Жаңалықтар

Ақпан батыр

Ақпан (Өтеуіл) Нұрбайұлы (1701-1779 ж.ж.) XVIII ғасырда қазақ елін қалмақ және қоқан басқыншыларынан Әбілқайыр, Абылай хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Қабанбай, Бөгенбаймен тізе қосып қорғаған белгілі батырлардың бірі.
18.09.2015 04:27 15331

Ақпан (Өтеуіл) Нұрбайұлы (1701-1779 ж.ж.) XVIII ғасырда қазақ елін қалмақ және қоқан басқыншыларынан Әбілқайыр, Абылай хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Саңырық, Жәнібек, Бұғыбай, Рысбек, Қойгелдімен тізе қосып қорғаған белгілі батырлардың бірі.

Ақпан батыр

Ақпанның туған жері Ташкент пен Шымкент аралығындағы киелі Қазығұрт тауы. Қазақтың Геродоты атанып кеткен, тарих ғылымдарының докторы Тотай Тұрлығұлов пен Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының мүшесі Сәбит Дүйсебаевтың «Ақпан батыр» деген мақаласында, Ақпанның шын аты Өтеуіл болғаны, оның көздері аттың жанарындай ұясына сыймай ақшиып тұратындықтан, жеңгелері «Ақпан» деп атап кеткені және есейе келе еліне сол Ақпан есімімен белгілі болғаны туралы айтылған.

Ақпан батыр 1710 жылы Бұқар әмірлігінен бөліне сала көптеген шет жерлерді басып алған Қоқан хандығының басқыншылығына қарсы соғыcтарды басқарды.

1723 жылы жоңғар хонтайшысы Сыбан Рабтан қазақ жеріне жүз мың әскерімен аттанады. Қаптаған жауға қарсы күреске Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды дана билер мен Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Қожаберді батыр, Шақшаұлы Жәнібек, Қойгелді сынды күрескерлер қатарында қол бастап Ақпан батыр да атқа қонады.

Қазақтармен екі ғасырдан астам уақытқа созылған мейлінше титықтаған Жоңғарияны 1756-1758 жылдары Қытай мемлекеті жер бетінен біржола жойып жібергені тарихта белгілі. Міне, осы аралықта, 30-35 жыл бойында Ақпан батыр елі үшін, жері үшін қалмақ басқыншыларына қарсы соғыстан шықпаған. Оның ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа аңыз, өнеге болып жеткен.

1729 жылы «Алакөл» қырғынында үш жүздің біріккен жасақтары қалмақ ханы Амурсана қолымен жан аямай соғысады. Жердің шетінде, жаудың бетінде жатқан найман, жалайыр, албан, суан елдерінің жанқиярлық ерлік күресінің бел ортасында Ақпан да өз қолымен бірге болады.

Ақпан батыр

Содан кейін Ақпан батыр Шыршықта (Ташкенттің түбінде) Цван Сереннің қолбасшысы Жоғастың әскерін талқан етіп, қалың дулат, қоңырат, қаңлы елдерінің рухын көтереді. Бұдан соң тарихта белгілі «Қара қыстақ соғысында», «Бұланты» қорғанында, «Аңырақай» шайқасында Ақпан батыр соғыс тактикасын жете меңгерген қолбасшы ретінде көзге түседі.

Мәселен, Ақпан 100-ден 100-ге дейін мергендер жасақтап, топ-топқа бөліп, үнемі дайын алып жүрген. Өзі шебер қолданатын «Ай қораланды» әдісімен жауды айнала қоршауға алып, әр тұстан атқылап қырып, есін алған. Артынша жау шебіндегі абыржушылықты пайдаланып, негізгі қолмен жайпап өтетін болған.

1756 жылғы Шу маңайындағы соғыста Төле би, Қазыбек би, Жолбарыс хан, Қабанбай, Бөгенбай батырлармен тізе қосып, қалмақтың қолбасшысы Донықтың отыз бес мыңдық әскерін талқандауда ерлік көрсеткенде Ақпан батыр қазаққа танымал батыр еді.

Тек батырлығымен ғана емес ақылымен, саясаткерлігімен де танылған Ақпанды Төле би өз жанына баулып, ел тағдыры шешілер тұстарда халқына қалқан етіп ұстаған.

Ақпан батыр жасы жетпістен асқан шағында да найзасын тастамаған. Сондай жорықтардың бірінде Әулие ата маңындағы Қоқан хандығы датқаларының зомбылығына араша түсіп, Сайрамға қашқан датқаның қолын өкшелей қуып, келе жатқанда, Жуалы жеріндегі Балақұлан тауының Құланды асуында жау оғынан мерт болады. Оның сүйегі өзінің Өтеуіл атымен Түркістанға қойылады.

Қазақта екінің бірі батыр болмаған болса, осынау ұлан-байтақ жер осы күнгі ұрпаққа аман-есен тұтастығында жетер ме еді?! Сондықтан да, біз ақын болғанымыз үшін қысылмайтын болсақ, батырлық қасиетіміз үшін де ұялмайтын халықпыз, деп түйіндейді осы деректердің авторлары тарих ғылымдарының докторы Тотай Тұрлығұлов пен Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының мүшесі Сәбит Дүйсебаев.


Дария Жұмалиева

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға