Жаңалықтар

«Үркер» сыйлығына өтініштерді қабылдау жалғасуда

Бақ шаба ма, бап шаба ма ?
«Үркер» сыйлығына өтініштерді қабылдау жалғасуда
18.05.2017 18:20 4363

Журналистерге арналған «Үркер-2017» Ұлттық сыйлығына өтініштер қабылдау басталғанын хабарлаған болатынбыз. Байқауға қатысуға ниет білдірген үміткерлердің жұмыстарын қабылдау жалғасуда. Баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер-2017» Ұлттық сыйлығы 15 номинация бойынша өтеді.

Қазіргі уақытта баспасөз, радио және интернет-журналистика бағытында қалам тербеп жүрген қауымға арналған мәртебелі сыйлыққа қатысуға 70-тен аса өтініш келіп түсті. Үміткерлер әсіресе «Үздік сұхбат», «Үздік фотосурет», «Үздік репортаж» аталымдары бойынша бақтарын сынап көруге пейілді. Өтініштерін тек жеке авторлар ғана емес, шығармашылық ұжымдары да жолдап отыр. Бұл тұрғыда Қостанай, Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы әріптестер мен ұжымдардың белсенділігін атап өткеніміз ләзім.   

Өтініштерді қабылдау 2017 жылдың 7 маусымына дейін жалғасатынын естеріңізге сала кетейік. Қажетті құжаттарды http://urker-2017.el.kz/ сайтына жолдай аласыздар. Баспасөз бен интернет-басылымдарда жарияланып, радиохабар дайындап жүрген әрбір журналист пен шығармашылық ұжым конкурсқа қатысып, «Үркер» сыйлығын ұтып ала алады. Үміткерлер ұсынған материалдарды кәсіби журналистер мен танымал тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлерінен құралған   қазылар алқасы сараптап, сұрыптайды. 

Лауреаттарды марапаттау рәсімі журналистердің кәсіби мерекесі – 28 маусым күні Елордамыз Астанадағы әсем ғимараттардың бірінде, салтанатты жағдайда өтеді.

Тағы бір ескерте кететін мәселе, қаламды қару еткен қауымның қажырлы еңбегін ескеріп, атап өту мақсатында жүлде тағайындалғаны туралы Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің Facebook-тегі парақшасында мәлімдеген еді.  

Аталған шараны ұйымдастыруды – «Қазконтент» АҚ қолға алды. Ал, сыйлықтың құрылтайшысы - Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі. 

«Үркер-2017» байқауының негізгі мақсаты – еліміздегі дарынды, қарымды журналистер   мен сапалы медиа-жобаларды анықтап, марапаттау.

Бағыңызды сынап көріңіз, әріптес!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға