өзі барып «қарақшыға» тапсырады. Содан кейін екінші топтың ойын басшысы сүйекті лақтырады. Қайсы топ сүйекті көп лақтырса, сол топ жеңген болып саналады. Алдын ала А.-ті қанша рет лақтырулары керек екендігін келісіліп алынады. Жеңгендер жеңілген топты мазақтап, «Алай аттым, бұлай аттым, ақсүйекті жалаттым» деп қолдарын соға мазақтайды.

А. ойынында отқа табыну, табиғаттың жандануы және табиғат мезгілдерінің ауысуы, осыған орай, шаруашылық маусымның ауысуы көрініс тапты.

Әдеб.: Мелкова Н. Игры киргиз // ТООИКК. Вып.І. Оренбург: Ти- пография М.Н.Махова, 1921; Мизамхан Ж. Балалар ойындары. Өлгий, 1982;  Толыбаев Қ. Ұлттық ойындар // ҚӘ. 31.01.2002.

 

 «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға