Жаңалықтар

"Бақсы Жәнібек" пен "Жақсы Жәнібек"

Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын
"Бақсы Жәнібек" пен "Жақсы Жәнібек"
27.08.2018 13:47 10529

"Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" деген сөзді бабаларымыз бізге бекер қалдырмаған. Қазір көк жәшікті қоссаңыз да, интернетке сүңгісеңіз де алдыңыздан "Мен мұндалап" адамның еңсесін түсіретін жағалықтар атып шығады. Дегенмен, біздің планетамыздың, яғни, жер шарының өз осінен ауытқып кетпеуіне, заманақырды  болдырмауға арқау болып  тұрған жақсы жандар арамызда жетерлік. Тек, оларды көретін көз керек және насихаты молынан болғаны дұрыс. Бір айта кетерлігі, бұл адамдар жасап жатқан ізгі амалдарын  арзан атақ үшін жасап отырған жоқ. Осындай "Атымтай Жомарттар" көбейсін деген ниетпен біз жиі насихаттауға міндетті һәм мүдделіміз.

"Ағайынның аты озғанша ауылдастың тайы озсын" деп өскен қазақпыз ғой. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылатын «Туған жер» бағдарламасын үн-түнсіз-ақ, артық пиарсыз атқарып жүрген азаматтар бар. Соның бірі, Қарағанды облысы, Абай ауданына қарасты Сарыепті ауылының тұрғыны Жәнібек Жеңісбек.  Жәнібек Сарыепті ауылы Мәдениет үйінің меңгерушісі қызметінде. Бір кіндіктен тараған алты баланың  кенжесі. Бүгінде, Сарыепті ауылында әке-шешесімен, Құдай қосқан жарымен тұрып жатыр. Күміс қасықтай үш сүйкімді қыздың әкесі.

 

Ат болатын құлынды,

Желі басынан танисың

Адам болар балаңды,

Жолдасынан танисың

Батыр болар балаңды,

Тұлғасынан танисың.

Жақсы болар балаңды,

Ел қасынан танисың - деп басталатын Кенен Әзірбаевтың "Танисың" термесі осы Жәнібектің болмысын ашатындай. Жәнібек жасынан жақсы мен жайсаңдарды көп жағалаған жігіт. Өне бойынан  еркіндігі мен еркелігі, серілігі мен перілігі қатар есіп тұратын Қарағанды Мемлекеттік Университетінің "Журналистика" бөлімінде оқитын бұл жігітке ұстазы, айтыскер ақын, филиология ғылымдарының докторы, профессор  Қойлыбай Асанов "Бақсы Жәнібек" деген лақап есімді еркелете таңып берген болатын. Қойлекеңнің ауызы дуалы ғой. Жәнібектің бұл жанама аты әлі күнге дейін аталып қалатыны бар

"Бірінші курста оқитын кезіміз. Жәнібек қолымыз қалт ете қалғанда тұра қалып өз өлеңдерін оқиды. Өлең оқығанда арқаланып, еліріп кетеді. Табан астында 2-3 шумақ құрастырып жіберетіні және бар. Жәнібектің талантын ұстазымыз Қойлекең байқап қалса керек. "Мен мұны айтыскер ақын қыламын" деп Жәнібекті екі-үш мәрте  қалалық, облыстық  айтыстарға қатыстырды. Қазір мұқым қазаққа айтыскерлігімен танымал Дидар Қамиевтердің айтыстағы алғашқы талпыныстарын бастаған жылдары біздің Жәнібек досымыз да қатарласа шапқан болатын. Бірақ, Жәкең тақырыптан тыс көп ауытқып кететін. Арқаланып, әр-нені бір шалып, тоқтамай заулайтын. Содан Қойлыбай мұғалім "Мынаның арқасы бар. Бұл бала нағыз бақсы екен" дегені бартын. Содан бері оны өз арамызда "Бақсы Жәнібек" атап кеттік. Жәнібек отырған ортасын гүлдендіріп жіберетін жігіт. Жатақханада кешке домбырасын сабалап ән айтып, өткен-кеткенге өлең арнап, кешкі мезгілімізді қызыққа бөлейтін. Жігіттердің арасында болып тұратын қақтығыстарда да  көзсіз батырлығымен, ерекше ерлігімен көзге түсіп жүретін" - дейді  Жәнібектің бір нанды бөліп жеген группаласы, досы Аңсаған Мәуленұлы.

Сол "Бақсы Жәнібекті" бүгінде ауылдастары "Жақсы Жәнібек" деп атайды. Жәнібек Наурыз мейрамында, Жеңіс күнінде, тағы сол секілді атаулы даталарда ауылда күрес, тағы да басқа спорт түрлерінен ойындар ұйымдастырып, өз қалтасынан сыйлықтар тағайындап жүреді.

Мәселен, биылғы Құрбан айт мейрамы кезінде ауыл сыртындағы бейіт басындағы шағын үйді (күрек, қайлалар тұратын, қыс мезгілінде қабір қазушылар жылынатын үй) өз қалтасынан ақша шығарып шатырлаған. Сондай-ақ, ондаған жылдар жиналмаған бейіт маңайын ауыл жастарының басын қосып, тазалап, ретке келтірген. Ауылдағы жалғызбасты аналарға көмек ретінде 3 тоннадан көмір түсіріп берген. Ауылдағы құрбан шала алмайтын азаматтарға бір-бір қойдан таратқан.

"Ауылдың әкімінен көрмеген жақсылықты осы Жәнібектен көріп отырмыз. Осындай азаматтар көп болсын. Отбасысы аман болсын, дені сау болсын. Елін-жерін сүюді, маңайына жақсылық жасауды кімнен үйренейік деп жүрген адамдар болса осы Жәнібекті көрсетер едік" дейді Құрбан айттың алғашқы күні көмірлі болған Калауова Айгүл, Жәнімхан Алмагүл атты ауыл тұрғындары.

"Мен өзім өнерді түпкілікті қуа алмадым. Түкпірдегі ауылда жатып ел көлеміне таныламын деу бекершілік. Ол үшін елдегі тірлікті тастап  қалаға кету керек. Ал, менің жаным да, тәнім де ауылды қалап тұрады. Оның үстіне қазақы тәрбиеде өскен бала ретінде қара шаңыраққа ие болып қалуды жөн санадым. Қазір біреуден кейін, біреуден ілгері күн кешіп жатырмыз. Осы күніме "Тәубе" айтамын. Қолымнан келгенше жұртқа жақсылық жасауға, кейінгі бауырларымызға үлгі болуға тырысамын. Жас кезіміздегі "бақсылықтың" барлығын артқа тастадық қой. Жасымызға лайықты тірлік істеп, ел-жұртқа пайда әкелудің қамына кірісіп кеттік" дейді "Жақсы Жәнібек".  

Мінекей, арамызда осындай кең жүректі, құрыш білекті азаматтар өмір сүріп жатыр. Өмір деген теңізде өз кемесінің бағытын дәл таба білген бұндай жігіттерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға